Оқиға • 11 Қараша, 2024

Балқаш-Сарышаған тас жолында есірткі тасымалдаған әскери қызметкер ұсталды

81 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

10 қарашада Балқаш-Сарышаған тас жолында есірткі тасымалдады деген күдікпен әскери қызметкер ұсталды. Ұсталғаны туралы ақпаратты Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балқаш-Сарышаған тас жолында есірткі тасымалдаған әскери қызметкер ұсталды

Фото: baigenews.kz

Қарағанды ​​облысының полиция департаментінің мәліметінше, 10 қарашада Балқаш-Сарышаған тас жолында патрульдік полиция  31 жастағы азаматтың басқаруындағы Geely Coolray көлігін тоқтатқан. Тоқтауға жол ережесін бұзу, атап айтқанда мемлекеттік нөмірсіз жүруі себеп болған.

«Автокөлікті тексеру кезінде багаж бөлігінде жалпы салмағы 12 келіге жуық ақ түсті ұнтақ заты бар 18 қап табылды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, тыйым салынған зат бар деген күдік расталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», деп хабарлады полиция департаменті.

Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі  Сарыөзек гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің демалыста жүрген әскери қызметкерін Жетісу облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері есірткі заттарын тасымалдап бара жатқан жерінде ұстағанын растады.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Құрлық әскерлері осы оқиғаны жан-жақты және объективті тергеу мақсатында құқық қорғау органдарына толық көмек көрсетеді. Заңнама талаптарына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге  ақпарат жария етілмейді», деп түсіндірді Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.