Форум • 09 Қараша, 2024

Аналар кеңесінің мерейлі белесі

144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің 10 жылдығына арналған республикалық форум өтті. 7-8 қараша аралығында ұйымдастырылған ауқымды іс-шара аясында қоғамдағы Аналар кеңесінің рөлі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлықпен күрес және оның алдын алу шаралары, вандализм, ысырапшылдық мәселелері көтерілді.

Аналар кеңесінің мерейлі белесі

Форумның алғашқы күні рес­публикалық Аналар кеңесі мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында семинар ұйым­дастырылған. Оған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы респуб­ликалық Аналар кеңесінің төр­ағасы Нәзипа Шанаи, «Ана үйі» негізін қалаушы Анар Ра­химбаева, Атырау облысы әке­лер кеңесінің төрағасы Шота Қанатов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері және өңірлік Аналар кеңестерінің мүшелері қатысты.

Біліктілікті артыру семинары барысында «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасын іске асыруда қоғамға тұсау болар өткір мәселелер талқыланды. Ал екінші күні елордадағы Достық үйінде салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­басары Марат Әзілханов, Мәде­ниет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Оқу-ағарту ми­нистр­­лігі тәрбие жұ­мысы және қо­сымша білім департаментінің директоры Ме­руерт Медет­бе­­ко­ва, Ұлттық ұлан бас қолбасшы­сы­ның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орын­басары генерал-майор Қа­нат Үмбетов, аталған кеңес мүше­­лері және этномәдени бірлестіктер­­дің өкілдері қатысты.

– Аналардың патриотизмді, ұлттық рухты қалыптастырудағы және отбасылық құндылықтарды сақтаудағы маңызы зор. Аналар кеңесі 10 жыл ішінде көпте­ген бастаманы жүзеге асырып, этнос­аралық келісімді дамытуға және отбасылық дәстүрлерді нығайтуға елеулі үлес қосты. Республика бойынша 1 700-ден аса Аналар кеңесі гендерлік теңдікті сақтау, әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы институтын дамыту, әрі нашақорлық пен зорлық-зомбылық сияқты әлеуметтік мәселелермен күресу сияқты мемлекеттік басымдықтар шең­берінде өз қызметін белсенді жүр­гізіп жатыр, – деді А.Құр­манова.

Қатысушылар «Саламатты сана» арнайы жобасының жү­зеге асырылу барысы мен өңір­лік Аналар кеңестерінің қыз­меті талқылады. Іс-шарада Қуан­дық Бишімбаевтың ісінде мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова сөз алды. Ол жиналғандарды мерейтой­мен құттықтап, халықты қоғам­да құқықтық мәдениетті насихат­тауға белсенді атсалысуға ша­қырды.

– Кейінгі кезде жастар арасында құқық бұзушылықтың көбеюі байқалады. Зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақы­лық фактілері мен балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдатып тұр. Балалар құ­қық пен бостандық сақталатын қауіп­сіз қоғамда өсуі қажет. Қоғам заңның үстемдігі арқылы ғана дамиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дәл осы сөздерді халық алдындағы баяндамаларында айтып жүр. Аналар кеңесі «Тәртіпті өзіңнен баста» қоғамдық акциясын бастауды ұсынды. Мұндағы басты мақсат – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үн­деу, құқық бұзушылық пен тәр­тіпсіздіктің алдын алу, қоғам­да заң мен тәртіп үстемдігін насихаттау. Осы арқылы жастарды құқық бұзушылықтан аулақ болуға тәрбиелейміз, – деді прокурор.

Басқосуда Аналар кеңесінің белсенді мүшелері азаматтық қоғамды дамытуға және этнос­аралық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды.