Ғылым • 08 Қараша, 2024

Жас ғалымдар клубының айрықша бастамасы

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңей­тіл­ген отырысы өтті. Жиында жаңадан құрылған Жас ғалымдар клубының жобалары мен ғылыми сарапшылық кеңес мүше­лері­нің ротациясы мәселелері талқыланды.

Жас ғалымдар клубының айрықша бастамасы

Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова, Қазақстан қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары PhD Олжас Бейсенбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, әлеумет­танушы Эльмира Отар,  әлеуметтану ғылым­дары­ның докторы, Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова, ҚХА Ғылы­ми-сарапшылық кеңесінің және өңірлік Ғылыми-сарапшылық топтардың мүшелері қатысты.

Басқосуда алдымен сөз алған Марат Әзілханов жас ғалымдардың этносаралық келісімді нығайтудағы және Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық әлеуетін дамытудағы маңызды рөліне тоқталды. Сонымен бірге спикерлер Олжас Бейсенбаев, Эльмира Отар және Айгүл Забирова этносаралық қатынастардың өзекті мәселелерін зерттеуге, жастар арасында құндылық бағдарларын қалыптастыруға бағытталған Жас ғалымдар клубының жобаларын таныстырды.

Олжас Бейсенбаев Жас ғалымдар клу­бы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлі­гін нығайтуға септігін тигізетін ғылыми жобалар бо­йынша пікір алмасу және ынтымақтастық алаңына айналатынын атап өтті. Үміткерлер санатына басқа гранттарға қатыспайтын және мате­риалдық ынталандыруды қажет ететін ғылыми зерт­т­еу институттары мен жоғары оқу орында­рын­­да қызмет атқаратын ғалымдар кіретінін айтты.

Ал әлеуметтанушы Эльмира Отар ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізудің маңызын атап өтіп, кешенді зерттеулер жастар арасында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың тиімді тәсілін әзірлеуге көмектесетінін жеткізді. Сондай-ақ  клуб жұмысы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі этносаяси және мәдениетаралық үдерістердің дамуына үлес қосатын жас зерттеушілермен байланыс орнатуына ықпал етеді. Айгүл Забирова Қазақстан жастарының құндылықтары, қазіргі кезеңдегі елдегі азаматтық қоғамның даму үрдістері мен үдеріс мәселелерін көтерді. Со­нымен қатар отырыс барысында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелерінің ротациясы мәселелерін де талқылады. Жиынға қатысушылар кеңестің тиімділігін арттыру, қазіргі заманғы сын-қатерлерге бейімделу үшін оның құрамын жаңартудың қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді. Отырыс қорытындысында ұсынылған жобаларды іске асыру бойынша нақты қадамдар белгіленді.