Қоғам • 08 Қараша, 2024

Көне мұра маманы

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұйымдастыруымен «Тұлға және тұлға тағылымы» атты мәдени шығар­машы­лық кеш өтті. Оған кәсіби тарихшылар, музей мамандары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Көне мұра маманы

«Бұл шара Мәдениет са­ла­сының үздігі, Қазақ­стан­ның құрметті журналисі, зерт­теуші, өлкетанушы Мұ­ха­медқали Бай­мұхановтың 80 жас мерейіне байла­ныс­ты өткізіліп отыр», дей­ді ұй­ым­дасты­рушылар. Осын­да­ғы мерейлі кеш иесінің кім еке­ніне тоқталар болсақ, бұл кісі ұзақ жыл қазақ жур­на­лис­тикасының отымен кі­ріп, күлімен шыққан.

«Байырғы журналист зейнетке шыққан соң Қол­жаз­балар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қо­рын­да сақтаулы тұрған көне жазба мұраларды зерттеп, оны қазақ тіліне аударып, ғы­лыми айналымға енгізу үшін қажырлы еңбек жасап жүр», дейді мекеме басшысы Жан­дос Бекділдәұлы.

Сексеннің сеңгіріне шы­ғып отырған көне жазбалар маманы М.Баймұханов араб гра­фикасын, шағатай һәм жә­дит емлесін және төте жа­зуды жасында өз бетімен үй­ренген. Өзінің айтуынша, ұстаз алдын көрмеген. Бірақ қазіргі таңда Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлт­тық орталық қорында тұр­ған көне мұ­ра­ларды ұршықша иіріп жүр.

Атап айтар болсақ, Қа­дыр­ғали бек Жалайыридің шежірелер жинағын ауда­рып, оны құнды тарихи мә­ліметтермен толық­ты­рып, Қожа Ахмет Ясауи­дің 1912 жылы Қазанда ба­сылған «Диуани хикмет» кітабын қазақ тіліне аударып, үзінділер жариялаған, 1908 жылы Орынборда «Шо­ра» журналында  жария­ланған Шыңғыс ханға қатыс­ты деректерді қа­зақша сөй­летіпті.

Сондай-ақ көне мұра маманы «Ар­хив-2025» жобасы аясында Ыстанбұлға барған сапарында Ал­тай­дан – Анадолыға жеткен қазақ кө­шінің куәгері Зейнел Сүрмелінің төте әліп­бимен жазылған өлеңдері мен хаттарын қазіргі қазақ жазуына көшірсе, араб қар­пімен теріліп, жеке қолда сақталған қис­салар, билердің сөзі, фольклорлық жыр нұс­қа­ларын қазақ әрпіне көшіріп, оны «Ауыз әдебие­тінің үлгілері» деген атпен жинақ етіп шы­ғарыпты. Ол қазіргі таңда мекеме қыз­меткерлеріне көне жазбаларды оқу әдіс­темесі туралы дәріс оқып жүр.