Құқық • 12 Қараша, 2024

Парақорлар сотталып жатыр...

68 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұрын қазақ жұтты жеті ағайынды дейтін. Ал қазір одан да өткен сорақы «жұттың» дәурені жүріп тұр. Ол – жем­қор­лық дейтін жегіқұрт. Құқық қорғау органдары тарапы­нан оған қарсы түрлі шара қабылданып жатқанына қара­мас­тан, қоғам өмірінен әлі де жойылмай тұрғанына қарап, жем­қорлық та жеті ағайынды-ау деген ойға қаласың.

Парақорлар сотталып жатыр...

Өткен аптада еліміздің әр өңірінде сыбайлас жемқор­лықпен байланысты бірқатар ірі қылмыстық оқиға орын алып, тіпті арасында білдей бір саланың тізгінін ұстап отырған шенеуніктер құрықталды. Мәселен, Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н.Дербісов пен Шым­кент қаласы Төтенше жағ­дайлар департаментінің бас­тығы М.Жақсыбаевтың 5 жылға, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б.Ізбасаровтың 9 жыл­ға бас бостандығынан айы­рыл­ға­нын айтуға болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлі­­метінше, олар бизнес өкілі­нен оның кәсібіне қам­қор­лық жасағаны үшін 39,7 млн теңге пара алған. Сондай-ақ Б.Ізбасаров 1,7 млн теңге көле­міндегі қаражатты өзіне қосым­ша заңсыз есептеп, билігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енбесе де, олар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды иелену құқығынан айырылды.

Оңтүстік астанамызда Ме­деу ауда­нының соты «Алма­ты Бас жоспары» ЖШС бас директорының орынбасары С.Өмірәліұлына қатысты үкім шығар­ды. Ол алаяқтық жасағаны және жергілікті кәсіпкерді жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткені үшін қалалық жер қа­тынастары басқармасының ла­уазымды адамына 9,6 млн тең­ге сомасында пара беруге итер­ме­легені үшін кінәлі деп танылған.

Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мем­лекеттік қызметте және ква­зи­мемлекеттік сектор субъек­тілерінде қызмет атқару құқы­ғы­нан өмір бойы айырылды.

Ішкі істер министрлігінің құрылымында қылмыстық атқа­ру жүйесі деп аталатын сала бар. Ол – еліміздегі түрмелердің қызметіне және пробация саласына жауап беретін үлкен жүйе. Өкінішке қарай, қылмыс жасап сотталған адамдарды қада­ғалайтын саланың қызмет­кер­лері арасынан да қылмысқа бет бұрып, заңды белшесі­нен басатындар табылып жатыр. Мәселен, бұған Өскемен қалалық сотының облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлеріне қатысты шығарған үкімі дәлел.

№17 мекеме бастығының бұрынғы орынбасары мен аға инспектор жылжымайтын мүлік­тің жоқтығы туралы тұр­ғын үй ко­мис­сиясына әдейі жал­ған мәлі­мет­тер беру арқылы 5,8 млн тең­ге көлеміндегі қара­жат­ты ұр­­лағаны үшін кінәлі деп та­ныл­­ған. Оларға да 3 жыл 6 ай мер­­зім­ге бас бостандығын шектеу және мемлекеттік қызмет пен ква­зимемлекеттік секторда лауа­зым атқару құқығынан өмір бо­йына айыру жазасы та­ға­­йын­дал­­ды. Сонымен қатар олар­­дың сәй­кесінше «әділет майо­ры» және «әділет лейтенанты» атты по­гон­дары иығынан сы­­пы­рыл­ды.

Мемлекет басшысының заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Сыбайлас жем­қорлыққа қар­сы іс-қимыл агент­тігі жем­қорлықтың, оның ішінде жоға­ры лауазымды адамдар арасындағы парақорлықтың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, таяу күндері агенттік Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мем­лекеттік инспекция коми­те­тінің төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Ол кәсіпкерлік субъектісінен 4,4 млн теңге көлемінде пара алды деп айыпталып жатыр. Атап айтқанда, шегірткеге қарсы пестицидтерді жеткізу жөніндегі қызметтерді мем­лекеттік сатып алу кезінде заңсыздықтарға жол берген. Соттың санкциясымен лауазымды тұлға мен кәсіпкер үй қамағына алынды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы елі­мізде қоғамдық бақылауды кү­шейтудің маңызды және тиім­ді құралына айналып отыр. Анти­кор еріктілері сала қыз­мет­керлеріне көмектесіп, мем­ле­кет­тік сатып алу кезіндегі түр­лі қи­тұр­қылықты ашып жатыр. Мәсе­л­ен, олардың кө­мегімен биыл 15,2 млрд тең­ге­нің заңсыз жұмсалуының жолы кесілді. Еріктілер жол құ­ры­лы­сының мониторингіне, өзекті әлеу­­мет­тік мәселелерді шешуге және бюджет қара­жа­тының тиім­сіз жұм­са­луын бол­дыр­мауға бел­сен­ді араласып келеді. Жалпы саны шамамен 2,5 мың адамды құ­рай­ды.

Мысалы, Алматы қаласы еріктісінің ұсынымымен Энер­ге­тика және сумен жаб­дықтау бас­қармасы жылжы­малы элек­тро­­техникалық зерт­ха­наның сатып алу баға­сын 45 млн теңгеге тө­мендетті. Ал Түркістан облысында еріктілер балалар үйі­нің тәрбиеленушілерін ме­дициналық ұйымдарға элек­трон­дық үкімет порталы арқылы бекітудің тиісті функционалы жоқ екенін анықтады. Бұл медициналық мекемелер­ге ақылы негізде жүгіну қажет­ті­лігіне әкеп соқтырған еді.

Сондай-ақ еріктілер автожолдар құрылысын монито­рин­гілеуге белсенді қатысып келеді. Абай облысында олар облыстық жолды жөндеу кезінде жол белгілері болмауына және жұмыс толық орындалмағанына на­зар аударды. Уақтылы әре­кет ету нәтижесінде заң бұзу­шы­лықтар жойылды.