Әдебиет • 12 Қараша, 2024

Сейітқұл мен Кэч сөйлессе...

115 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әдебиет әлемінде кейде бір-бірімен үндес, рухтас шығармалар кездесіп жатады. Мұндағы негізгі мәселе – қоғамдық ойдың, кей ұлттардың бостандыққа, адалдыққа ұмтылысы жолындағы оқиғаларының ұқсас болуы оқырманды ойландырмай қоймайды. Мысалы, сіз «Ұлы Гэтсбиді» оқып отырып «бұндай оқиғалар қазақ даласында да көп қой» деген ойға қалуыңыз бек мүмкін. Әңгіме оның көптігінде емес, қашан, қалай жазылуында. Ой жүгірте берсек, әдеби майдандағы бірталай қаламгер шығармаларынан оқиғаның берілуі, кейіпкердің бейнеленуі жағынан біраз ұқсастық табамыз. Бүгінше біз қазақ ағартушысы, қаламгер Ыбырай Алтынсарин мен америкалық «біртүрлі» жазушы Джек Лондонды бір-бірімен «сөйлестіріп» көрелік.

Сейітқұл мен Кэч сөйлессе...

Қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы Ыбырай Алтынсариннің шығар­малары ұлтымыздың сол кездегі қоғамдық өмірі, тыныс-тіршілігі, мәдениеті және тұрмысы туралы маңызды оқиғаларды суреттейді. «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі де осы тұрғыда өзіндік стилі бар соны шығар­маның бірі. Бұл шығарма өткен ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік мәселелері, әсіресе еңбекқорлық, табандылық және әділ­дік тақырыбын ту еткені анық.

«Қыпшақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен, жұрттың тегіс аттаныс барымтасы бар уақытта, бұл отыз үй кедейді қалайынша етсем байытып, халық қатарына қосамын деп ойға қалды. Сауда етуге мал жоқ, барымтамен мал алсам, бір күндерде жау да бізден қуып алады, ақырында бұрынғылардың айтып кетуінше, жортуыл басы жолда қалса керек. Соның бәрін де шамалап қарап, ақыр бір қиялға түсіп, Сейітқұл әуелі мекен еткендей бір орын іздеді. Көп жерді кезіп жүріп, ақырында Торғай төріндегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады». Сейітқұлдың қиялы өмірлік мақсатына айналып, отыз үйлі кедейді ел қатарына қосу үшін жайлы орын іздейді, ақыры оны табады. Қазақтың дәулетті, еңбекқор және әділ азаматы Сейітқұл өзінің қайсарлығы, еңбекқорлығы және адал әрекеттерімен халыққа үлгі бола алды. Оның бар байлығы малында емес, өзгеден ерекше ойлайтын даналығы мен парасатында еді. Сол үшін де автор оны кейіпкер етіп ел назарына еңбекқорлық пен табандылықты басты идея ретінде ұсынады. Осы арқылы Сейітқұл секілді ел азаматтары жұртын жұмылдырып, елін алға бастаса деген ұлы ойды алға тартады.

Шындығында, Ыбырай Алтынсариннің де мақсаты – елді ояту. Сол үшін ол оқырманына адамның ең үлкен байлығы – еңбекқорлығы, айналасына адалдығы мен қоғамына деген махаббаты дегенді айтқысы келгенін түсінеміз. «Қыпшақ Сейітқұлдың» басты айтары еңбек пен әділдік қоғамда теңдік орнатады деген ұстаным болмақ. Кешегі қазақ қоғамында Сейітқұл секілді ел ағалары көп болғаны сөз­сіз. Ал олардың типтік өкілі ретінде Сейіт­құлдың бейнесі арқылы автор қазақ қоға­мы­­ның адал да табанды еңбек ететін азамат­тар­дың күшімен өзгеретінін астарлап айтып отыр.

Айналасы бес-алты жылда Сейітқұлдың отыз үйлі кедей-кепшігі төрт жүз үйге жуық­тап, бір қауым ел болды. Арманы көп Сейіт­құл ел ағасы атанды. Сейітқұл бейнесінде ел азаматының рухани байлығы, адамгершілігі, өзара көмек көрсетуге дайын кісілік қасиеті жатыр. Тәрбиені тал бесіктен ғана емес, ел арасында да дәріптеу керегін жақсы білетін ұлт қайраткері өз оқырманына ең алдымен ақыл-ойдың, содан кейін еңбектің, адалдықтың және қайырымдылықтың маңызын осы бір шағын әңгімесі арқылы түсіндіреді, осы қасиеттерді қоғамда насихаттайды.

