Форумға барлық өңірден 450-ден аса ШОБ өкілі қатысты. Микро, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, елішілік құн үлесін арттыруға, қызметтерді цифрландыру арқылы әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және басқа да мәселелерге назар аударылды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде Үкімет іскерлік белсенділікті арттыру және бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылдан бастап енгізілген «таза парақтан» реттеу қағидатына сәйкес, бизнеске қойылатын жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сай келмейтін 10 мыңнан аса талап жойылды. Шағын және орта кәсіпкерліктің басым салаларын қолдау мақсатында қаржылық шаралар іске асырылып келеді. Екінші деңгейлі банктер несиесін субсидиялау және ішінара кепілдік беру аясында қолдау шаралары 2019 жылдан бері 5 есе өсіп, 150 мыңнан аса жобаны құрады. Төленген субсидия көлемі 8 есе артты.
Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде ел экономикасындағы ШОБ үлесі 37%-ға дейін өсті. Бүгінгі таңда бизнес саласында 4 млн-нан аса азамат жұмыс істейді. Өткен жарты жылда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 34 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20%-ды құрады.
«Президент отандық бизнеске және инвесторларға жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті екенін нақты айтты. Біздің мақсатымыз – бизнес өзін нық сезінетін, сондай-ақ өз идеяларын жүзеге асыруға, өндірістерін кеңейтуге және болашаққа инвестиция салуға мүмкіндік беретін экономика құру. Бұл ретте әр кәсіпкердің мемлекеттік органдармен арадағы өзара іс-қимылдың ашықтығына және жеделдігіне сенім артуы маңызды. Біз жаһандық сын-қатерлер мен жедел технологиялық прогресс жағдайында кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін дамытып қана қоймай, экономикамызды белсенді түрде әртараптандыруымыз қажет екенін түсінеміз. Бұл орайда бизнестің рөлі өлшеусіз», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін агроөнеркәсіп кешені саласынан айқын байқауға болатыны айтылды. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру 2,5 есе артып, 580 млрд теңгені құрады. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрі бойынша жоғары өнім алуға мүмкіндік берді. Премьер-министр ШОБ саласындағы осындай көрсеткіштерге қол жеткізу келешегін атап көрсетті. Бұл ретте мемлекеттік қолдау бизнестің қарсы міндеттемелерін де білдіреді, яғни ішкі нарықты сапалы әрі қымбат емес өнімдермен қамтамасыз ету, қайта өңдеу көлемін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және экспортты ұлғайта отырып, өндірісті біртіндеп ірілендіру мәселелеріне көңіл бөлінуге тиіс.
Ірі бизнес төңірегіндегі ШОБ белдеуін дамытудың елеулі әлеуеті белгіленді. Ірі кәсіпорындар жергілікті компаниялармен ұзақмерзімді келісімшарттар жасасуы керек. Бұл мемлекеттік қолдауға ие болудың міндетті шартына айналады. Барлық даму институттарына тиісті тапсырмалар берілді.
Үкімет биыл отандық тауар өндірушілерді басым тәртіппен қолдау бойынша бірқатар шешім қабылдады. Бүгінгі таңда отандық тауар өндірушілерден мемлекеттік сатып алуларда басым тәртіппен сатып алынатын тауарлар тізбесі 3 еседен астамға кеңейтілді. Бүгінгі таңда бұл – 4,5 мың тауар. Жасалған шарттардың сомасы 31%-ға ұлғайтылып, 167 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ ірі тапсырыс берушілердің («Самұрық-Қазына» қоры, жер қойнауын пайдаланушылар) сатып алу рәсімдеріне өзгерістер енгізілді: биыл отандық тауар өндірушілермен 470 млрд теңгеге 100-ден аса ұзақмерзімді шарт және 134 млрд теңгеге 260-тан аса офтейк-келісімшарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 есе көп.
Президент жариялаған жұмысшы мамандықтары жылы аясында адами капиталды дамыту, ғылым мен өндірісті интеграциялау мәселелеріне ерекше назар аударылды. О.Бектенов бизнесті кадрлық әлеуетті арттыру, студенттер үшін тиімді тәжірибе базасын ұсыну және жұмыс орындарын квоталау арқылы түлектерді жұмысқа орналастыру үшін күш салуға шақырды.
Форум барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов елімізде шағын және орта бизнес экожүйесінің дамуы туралы хабарлады. Әлеуметтік кәсіпкер Жаңагүл Жапарова шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі барлық тізбекті өндіру арқылы ауылды дамытуға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысу туралы әңгімеледі. «Қазэлектромаш» ЖШС және «Кублей» ЖШС басшылары Виталий Распопин мен Зәуре Берекешева кластерлік тәсіл арқылы жоғары деңгейде қайта өңдеуді игеру және етті қайта өңдеуді дамыту бойынша тәжірибелерін бөлісті.
Форум аясында Премьер-министр шығарылатын отандық тауарлар желісімен танысты. Тоқыма өнеркәсібі жетістігін көрсете отырып, Үкімет басшысына мақта өсіру, жіп және мата өндіру, сондай-ақ ел ішінде де, шетелде де сұранысқа ие дайын өнім шығарумен айналысатын бірқатар кәсіпорын таныстырылды. Бұл тұрғыда О.Бектенов өңірлік бағытты ескере отырып, кластерлер құру қағидатына сәйкес жобаларды қолдау бойынша жаңа тәсілдің маңыздылығына тоқталды. Бизнеспен бірлесіп, ШОБ дамуына қосымша серпін беретін мәселелер талқыланды. Премьер-министр салалық министрліктер мен ұйымдарға бірқатар тапсырма берді.