Әлем • 08 Қараша, 2024

Қала күнін тойлау мәдениеті

53 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде кең таралған әрі үрдістен түспейтін «қала күнін тойлау» деген мәдени іс-шара бар. 20 өңірдің барлығы да өз қаласының туған күнін атаусыз қалдырмайды.

Қала күнін тойлау мәдениеті

Мәселен, биыл Талды­қорған қаласының қала болғанына 80 жыл толыпты. Қала әкімдігінің сайтында 9 қыркүйекте жария­лан­ған ақпаратқа көз салсақ, Өңір­лік коммуникациялар қыз­метінде қала күнін тойлау мә­се­лесіне арналған брифинг өткен. Онда Талдықорған қаласы әкі­мі­нің орынбасары Жеңіс Анда­беков қала күнін тойлау бір айға жалғасып, қыркүйектің 28-іне дейін атап өтілетінін айтады. «Мен Талдықорғандықпын» ұранымен өткізілетін іс-шара қала тұрғындарының есінде қа­латындай өтетініне сенімдіміз. Айта кетейік, «Жастар» саяба­ғы­ның бас сахнасында «Қалаға сыйлық» атты 80 жұптың вальсі, қазақ эстрада жұлдыздары «Kali­farniya», «Say Mo», «Um­berto» келіп өнер көрсетіп, соңы мерекелік от шашумен аяқ­талмақ», деп мә­лімдеген шенеунік. Әкімдік қызметкері бұл іс-шараның бюд­жетін жарияламаса да, жобалап сезіп отырмыз.

Ал енді өзіміз куә болған Ұлы­британияның дәл осы Тал­ды­қорған қаласы секілді Ланкастер қаласының туған күні қалай атап өтілгенін айтайық.

1193 жылы 12 маусымда Лан­кастер қаласы ірге көтеріп, жар­ғыға қол қойылған. Осы жылдың 12 маусымында қала орталы­­ғын­да қала күніне орай 1 сағатқа жетер-жетпес уақытқа созылған іс-шара өтті. Қалалық мұражай алдында Жарғы түпнұсқасын және қала тарихын екі кісі оқып берді. Сол заман уақытына сай киінген. Орталықта шаруаларымен жүрген халық жинала қойып, екеуінің сөзін мұқият тыңдап, қол шапалақтады. Сөз соңын біріншісі «Love Lancaster», екіншісі «God Save the King» (Жаратқан басшымызды сақтай гөр) деп аяқтады. Тұрғындар тарихқа, қалаға құрмет танытты. Фотоға түсіп, тарасты. 800 жылдан аса тарихы бар Ланкастер қаласының туған күні осылай өтті. Қала күнін атап өтуге қы­руар ақша шашып дүрліккен жоқ. Бірақ Корольға және туған қаласына деген сүйіспеншілік ерекше. Кішкене ғана іс-шарада қандай мәдениет пен құрмет жатыр.

Ағылшындардың неге бай екенін енді түсінгендейміз. Қа­ланың тарихына, жалпы та­рих­қа деген құрметі зор. Тарихи ғимараттарды, тау-тасты көз­дің қарашығындай қорғайды. Құла­йын деп тұрған ескі үйді жөндеп әлек. Бір кірпіші құ­ласа, оны қай­та қалайды. Бір­неше ғасыр бұрынғы бекі­ніс­тері сол қалпында тұр. Үкі­мет тарихқа ақша аямайды. Бол­ма­са, жергілікті халық асар­латып, ақша жинайды. Қайы­рым­дылық іс-шараларын жиі өт­кізеді. Бәрі өздері үшін. Тарихы терең елге турист те көп келеді. Мәселен, Стоунхендж (Stonehenge) деген тарихи жері бар. Лондоннан 130 шақырымдай жерде орналасқан. Турист көп барады. Тарихын тартымды етіп жазған. Барғың кеп тұрады. Бірақ тастан басқа ештеңе жоқ. Барғандар «Осы ма Стоунхенджі» деп жатады. Қысқасы, жарнамасы керемет, сервисі сапалы. Туризм енді бұл – басқа мәселе.

Нағыз мәдениеттің үлгісін көрсететін, қалыптастыратын бұқаралық іс-шара «Қала күні» бізде той тойлап, думандат­қан форматта өтеді. Әншілерді шақыру, от шашу, «Қаланың құрметті азаматын» таңдап, марапаттау. Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізіп, думанда­тып жүргеніміз. Оның бізге берері аз, әрине. Би билеп, ән шырқап жүргенімізде сол қаланың тари­хынан хабардар болып, құн­дылығын сақтауға да құлықты емеспіз. Өйткені ойын-сауық құрудан қол босамай, миымыз да ақпарат қабылдағысы келмей тұрады.

Сауық-сайранмен думандатып өткен іс-шаралар мәдениет қалыптастырудың ортасы емес екені белгілі. Бұқаралық іс-шаралар мәдени сипатта өткізілуі керек. Халық тойды онсыз да өздері өткізеді. Қала күнін бір ай тойлаудың маңызы қандай екенін әкімдік саралап, дамыған елдерден үлгі алса, қаржы халықтың өзге мұқтажына жұмсалар еді.