Айталық, биыл жыл басынан қараша айына дейін Астана, Алматы қалаларында аталған қызмет 157,9 мың рет көрсетіліпті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Себебі салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр жыл қорытындысы бойынша аталған қызмет түрі 53,9 мың рет көрсетілген екен.
Инватакси қызметінің сапасы мен қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қызмет түрін жетілдіру, түрлі өзгеріс енгізуге қатысты тың шешімдер қабылдап отырады. Мысалы, мүгедектігі бар тұрғын енді инватакси қызметіне күні бұрын, телефон арқылы жазыла алады. Бұл ерекше қабілетті азаматтардың сапарын алдын ала жоспарлауға, көлікті көп күтіп қалмауға мүмкіндік береді.
Өңірлерде инватакси қызметін ұсынатын көлік құралдарының аздығы, басқа да мәселелер жетіп-артылады. Қуантарлығы, осы мәселелерді жеңілдету, шешу мақсатында қызмет көрсетуге сұраныс алған такси агрегаторларын тарту жөнінде қанатқақты жоба басталды. Мұндағы басты шарт – сапар ақысында пайыздың болмауы. Ол пайыздар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылады. Мұның барлығын елеп-ескерген «Яндекс» компаниясының қанатқақты жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдіргені – құптарлық шешім.
Түсінікті етіп айтар болсақ, қанатқақты жоба шеңберінде енді ел азаматтары «Яндекс Go» мобильді қосымшасы арқылы инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызмет алушыға көлікті тезірек таңдауға, онлайн режімде тапсырыс мәртебесін қадағалауға, сапарға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылған. Ал жүргізушілер болса, ерекше қабілетті жолаушыны көлікке отырғызу, одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатыны туралы арнайы нұсқау алады.
Қанатқақты жобаның алғашқы кезеңіне Астана, Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдар тобы қатысады. Келешекте ерекше қабілетті адамдарға қызмет көрсетудің жаңа форматын елдің барлық өңіріне жеткізу министрлікпен қоса, компания басшылығының жоспарында бар.