Ғылым • 08 Қараша, 2024

«Scopus» ғылым дамуына қаншалықты әсер етеді?

132 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында ой-санасының озық қуатымен әлемдік ғылымға, экономикаға өлшеусіз үлес қосып отырған Илон Маск екі жаңа өнімін жұртшылыққа таныстырды. Біріншісі – жүргізушісіз жаңа тұрпатты көлік, екіншісі – бәрін істеуге дайын робот. Осыны көріп «біздің ғылым қай деңгейде?» деген үлкен сауалдың тұңғиығына шырмалып қаласың.

«Scopus» ғылым дамуына қаншалықты әсер етеді?

«Scopus»-қа мақалаң шықты ма, индекс хиршаң өсті ме?». Бұл сөз қазір ғылыми бағытта жүргендердің арасында жиі айтылады. Докторлық оқудағы ғалымдармен сөйлесе қалсаңыз, «Scopus-қа мақала жазып жатырмын, қиын екен» дегенді де анда-санда естиміз. Ғылым даму үшін елдегі ғылым саласында жүргендерге шетелдік ғылыми журналдарда мақала жариялау керек деген шарт бар. Біз осы шарттың дұрыс-бұрысын білейік деген оймен емес, жалпы шетелдік журналдарда ғылыми мақала жариялаудың еліміздің ғылым саласына қандай пайдасын тигізеді деген оймен ізденіп көрдік.  

«Қазіргі ғылымның деңгейі, ға­лымның ғылыми әлеуетінің ең басты өлшемі – ғалымның «Scopus»  базасына енген басылымдарда жарияланған еңбектері. Ғалымдардың ғылымға қосқан үлесі сол еңбектеріне шетелдік ғалымдардың  жасаған сілтемелер санымен өлшенеді.  Егер қандай да бір ғылыми атақ алғыңыз келсе, ғылыми дәреже иеленгіңіз келсе, жобамен айналысқыңыз келсе, осыған сіздің де бейімделіп, осы талапты орындаудан басқа амалыңыз жоқ.

Ал енді осы «Scopus» жоғарыда аталған ғылыми атақ дәрежеден бөлек бізге не береді? «Scopus» базасындағы басылымдарға әлемнің әр түкпірінен ғалымдар ғылымның барлық саласы бойынша өз зерттеулерін жариялай алады. Демек, сіздің мұндай басылымдарда жарияланған еңбектеріңіз отандық ғылым кеңістігінен шығып, әлемдік ғылымға жалғанады. Сіздің Алматыда отырып жазған мақалаңызды Американың не Канаданың бір ғалымы оқып, өзінің бір еңбегінде пайдаланып, оған сілтеме жасайтын болады. Жаһандану заманында бұл қалыпты құбылысқа айналуға тиіс. Мұның негізгі себебі, көпшілігіміз мақаланы ағылшын тілінде жаза алмаймыз. Ағылшын ті­лін академиялық деңгейде меңгерме­ген соң, амалсыздан сол тілде жазып, мақала жариялап беретін компаниялар­дың не жеке адамдардың қызметіне жүгінеміз. Соның салдарынан кейде сапасыз журналға шығарып, олардың «Scopus»  базасынан түсіп қалуы немесе  берген компаниялардың ақшаны алған соң жоғалып кетуі секілді түрлі жағдайлардың орын алуы – «Осы Scopus деген бәле болды?» дегенге алып келеді. Сонымен қатар қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақстан тарихы сынды кейбір ұлттық мәселемізді өзімізден артық түсінбейтін салалар бар. Бұл саланың тек өзі бойын­ша скопусқа мақала жария­лаудың өзіндік қиындықтары барын айта кеткен жөн. Сондықтан «Scopus» база­сында­ғы басылымдарға мақала жариялау – ғалымның өз шешімі, ғалым ретіндегі өз қалауы болуға тиіс. Ал ғалымның барлық жолын тек «Scopus»-қа байлау, оны міндеттеу, одан өзге еңбегін елемеу – ғылымды өркендететін жол емес», дейді SDU университетінің профессоры Баян Керімбекова. 

Біздің ойымызша, «Scopus» журналдар ең алдымен, келіп түскен мақа­лалардың құндылығына, тақыры­бының өзектілігіне және әлемдік ғылыми салаға қаншалықты үлес қоса алады деген шарттарға негізде­ле­ді. Ал осы шарттарды толық орындаған мақалалар журнал бетінде тегін жарияланатынын біздің ғылыми әлем жақсы біледі. Мұндағы тағы бір түйткілді мәселе мақаланың қай ғылыми журналға сәйкес келетініне көз жеткізу болмақ.

Химия ғылымдарының докторы, PhD Жексен Тоқтарбайдың бұл тақырып бойынша айтары көп. «Кейбір ғалымдардың әлемдік ғылыми журналдарда жариялаған мақалаларының саны өте көп. Олар көбінде әріптестік арқылы әр тақырыпта мақалалар жаза береді. Осы арқылы индекс көрсеткі­шін жоғарылатқандар баршылық. Сонымен бірге Нобель сыйлығын алған ғалымдардың «Scopus»-тағы  мақалалар саны аз, индексі де жоғары көрсеткішке ие емес. Бірақ олардың мақалалары күллі әлем бойынша ең көп оқылып, көптеген ғылыми жұмыста сілтеме беріледі. Бұл дегеніміз – олардың жаз­ған мақалалары өте сапалы деген сөз. Оның үстіне, Нобель сыйлығын алған ғалымдар тек бір ба­ғытта ғана мақалалар жазатындықтан, олардың зерттеу бағыттарының аясы тым тар», дейді ол.

Ал еліміздің ғылым саласына келсек, кешегі кеңестік кезеңде білім алып, ғылыми дәрежесін қорғаған ғалымдар «Scopus»-қа қарсы. Себебі олар қазіргі ғылыми өлшемнің бірі болып отырған шетелдік ғылыми журналдарға мақала жариялай алмайды. Ал жасы егде болса да, ғылымға шынайы берілген ғалымда­рымыз бар, олар ғылымдағы шарттардың бәрін орындайды. Қазіргі қазақ ғылымына «Scopus»-та мақалалар жариялау керек емес деуге де болады. Бірақ ғылымның шарттарын басқа немен өлшеуге болады? Осыны ойлануымыз керек.

Қазір біздің ғылым саласы өзгелерден үйрену барысында. Сол үшін бізге шетелдік таңдаулы ғылыми журналдар­да мақалалар жариялау міндетті түрде қажет. Осы арқылы тәжірибе жинап, әлемдік ғылыми майданға ат басын бұрамыз. Шыны керек, «Scopus» шыққалы бері біздің елдің ғылымында аз болса да, ілгерілеушілік бар. Өйткені ғылым саласындағы жастар ең алдымен, шартты орындау үшін, сосын өз бағытында тың нәтижелерге қол жеткізу үшін іздену жолына түседі.

Сайып келгенде, әр заманның, әр елдің ғылымға деген жауапкершілігі мен артар жүгі әртүрлі. Ғылым саласын дамытқысы келген мемлекеттер ең алдымен, сол салаға жүйелі реформа әзірлейтінін шетелдік тәжірибелер көрсетіп берді. Ал одан кейінгі салмақ ғалымдардың өз саласындағы жетістік­терінде екені белгілі. Сол үшін де біздің қазіргі ғылым саласына «Scopus»-қа тың тақырыптағы мақалалар жариялап, отандық ғылымның дамуына сәл де болса серпін беру күн тәртібіндегі міндет болмақ.