Осыдан екі күн бұрын бесінші сыныпта оқитын қызым «Қазақ әдебиеті» пәніне да­йындалу үшін Ыбырай Алтынсариннің осы әңгімесін дауыстап оқып, маған мазмұндап берді. Әне сол сәтте менің ойыма алты жыл бұрын өзім ағылшын тілінен аударған Джек Лондонның «Кэч» әңгімесі түсті. Кейіпкер Кэчтің де іс-әрекеті Қыпшақ Сейітқұлдан айнымайды. Ол да руластарын, айналасындағы қауым елді өз еңбегімен асырайды. Оның да қаруы – ақыл-ойы. «Кэч» әңгімесі — жазушының шығармашылығындағы стильдік ерекшеліктерін көрсететін туынды. Әңгімеде жасөспірім бала Кэчтің ерлігі, тап бермеде ақыл табатын қасиеті, әділдігі мен батылдығы баяндалады.

п

«Бір күні ауылдық кеңес, ауыл басшысы – Клош-Куанның кең қар үйінде жиналыс өткізді. Жиналысқа Кэч те өзгелермен бірге барып тыңдаушы болды әрі жиналыс соңына дейін үнсіз қалыпта отырды.

Ол кенет: «Бізге ет үлестіретініңіз рас, бірақ бергендеріңіз ескі, қатты, онымен қоймай сүйек-саяқ», – деп дүрсе қоя берді. Қаршадай ғана баланың ауыл басшысына қарсы уәж айтып тұрғанына өзге аңшылар таң-тамаша болысты. Ол бейне ересек адам секілді кесек қалыпта сөйледі:

– Әкем Бок керемет аңшы еді, естуімше ол кісі отбасына өзге екі тісқаққан аңшыдан да мо­лырақ азық әкеледі дейді. Сөйте тұра, ол әкел­ген азықтарды мейлінше тең бөледі екен».

Джек Лондон кейіпкерлерінің бәрі табиғат пен адам арасындағы күрестерді негіз етеді. Сол үшін де жазушы адам ақылмен, күш-жігермен және әділдікпен қиындықтарды жеңе алады деген ойды әр еңбегінде басты арқау қылады, сол идеяны ту етіп, оқыр­манына жеткізеді. Қаламгер эскимостар өміріндегі бір оқиға арқылы әділетсіздікпен күреске шыққан азаматтың бейнесін сомдайды. Кэчтің әкесі аң аулап жүріп, қапияда қаза табады. Поляр жағасында өмір сүретін эскимостар қоғамында ол атақты аңшының ұлы болса да, үлкендерден құрмет көрмейді, ет үлестіргенде, оған сүйек-саяқ тиіп, айналасынан қағажу көреді. Бұл әділетсіздік Кэчті қатты мазалайды және ол өзінің мықты аңшы бола алатынын дәлелдеу үшін шеберлігін көрсетуді мақсат етеді. Осылайша автор қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктерді сынға алады. Кэчтің жас та болса, өз қабілеті мен ақыл-ойын қару етіп, қоғамның құрметіне ие болуы – теңдікке, әділдікке қол жеткізуге құлшынған адамның бейнесі.

ап

Бұл әңгімеде кейіпкердің мұзды өлкеде аң аулап, қауіпті жағдайларда ақылмен әрекет етуі – адам мен табиғат арасындағы шиеленісті көрсетеді. Ақ қар, көк мұз кешкен Кэчтің басты мақсаты анық. Автор оны былай суреттейді. «Келесі күні таңертең Кэч қайтып оралды, құралақан емес, жас ет арқалай келді. «Жарандар, ит пен шаналарыңды дайындап менің ізімді қуалап мұздыққа барыңдар!.. Ол арада бәрімізге жетерлік азық бар. Бір үлкен аю мен қос қонжығын жайраттым», – деді ол. Мұны естіген шешесінің жүрегі қуаныштан жарыларман болды. Кэч бейне ересек адамша: – Келіңіз, шеше, тамақтанайық. Содан соң мен сәл мызғып алайын, қатты қалжырадым, – деді. Кэч қайтып оралғаннан кейін де ауыл арасында ол туралы әңгіме толастаған жоқ. Қаһарынан тірі жан сескенетін поляр аюын жайрату да оңай шаруа емес. Оның үстіне ана аюды қонжығымен бірге жайрату аса қауіпті еді. Еркектер жағы Кэчтен мұндай ерлік күте қойған жоқ. Бірақ әйелдер жас етті көрсетті. Ақырында, ер азаматтар мұздықта қалған етті әкелуге бет алғанымен де, тым көңілсіз кейіпте болды. Әлдебіреуі: – Ол аюды жайратты деген күннің өзінде де, етін жәукемдей қоймаған шығар, – деп міңгірледі. Олар мұздыққа жеткенде Кэчтің құдды кәнігі аңшыдай аюды жайратып қана қоймай, етін боршалап қойғанын көрді».

Джек Лондон бір ғана әңгіме арқылы біраз нәрсенің басын ашады. Оның тарих пен мәдениетті де оқырманына таныстыруды көздегені байқалады. «Кэч» әңгімесі Аляска жерінде, поляр жағасында өмір сүретін эскимостардың өмір салтын бейнелейді. Бұл халықтың табиғатқа тәуелділігі, онымен етене өмір сүретіні, сонымен бірге, олардың өзгеше салт-дәстүрлері мен дүниетанымы туралы ақпарат беретін тартымды еңбек. Байыптап қарасақ, жазушы осы шығармасын жазарда ел аузындағы этнографиялық мәліметтер мен аңыз-әңгімелерді еркін пайдаланғанын аңғарамыз.

