Футбол • 12 Қараша, 2024

«Қайрат» – чемпион!

45 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан еліміздің чемпионаты мәресіне жетті. Алматылық «Қай­рат» төрт дүркін ел чемпионы атанды.

«Қайрат» – чемпион!

Биылғы жылы премьер-лиганың ойын кестесінде бірқатар өзгеріс болды. Ең бастысы, командалар жаңа маусымды 1 наурызда әдеттегідей 14 емес, 13 клубпен бастады. Себебі «Мақ­таарал» ұжымы лицензиялау талаптарына сәйкес келмегеніне байланысты қатысудан шеттетілді. Ал осы клубты алмастыруы керек болған «Ақсу» командасы қаржылық қиындыққа байланысты турнирден бас тартты.

Жаңа маусым алдындағы жаңалықтардың бірі еліміздің чемпионатында легионерлерге қойылатын шектеуді алып тастау бол­ды. Бұрын алаңға шыққанда легионер саны міндетті түрде жетеу болса, енді олар­дың санына шектеу жоқ екені хабарланды. Бір­ақ өтініш берген кезде жиырма бес футбол­шының кемінде 13-і Қазақстан фут­бо­лының өкілі болуы керек деген талап қойылды.

Биылғы ҚПЛ маусымында семейлік «Елім­ай» мен астаналық «Жеңіс» футбол клубтары дебют жасады. «Елімай» маусымды 6-орынмен, ал «Жеңіс» 10-орынмен аяқтады.

Еліміздегі басты футбол додасында тосын жағдай да болды. Мәселен, «Шахтер» тарихта алғаш рет премьер-лигадан шығып қал­ды. Қарағандылық команда еліміздің екі дүркін чемпионы, ел кубогінің иегері, сондай-ақ еурокубоктердің топтық кезеңіне өткен бірінші отандық клуб саналады.

ҚПЛ соңғы турында чемпиондыққа талас алматылық «Қайрат» пен елордалық «Ас­тана» арасында өрбіді. Бәсеке соңғы тур­ға дейін сақталды. Шешуші ойында «Қай­рат» сырт алаңда «Атырауды» 1:0 есе­бі­мен жеңіп, чемпиондықты иеленді. Қо­нақ­тар құра­мын­дағы маңызды голды, 11 метрлік айып добын 59-минутта грузия­лық легионер Григорий Зария соқты. Пе­нальти бразилиялық Жоао Паулоны шалып құлатқаны үшін белгіленген болатын. Осылайша, алматылық команда 2024 жылғы ел чемпионы атанды.

Күміс медальді қатарынан екінші жыл елордалық «Астана» жеңіп алды. Григорий Бабаянның командасы соңғы 26-турда «Жеті­суды» 5:0 есебімен ойсырата ұтты.

Қола медальді «Ақтөбе» футболшылары иеленді. Олар маусымның соңғы матчында Түркістан облысының «Тұран» командасын 2:0 есебімен жеңді.

Былтырғы ел чемпионы «Ордабасы» бұл маусымда чемпиондық атағынан айырылып, тур­нирлік кестеде 4-орында қалды. Соңғы ойында олар «Елімайдан» 2:1 есебімен басым түсті.

«Қайрат» командасы чемпиондық атақтың арқасында келесі жылы еліміздің суперкубогі, УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алды. Тур­нирдің қорытындысы бойынша «Астана», «Ақ­төбе», «Ордабасы» командалары да еурокубокке қатыса алады.