Фото: elorda.info
Деректерге көз жүгіртсек, оқудан өткен 47,4 мың жұмыссыз азаматтың 14,6 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстарының, Шымкент қаласының жастары. Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар түрлі бағыттарда 616 курс орналастырса, оның 281-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін жалғасады. Платформада әлеуметтік қызмет көрсету, IT технологиялар, туризм, басқа да салалардағы түрлі мамандықтарға қатысты тегін курстар саны үнемі артып келеді.
Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға, «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Оқуға enbek.kz сайтындағы «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге мүмкіндік бар. Платформада білім алушы өзіне оқытудың қолайлы түрін таңдай алады. Сол секілді курстың тілін, материалды берудің ыңғайлы тәсілін де дербес таңдайды. Білім алушы кеңейтілген курстарды іздеп, сабақтың түсінікті құрылымын таңдап қана қоймай, оқу үдерісін бақылап, курс авторларымен байланыса алады. Оқу аяқталған соң білім алушы 70% шекті деңгеймен тест тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игергенін растайтын сертификат алады. Бұл сертификат Электронды еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелгенде жұмыссыз азаматтың өзі әзірлеген түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Жұмыс берушілер әлгі жұмыс іздеп жүрген азаматтың платформада сәтті оқудан өтіп, сертификат алғанын көре алады.
Платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Ол курстарды мемлекеттік, орыс тілдерінде жариялауға болады. Сонымен қатар платформада ерекше қажеттіліктері бар білім алушылардың мүмкіндігі назардан тыс қалмаған. Жалпыға ақылы оқулардың құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор қарастырылған.