Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Эпидемиологиялық қызмет облыста ЖРВИ-дің 14 920 жағдайы тіркелгенін жариялап, бір жақсысы, оның өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға төмендегенін айтады. Биыл науқастардың ең көп бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалған. Санын айтар болсақ – 9 847 немесе барлық сырқаттанушының 66%-ы. Бұл көбінесе жасөспірімдердің ауа райының ызғарын сезбей, денесінің бусанған күйінде далаға жиі шығып кететінінің кесірінен екен.
Соңғы аптада ЖРВИ-дің 2 773 жағдайы тіркеліп, алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Бір қызығы, жаңа эпидемиялық маусым кезеңінде тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Алайда ЖРВИ-мен ауыратын науқастардан ПТР әдісімен басқа, тұмауға жатпайтын вирустардың бары анықталған. Олардың арасында парагриптің 8 жағдайы, риновирустың 12 жағдайы, аденовирустың 7 жағдайы, метапневмовирустың 2 жағдайы, бокавирустың 3 жағдайы бар. Тұмау мен ЖРВИ-мен сырқаттанушылығының этиологиялық оқылуын Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының вирусологиялық зертханасы анықтайды.
Тұмау жоғары температураның кенеттен пайда болуымен, жөтелмен (әдетте құрғақ), бас ауруымен, бұлшық ет пен буынның шаншуымен, ештеңеге зауқы болмайтын әлсіздікпен, тамақ ауруымен, мұрынның сулануымен сипатталады. Қазіргі уақытта тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакцинация. Тұмауға қарсы вакцинация негізгі аурудың асқынған ағымынан, ауруханаға жатқызудан, тосын жағдайдан қорғайды.
1 қазаннан 31 қазанға дейін облыста тұмауға қарсы иммундау науқаны өткізілген. Тәуекел тобына жататын адамдарға арналып ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды.
«Бүгінде тәуекел тобына жататын адамдар 100% (60 000 адам) егілді. Соның ішінде: 8 502 медицина қызметкері, 495 жүкті әйел, 5 262 оқушы, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған 20 985 адам, жабық үлгідегі мекемелерден 1 671 адам (балалар үйлері, сәбилер үйлері, қарттар үйлерінің контингенті), эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 23 085 адам: 6 айдан 2 жасқа дейінгі балалар, 60 жастан асқан адамдар. Тұмауға қарсы вакцинамен қамту ұжымдық иммунитетті қалыптастырады, эпидемияның жайылуына жол бермейді», деді Ә.Жұматаев.
Сонымен бірге маман тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, арнаулы емес профилактиканы назардан тыс қалдырмау керектігін де айтты. Оның айтуынша, ауырып қалмас үшін бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажеттігін үнемі ескеру керек. Бұлардан басқа қолды сабынмен мүмкіндігінше жиі жуудың да пайдасы көп.
ЖРВИ мен тұмауға қарсы иммунитетті барлық қолжетімді тәсілмен де көтеруге болады. Дене шынықтыру, жұмыс, демалыс режімін сақтау, толыққанды ұйқы, микроэлементтер мен дәрумендердің, әсіресе «С» витаминінің, сарымсақ пен пияздың жеткілікті мөлшері бар тағамдарды қолдану керек. «Ал ауырып қалған жағдайда далаға шықпай, қонаққа бармай, үйде болу, дәрігер шақырып, инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін балдырғандарды балабақшаға, оқушыларды мектепке де жібермеу керек», деді маман.
ПЕТРОПАВЛ