Айбын • 08 Қараша, 2024

Спортты серік еткен Саян

635 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шекара шебінде қызмет ету – жоғары жауапкершілік. Әсіресе геосаяси ахуал күн са­йын қиындап, қылмыс­кер­лер­­дің көші жиілеп тұрған тұ­с­­­та қылт еткен қимыл-қоз­­ғалыс күдік пен секем ту­­ғызады. Мұндай сәтте елге төнетін қауіппен ең ал­ғаш болып бетпе-бет ке­ле­тін шекарашылардың сын­ сағат­та ақыл-ойы мен фи­зи­калық да­йын­дығы сыр бер­мегені абзал.

Спортты серік еткен Саян

Ата-бабадан қалған жерді кірпік іл­мей күзету – үлкен абырой. Шекара қыз­метінің аптап ыстық пен аңы­раған желдің өтінде жүретін жа­уынгерлері әрбір бұтаның қалқасы, тау­дың аңғары, өзен сағасы, жол­дың бұлтарысы мен сайдың қал­та­рысындағы тыныштыққа жауапты. Сондықтан арнаулы қызмет сар­баздарының шымыр болуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл орайда ҰҚК Шекара қызметі «Боран» арнаулы мақсаттағы бөлімшенің спорт жаттықтырушысы Саян Нұрышевтің еңбегі ерекше.

Бала күнінен спортқа жақын өскен Саян үшін сарбаздарды спортқа баулу – табиғатына жақын әрі сүйікті жұмысы. Өзінің айтуынша, бұл салаға осыдан 25 жыл бұрын Отан алдындағы міндетін атқаруға келіп, содан бері әскери өмірмен тағдырын байланыстыруға шешім қабылдайды.

«Әскерге дейін әртүрлі спортпен шұғылдандым. Соның ішінде волейбол, футбол, күрес, бокс секілді спорт түрлерімен ұдайы жаттығып жүр­дім. Әскерге дайын спортшы­ ретінде келдім десем болатын шы­ғар. Басында Алматыдағы әскери бөлімшеде жарты жыл жаттығуда жүріп, кейін Үшаралдағы шекара бөлімшесіне ауыстырылдым. Сол жерде дене дайындығының бастығы қабілетімді байқап, әртүрлі жарыстарға қатыстыра бастады. Басында қоян-қолтық ұрысқа қатысып, үшінші орын алып келдім. Кейін де жеңіл атлетика, әртүрлі футбол, волейбол, үстел теннисінен жарыстарға қатысып жүрдім. Жеңіс те, жеңіліс те болды. Екі жылдан соң міндетті әскери қызметім аяқталатын кезде әскери басшылықтан осы салада қалуға ұсыныс түсті. Жүрек қалауым осы жерге бұрып тұрға­нын түсініп, келісім бердім. Бұл шешімім ешқашан өкіндірген емес. Бізде жылына тоғыз түрлі спорттан ұдайы жарыс болады. Бұрын жарысқа өзім қатыссам, қазір жат­тықтырушымын», дейді ол.

Содан бері С.Нұрышев ел ішіндегі емес, шекарашылар арасында өтетін халықаралық жарыстарда да бақ сынап, жүлделі орынмен келген күндері көп. Осы жылдарда Ресей, Украина, Беларусь, Қытай, Өзбекстан мемлекеттеріндегі спорттық жарыстарда көк туымызды желбіретіп, қазақ әскерінің айбынын асқақтатуға үлес қосып келеді.

