Жастар • 09 Қараша, 2024

Жас буын туралы зерттеу

88 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы биылға екінші жаңа талдамалық жинағын жариялады. Әлеуметтанулық зерттеуде шекара маңы өңірлеріндегі жас буынның оқу және еңбек көші-қонының ерекшеліктері сарапталған. Құжат Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген.

Жас буын туралы зерттеу

Қазір «Жас келсе – іске», «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген ұранды сөздер әр жиын не басқосуда жиі айтылып жүр. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған саясатта «жастар» деген сөзді романтизациялаудан гөрі, көлеңкеде қалған мәселелерін көтеріп, мейлінше шешімін табуға үгіттейді. Қоғам дамудың жаңа сатысына өтуі үшін «Жастар не қалайды?», «Олардың мемлекеттің бағдарламаларға деген көзқарасы қандай?», «Қандай құндылықтарды, бағыт-бағдарды ұстанып тіршілік етуде?» деген сияқты сауалдарға тікелей жауап алу әрі оны іске асыру өте маңызды. Осы орайда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы биыл мүдделі тараптар иек артуға болатын екі талдамалық жинағын жариялады. Оның бірі – бүтін мемлекетті құраушы жастардың қазіргі ден­сау­лығы, білім мен ғылымдағы үлесі, әлеуметтік-экономикалық ахуалы, құндылықтары, қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын зерделеген «Қазақстан жастары – 2024» жинағы.

Ал өткен аптада орталық жаппай респуб­ли­калық және сараптамалық сауалнамалар әдіс­­­терімен жүргізілген «Шекара маңы өңір­леріндегі жастардың оқу және еңбек көші-қонының ерекшеліктері» атты әлеуметтанулық зерттеуін жариялады. Құжатта шекара маңы аймақтарындағы жастардың оқуы мен еңбек миграциясына қатысты тенденцияларға талдау жасалып, сол облыстағы 35-ке дейінгі отандастарымыздың құндылық бағыт-бағдары айқындалған. Сауалнама Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен 17 облыс орталығын және ауылдық елді мекендерді қамтыған. Бас-аяғы 2 мың респондент іріктеліпті.

Талдамалық зерттеу жас­тар­дың әлеуметтік көңіл күйі, миг­ра­цияның шешуші факторлары мен перспективалары, еңбек миграциясын­дағы ерекшелік, оқу миграциясындағы негізгі тен­денция­лары ескерілген. Жастарды жұмыс­­пен қамтудағы қиындықтар мен миграцияның ­себеп-салдары жазылған.

Мәселен, респонденттердің көпшілігі өмір сүру деңгейінің жақсарғанын айтқан. Яғни 61,4% жас өз өмірі мен отбасыларының өмірі кейінгі жылдары жақсарды деген пікірде. Сондай-ақ сауалға қатысушылардың 33,4%-ында өмір сүру деңгейі өзгермегенін көр­сеткен. Тек 4,7%-ы ғана тұр­мы­сы нашарлағанын жеткізген. Егер мұны 2022 жылғы сауал нәти­же­лерімен салыстырсақ, биыл рес­пон­денттерде өз жағдайларын баға­лауда оптимизм басым екенін аңға­ра­мыз.

Ал шекаралас аймақтар тұр­ғысынан өз өмірлеріне қатысты оп­ти­мистік көңіл күйді тек Абай және Қызылорда облыстарының тұр­ғындары байқатқан. Тұрақ­тылықты мұнайлы өңір Атырау көрсетсе, «нашарлады» деп Батыс Қазақстан жастары атаған.

Бірақ республика респон­дент­тердің тек 9,4%-ы­ қар­жылық деңгейі жоғары екенін дәлелдеген. Алай­да көпшілігі депозиттік-кре­диттік қызметті пайдаланбайтынын мәлімдеген. Бұл дегеніміз қаржылық ұйымдардың жас­тар ара­сында аса танымал емес еке­нінен және олардың қаржылық ұйым­дарға сенім артпайтынынан хабар береді.

Сауалға қатысқан жастар үшін жұмысқа тұрудың мейлінше тартымды деп бизнес/кәсіпкерлік, IT және қаржы салалары таңдалған. Бірақ бір байқағанымыз, 35-ке дейін­гі отандастарымыз ауыл ша­руа­шылығы саласына қызығу­шы­лық танытпайды.

Бұған қоса әлеуметтанулық зерттеуде Батыс Қазақстан мен Жетісу облысы жастарының басым көпшілігі өңірден көшкісі келетінін көрсеткен. Мұндай әлеуетті миграциялық ағынға аймақтағы табыс деңгейі әсер етіп тұр.

Құжатта 14 пен 18 жас ара­лығындағы азаматтар елден кетуге ниетті топқа жататыны көрсетілген. Респонденттердің көпшілігі (56,6%) жастарды жұмыс пен жалақы бойынша жаңа мүмкіндіктер қызықтырады деп санайды. 51,1%-ы өмірінің экономикалық деңгейін жақсарту үшін көшуге ұмтылса, 41,8%-ы жұмысқа тұрудың өзге де мүмкіндіктерін іздеуге тырысады. Көшуге ниеттілердің 31,0%-ы мейлінше сапалы білімге қол жеткізуге ынталы екенін білдірді. Бұл жерде көшуді жоспарлағандардың жартысынан сәл астамы Қазақстаннан кетудегі кедергілердің бірі ретінде ақша жетіспеушілігін атаған.

Осы секілді деректер көші-қон процестерін басқару саласындағы мемлекеттік құрылымдар мен органдарға, үкіметтік емес ұйымдарға, жалпы жұртшылыққа, көші-қон саясаты саласындағы сарапшыларға, зерттеушілерге, тақырып аясында жұмыс істейтін мамандарға және барлық мүдделі тараптарға ұсынылып, «el zhastary» сайтында жарияланған.