Сұхбат • 07 Қараша, 2024

«Құмар ойын құрдымға құлатады» - Болат Сериев

754 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғам жұлынының жегіқұрты – құмар ойынға тәуелділік. Адамды кісілік биігінен кісәпірлік тұйығына әкеліп тірейтін рухани дерт тұтас мемлекеттің де іргесін ірітетін қауқарға ие. Сол себепті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияны «бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер» деп бағалап, бұл мәселені жұрт болып жұмылып  шешуге шақырған болатын. Осы орайда қоғамның негізгі қозғаушы күші –жастардың арасында құмар ойынға қарсы күрестің қалай жүзеге асып жатқанын білу үшін І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериевпен арнайы сұхбаттастық.

«Құмар ойын құрдымға құлатады» - Болат Сериев

– Ең әуелі құмар ойынның құрығына түскен жандардың қандай белгілері бірінші байқалады?

 Құмар ойынға салынған адам еш нәрсеге қызығушылық танытпайды. Сезімге селқос, тірлікке самарқау қарайды. Артынша күйзеліске түсіп, қоғамнан оқшауланады, өзгелермен байланыс орнату, яғни тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоғалтады. Ағайын-туысымен, достарымен қарым-қатынасы бұзылады. Жұмыстан айырылады, қызметте мансаптық көтерілуі мүмкін болмайды, күрделі қаржылық мәселелерге тап болады. Мұндай мінез-құлық лудоманияның ең басты белгісі. Ал ойынның нақ қызған шағына келген кезде, ол барлығын ұмытады,тіпті өзін де. Егер жеңіліс тапса, келесі ретте міндетті түрде жеңемін деген үміт санасын арбайды. Ең ауыры, бұл дерт азаматтық жауапкершіліктен мақұрым қылады. Отбасының сенімін аяққа таптады.

– Лудоманның тәні мен жан саулығы қай деңгейде болады?

 Лудомания шалдыққандар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдын айырылып, күйзеліске түседі. Тамақтану уақыты бұзылады, күн мен түннің орыны ауысады. Олар өз-өзіне қарауды тоқтатады, дұрыс тамақтанбайды, аз ұйықтайды, дене белсенділігінен бас тартады, спортпен шұғылданбайды. Сонымен қатар үнемі стрессте жүреді. Әлеуметтік психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, лудоманияда өзіне-өзі қол жұмсау қаупі жоғары. Мамандардан көмек сұрап келген адамдардың үштен бірі өзін-өзі өлтіруге тырысқанын немесе сондай ойда болғанын мойындаған.

– Ондай жағдайда адам қалай емделу керек?

 Адам лудоманиядан зардап шеккенін мойындамайынша  оны жеңе алмайды. Әуелі өзі ниет білдірмей ол адамды емдеу мүмкін емес. Ал құмар ойыннан бас тарту үдерісі әрқашан ауыр. Бұл жолдан өту үшін адамда нақты мақсат болу керек. Өмір ең маңызды құндылықтары - отбасын сақтап қалу, өтірік айтпау,  достықты құрметтеу, абыройды сақтау жолында әрекет ету керек.

Өзіңізге сенімсіз болсаңыз ақша ұстамаңыз,  сенімді адамға беріп қойыңыз. Несиелік картаны жабыңыз, бұғаттаңыз, онлайн ставкалардың шоттарын жабыңыз, егер офлайн ойнасаңыз, қолма-қол ақшаны сақтамауға тырысыңыз. Осылайша  ойындарға қол жетімділікті қиындатыңыз. Әйтпесе құмар ойын құрдымға құлатуы бек мүмкін. Мүмкіндігінше адреналин сыйлайтын спорт түрлері – тау шаңғысы, тау велосипеді және тағы да басқа спорт секцияларына қатысыңыз. Егер ойын ойнау шаршағаныңызды басатын  болса, оны да басқа хобби арқылы алмастыруға болады.  Сіз балалық шағыңызда,  жасөспірім кезіңізде  не қызықтырғанын еске алыңыз, оны қайталап көріңіз, сізге ұнайтын нәрселер табылады. Тіпті болмаса, үйді күн сайын жинаңыз, егер жер үйде тұрсаңыз аула тазалап, бау-бақшаға күтім жасау,  арам шөптерін жұлу, суғару, түптеу де  сайып келгенде – дене шынықтыру. Сөйтіп ойынды кейінге қалдырыңыз, осылайша санаңызды торлған ойын бірте-бірте маңыздылығын жоғалта береді.

– Егер жақындарымыз құмар ойынның құрбанына айналып бара жатқанын сезсек, оған қалай әсер ете аламыз?

– Лудоманиядан зардап шегетін жақындарыңызбен қарым-қатынас жасай отырып, оны айыптамауға тырысу керек. Кейде лудомания құрбаны  өз іс- әрекеттеріне толық жауап бере алмайды.  Сондақтан құмар ойынға тәуелділікке қарсы тұру өте қиын болады. Бұл ретте тәуелділікті жасырудың қажеттілігі жоқ.  Ойындарға ақша беріп, қарыздардын  жапсаңыз, керісінше жағдайды қиындатасыз. Оның орнына оны кәсіби көмекке жүгінуге көндіріңіз. Құмар ойынға тәуелділіктен арылу ұзақ уақытты қажет етеді, сондықтан тез нәтиже күтудің қажеті жоқ.

– Сіздің ұжымда лудоманияның алдын-алу шаралары қалай жүзеге асып жатыр?

– Елімізде лудоманиямен күрес жүргізуге сәйкес бірқатар жаңа шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Тиісті заңнамаға түзетулер енгізілді. Соның аясында құмар ойынға қарсы күреске бағытталған тиісті нормалар әзірленді. Қазір оң нәтижелер де жоқ емес. Қоғамдық орындарда букмекерлік кеңселерді, тотализаторлар мен онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салынды. Біздің І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне келетін болсақ, жақында жастар лудоманиясынмен күресу жобасын даярлап мемлекет тарапынан грант тапсырылды. Жоба жетекшісі – университет ректоры Ермек Бөрібаев. Қазір университет ғалымдарымен тізе қозып құмар ойынның себебі мен салдары, онымен күресудің тиімді әдістері тақырыбында ұжымдық монография дайындалып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абзал МАҚАШ,

«Egemen Qazaqstan»