«Жеңіс оңай келмейді. Олжалы болу үшін көп еңбек етіп, тер төгу керек. Бірде Қостанайда ҰҚК арасында спартакиада өтіп, финалда қолымнан жарақат алып, екінші орынға табан тіредім. Араға бір ай салып екінші жарыс болды. Қолым толық жазылмай жатып жарыс алаңына шықтым. Бастапқыда ауы­рып тұрған қолыммен жеңіске жету қиын секілді көрінді. Бірақ есемді қайтардым. Тағы бір жолы сарбаз болып жүргенде қару атудан жарыс өтті. Нысанаға көздеп атудан бірнеше рет мүлт кеттім. Жаттықтырушымның маған деген сенімін ақтай алмағаныма қатты ұялдым. Сол күні түнімен көз ілмей шыққан шығармын. Таңғы бестен тұрып келесі кедергіден өту жарысына дайындалдым. Сағат тоғызда старт болу керек. Таңертең жаттықтырушы мені орнымнан таппай қалады. Сондағы бірінші ойы­на келгені «өз еркімен бөлімшені тастап қашып кетті» болған ғой. Ал сыртқа шықса мен жарысқа сақа­дай сай тұрғанымды көріп қатқан қа­зықтай сілейіп тұрып қалды. Сол жарыста спорттың үш түрінен же­ңімпаз атанғаным есімде», дейді ол.

Өмір болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүруі – заңдылық. Спортта да бап пен бақтың үнемі үйлесім таба бермейтіні тағы бар. Бірақ Саянды жеңіліс жігерлендіріп, әділетсіз шешім шешуші сәтте күш беретіндей. Себебі оның қабілет-қарымына күдік артып, жарыс жолынан себепсіз шығарып салған сәттерде спортқа деген адалдығы үнемі алға сүйрейтінін айтады. Мәселен, футболдан құрама мүшелігіне өткізбей, жігерін жасытқысы келгендер де спортшының сағын сындыра алмаған секілді. Бір жолы күштік құрылым арасында футболдан жарыс өтіп, Саян қосалқы құрамға алынады. Командаластары қарсыластары­нан ұпаймен жеңіліс тауып жатады. Жаттықтырушы шаршаған спортшының орнына алаңға оны жібереді.

«Бабым келісті ме, бағым жанды ма білмеймін, командаластарымның есебіне екі гол салып, жеңіс туының желбіреуіне себепші болғаным бар. «Динамоның» футбол командалары арасында өткен жарыста 16 гол салып, «Үздік ойыншы» да атандым. Ал қазір арнаулы мақсаттағы басқармада шәкірт тәрбиелеп, әртүрлі жарыстарға қатыстырып жүрміз. Шекарашы үшін спорт тек ойын емес, күнделікті жаттығуға айналу керек. Өйткені қауіптің алдын алу үшін дене дайындығы мығым болғаны дұрыс. Әсіресе күштік құрылымның ішіндегі арнаулы мақсаттағы бөлімшеге артылар жүк екі есе», дейді Саян Серікұлы.

Сенім мен жігер, еңбек пен құл­шыныс арқылы спортшы жеткен жетістік жетерлік. Соның ішін­де Өзбекстанның 5 дүркін чемпионы, екі дүркін Олимпиада ойын­дарының чемпионы, қоян-қол­тық ұрыстан ТМД-ның бірнеше дүр­кін жеңімпазы, Одессадағы халық­аралық турнирдің жүлдегері секіл­ді марапаттарын ерекше айтып өт­кен абзал. Бұл ғана емес, Саян – «Әскер» футбол клубының негізін қалаушысы.

Қоян-қолтық ұрыс, әскери триатлон, оқ атудың үш түрінен спорт шебері атанған ол – Отанына берік, антына адал, отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Өмірлік жары да Шекара қызметінде ел тыныштығы күзетінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, тұңғышы Әлібек те спортқа әуес. Анасы мен әкесінен көргені көп бала кішкентай күнінен таңмен таласа әскери дабыл соғыл­ғанда сарбаз болып, түрлі жарысқа да ілесе барады екен. Биыл ата-анасының жолын жалғауды мақ­сат тұтқан ұлы да 8-сыныптан соң «Арыстан» мектебіне оқуға түскен. Ұлының таңдауын әкесі де әрқа­шан қолдайтынын айтады. Өйткені Отанды қорғау – ер жігіт үшін қасиетті парыз, қастерлі борыш.