23 Маусым, 2010

20 МЫҢҒА КӨБЕЙЕМІЗ

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жа­нын­дағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Комиссия отырысында Елба­сы­ның атына біздің еліміздің аза­маты болуға өтініш берген 20 мың адамның құжаттары қарал­ды. Тиісті Жарлыққа Елбасы қол қой­ған­нан кейін Қазақ елінің азамат­тары атанатын бұл жан­дар­дың дені қазақ болғанымен, алыс-жа­қын шет елдерден келген басқа ұлт өкілдері де баршылық көрінеді. Егер де тәуелсіздік алған 19 жылдың ішіндегі еліміздің демо­гра­фиялық дамуына көз салсақ, алға­шында Қазақстаннан басқа елдерге қоныс аударушылар санының басым екендігін байқар едік. Бірте-бірте бұл теріс сальдо оңға ауысты. Жыл өткен сайын еліміздің азамат­тығын алуға құлшыныс білдірген­дердің саны арта түсуде. Егемендік алғалы 600 мыңнан астам адам Қазақ­стан азаматтығын қабылдаған және оның ең көп бөлігі соңғы жылдардың еншісіне тиеді. Мәжілісті ашқан Қанат Сау­да­баев: “Бүгінгі отырыстың еліміз­дің тарихындағы айрықша күн – тәуел­­сіз Қазақстан елор­да­сының күні қарсаңында өтуі­нің маңызы ерекше. Астана да­мы­ған орталық болып қана қоймай, сонымен бірге, қазіргі заманғы зор урбанистік жобалар­дың бірі ретінде егемен Қазақ­станның үлкен әлеуетін көр­сетуде. Бүгін біздің азаматты­ғы­мызды алуға және қазақстандық болуға ынта білдіріп отырған 20 мыңнан аса адамның өтініштерін қарастыруымыз да осының дәлелі болып табылады”, – деді. Қ.Саудабаев сондай-ақ Қазақ­станның азаматы болуға әртүрлі елдерден талпынушы адамдар санының өсуі Ұлт Көшбасшысы деп танылған Нұрсұлтан Назар­баев­тың басшылығымен тәуелсіз­дік алған жылдардан бері Қазақ­станның әлеуметтік-экономика­лық және қоғамдық-саяси жетіс­тік­­те­рі­нің жоғары дәрежеде ха­лықаралық мойындалуының дәлелі екендігін атап көрсетті. Және де мереке қар­саңында аза­мат­тық алайын деп отырған жан­дар­ға бақыт, аман­дық, же­місті өмір және табыс ті­ле­ді. Ен­дігі міндет – жауапты мем­­ле­кет­тік органдардың олардың жаңа­дан тапқан отандарында тезірек бейім­делуін жылдам және жауап­кер­ші­лікпен шешуі қажет, деді отырысты қортындылай келіп сырты саясат ведомствосының басшысы. Сонымен, ел азаматтары тағы 20 мыңға өсті. Көбеймесек көсегеміздің көгермейтіні анық қой. Ендеше, өсіп, өне берейік. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.