Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Албания, Индонезия, Португалия және Филиппиннің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елші қызметін қоса атқарушылар – Сокол Гиок, Мохамад Асрухин, Педро Нуно Бартоло және Иисус Инесс Ябестен Сенім грамоталарын қабылдады.
Сенім грамоталарын қабылдаған соң Қ.Саудабаев олардың әрқайсысымен жеке жүздесіп, екі жаққа да тиімді ынтымақтастықтарды тереңдету бағытындағы жоспарларымен танысты. Кездесуден шыққан дипломаттар журналистерге сұхбаттан түйген ойларын айтты.
Соның ішінде Албанияның елшісі С.Гиок Қазақстанмен екі арадағы ынтымақтастықты дамытуға ықыласты екенін жеткізді. Мен Қазақстанда болған уақытымда саяси және экономикалық қатынастар ғана емес, білім беру, мәдениет, туризм салаларындағы ынтымақтастықтарды дамытуға күш салатын боламын, деді ол.
Бүгінгі күні жас мемлекет болғанына қарамай, Қазақстанды барлық әлем сыйлай бастағанына куә болып жүрміз, деді өзінің сөзінде Португалияның елшісі П.Бартоло. Қазақстан өте маңызды әлемдік мүдделердің қиылысында орналасқан ел ретінде қазір көптеген ұлттар және өркениеттер арасына көпір салуға тырысуда. Сондықтан Португалия да осындай мемлекетпен достық қарым-қатынас орнатуға мүдделі.
Келесі кезекте елші ЕҚЫҰ-ның мүшесі ретінде де Қазақстанның төраға лауазымындағы бастамаларын қолдайтындарын, соның ішінде мүше елдер басшыларының саммитін өткізу идеясын да дұрыс деп санайтындарын білдірді. Сонымен бірге, Португалия Қазақстанды аймақтағы ғана емес, еуроатлантикалық кеңістіктегі маңызды ел деп таниды. Екіжақты қатынастар бағытында біз экономикалық ынтымақтастықтарды дамытуға күш салатын боламыз, деді ол.
Индонезиялық М.Асрухин өз елінің Қазақстандағы елшісі болып тағайындалғанын үлкен мәртебе санайтынын айта келіп, қолынан келген барлық мүмкіншіліктерді жасап, екі елдің арасындағы ынтымақтастықтарды тереңдетуге қызмет ететінін жеткізді.
Филиппин елшісі И.Ябес Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевпен болған әңгімеге өзінің толық қанағаттанғанын жеткізе келіп, екіжақты қарым-қатынастардың тереңдей түсуіне қызмет ететінін айтты. Соның ішінде инвестиция, сауда, туризм салаларындағы ынтымақтастықтарды тереңдету перспективалары зор екенін ауызға алды.
Жақсыбай САМРАТ.