Ыбырай Алтынсарин Сейітқұл арқылы қазақ өмірінің бір сәтін анық суреттесе, Кэчтің оқиғасы арқылы Джек Лондон эски­мостардың өміріндегі қауіп-қатерге толы өмірді, қиындықтар мен олардың рухани құндылықтарын бізге жеткізеді. Екі автордың да ойлағаны – өмірдің бейнесін қаз-қалпында беру. Қыпшақ Сейітқұлдың отыз үйлі кедейді қалай төрт жүз үйлі елге айналдырғанын оқыдық. Ал Кэчтің қарпайым жетім баладан қалай сұсынан жан шошитын поляр аюларын алып ұрып, ең соңында іс-әрекеті мен батырлығы арқылы ру басына айналғаны егіз желі, бір үндестіктің жемісі секілді сезіледі. Екі кейіпкерді де жетелеген асыл мұрат пен азаматтық намыс. Сейітқұл айналасын кедейліктен, ал эскимос Кэч алдымен анасын, содан кейін руластарын теңсіздіктен құтқаруға күш салды. Екеуі де халықтық аңыздардағы кейіпкерлер сияқты ең соңында мұратына жетеді.

Кэчтің аю аулау тәсіліне көз жұма қараған айналасындағылар «ол аң аулауда сиқыр қолданады екен» деген дақпырт таратады. Бірақ Кэчтің әдісі бұл емес еді. Жұдырықтай баланың алпамсадай аюды қалай аулап жүр­генін ең соңында ауылдастарына кейіпкер Кэчтің өзі айтып береді:

«Ол киттің мұртшасының жіңішке бір бөлігін алып шығып оларға көрсетті. Кит мұртшасының шет жағы пышақтың басы тәрізді тым үшкір екен. Кэч оны доғаша дөңгелектеді де қоя бере салып еді, қатты екпінмен барып алысқа қадалды.

Содан соң ол тағы бір парша итбалық етін көрсетті. – Міне, осылай, – деді ол. – Алдымен кит мұртшасымен шеңберше жасап, оны итбалықтың етінің арасына қыстырамыз. Сосын оны қарға тастап мұздатамыз. Ашыққан аю домалақталған етті жеймін деп имектелген мұртшаны жұтып алады. Домалақтанған етті аю жеген соң ыстық жалын шарпып, мұртша қатты екпінді күш шығарады. Бұл күш аюдың жанын жаһаннамға жібереді. Содан кейін оны жайрату қиынға соқпайды. Осындай қарапайым ғана әдіс қолдандым, – деді ол ағынан жарылып.

Үг-Лүк: «О, о», ал Клош-Куан: «А, а», – десті, таңырқап. Әркім өзінше таңғалыстарын білдіріп жатты. Ауыл арасында аңызға айналып бара жатқан істің байыбына барлығы дерліктей көз жеткізгендей болды».

Ол аюды жайрату үшін ақылдың күшіне сүйенгенін жұрттың бәрі түсінді, Лондонның бүкіл әлемдегі оқырманы да түсінді. Шығар­маны оқи келе ойыңыз еріксіз күрескер адамдардың бойында болатын өршіл мінез, ерлік пен көшбасшылық қасиеттеріне табан тірейді.

Шындығында, Джек Лондон сөз еткен эскимостар да, Ыбырай Алтынсарин әңгі­месіне арқау болған біздің халқымыз да қа­шаннан бері азаттыққа ұмтылған, емін-еркін өмірді көксеген, соған жету жолында сан құрбандық бергенін кәрі тарих жақсы біледі. Бізді қызықтырғаны, бірін-бірі оқымаған, шекарасы шектеспейтін екі елде, екі заманда өмір сүрген қос автор өз шығармалары арқылы адам рухының күшін, оның табиғатпен және қоғаммен күресін осылай шынайы да шымыр суреттегені. Қыпшақ Сейітқұл мен Кэчтің бейнесі – әрқашан әділдікке ұмтылатын, өзгенің соңынан емес, өз жолымен жүріп, ізгілік қоғамын қалыптастыратын адамдардың бейнесін ашады.

Құдды Қыпшақ Сейітқұл сияқты Кэчтің де батылдығы мен ерлігі оның көшбасшы ретінде қалыптасуына жол ашады. Ол ең алдымен өзін кекеп-мұқатқан, тіпті адал асынан айырған әділетсіздерге, құрметі азайып бара жатқан қоғамға өзінің шебер аңшы екенін дәлелдеп қана қоймай, өз руының көшбасшысы болуға талпынады. Байқасаңыз, біздің Сейітқұлдың да мақсаты осы.