Таным • 08 Қараша, 2024

Ғалам ғажаптары: Ең маңызды күн

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күні бүкіл ел 24 сағат бойы үн­сіздік сақтайды. Елестетіп кө­ріңізші, бір күн бойы бүтін бір мем­лекет тып-тыныш. Бұл – оқу­шылардың емтихан тапсыруына жасалған ерекше жағдай.

Ғалам ғажаптары: Ең маңызды күн

Әңгіме оңтүстіккореялықтардың өмі­ріндегі ең маңызды сынақ – сунын туралы. Бұл – жүздеген мың студенттің болашағын шешетін ұлттық университетке қабылдау емтиханы. Емтихан күні тестілеу орталықтары орналасқан аудандарда жолдар жабылады, музыка қосуға, жөндеу жұмысын жүргізуге, шу шығаруға тыйы­м салынады. Елде тіпті, ұшақ рейстері мен құрылыс жұмыстары да тоқтайды. Мұның бәрі тыныштықты бұзбау мақсатында жасалады. Оқушылардың емтиханға кешікпеуі үшін қызметкерлердің жұмыс күні бір сағатқа кеш басталады. Өйткені жолда кептеліс болмауы қажет. Бұл емтиханның маңыздылығы соншалық, ата-аналар балаларын сынаққа балабақша кезінен бастап дайындайды.

 

Жасанды интеллект басқаратын зауыт

пр

Қытайда жасанды интеллектімен басқарылатын алғашқы зауыт іске қосылды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын адамның орнын робот басады деген сөз қиял секілді көрінген болса, бүгінде ол шындыққа айналды. Зауыт ашсаң да қаптаған жұмысшы іздеп әуреленбейсің. «Changan» мен «Huawei» компаниялары бірігіп негізін қалаған кәсіпорынның өндірісін бір ғана компьютер басқарады. Онда 1 400 робот, 650 автономды көлік, 200-ден астам өздігінен басқарылатын станса бар. Бұл жүйе сұранысқа сай автокөліктерді құрастырып береді. Зауыт тұтынушыдан автокөліктің моделін, түсін және басқа да параметрлерін нақтылап алғаннан кейін осы мәліметтерге сүйене отырып, барлығын автоматты істей береді.

 

Ерекше жұмыс

ап

Екі рет шам ауыстырып, 300 мың доллар табуға болады. Осындай жоғары жалақыға қарамастан, бұл жұмысқа қызығушылар аз. Өйткені өміріңді қауіпке тігу керек.

Маманның міндеті – биіктігі 600 метр­ден асатын мұнараға шығып шамды ауыс­тыру. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, олай емес. Мұнара биіктеген сайын оның тіректері жіңішкере түседі. Құлап кетсең, аман қалуың екіталай. Мұнараға көтерілу мен одан түсу кемінде 6 сағат уақытты алады. Ал оның ұшар басындағы желдің жылдамдығы сағатына 100 шақырымға дейін жетеді. Сондықтан жұмысты орындайтын адам биіктіктен қорықпау керек. Сонымен қатар мықты физикалық дайындық қажет.