Экология • 08 Қараша, 2024

Биыл Балқашқа 13,5 текше шақырым су жіберілген

175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Балқаш көліне Іле өзені арқылы Қапшағай су қоймасынан 13,5 текше шақырым су жіберілді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл Балқашқа 13,5 текше шақырым су жіберілген

фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Нәтижесінде көлдің орташа су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,60 м жетті.

Ведомствоның хабарлауынша, Балқаш көлінің 70%-ға жуық суы трансшекаралық Іле өзені арқылы қалыптасады. Биыл Қытаймен шекара маңындағы Добын гидробекеті бойынша орташа су ағыны секундына 384 текше метр болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 17%-ға артық.

Министрлік Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді бөлу туралы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеп жатқанын атап өтті. Келісімнің негізгі мақсаты – Балқаш көлін оңтайлы деңгейде ұстауға мүмкіндік беретін су көлемін жеткізуді қамтамасыз ету.

«Біз Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 28 кездесу өткіздік. Келіссөздер нәтижесінде биыл Қапшағай су қоймасына соңғы 10 жылда алғаш рет 18 миллиард текше метрден астам су жиналып, 100 пайызға толтырылды», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.