Саясат • 12 Қараша, 2024

Білім және медицина саласы қызметкерлерімен кездесті

61 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Президент қойған міндеттер аясында білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге кеңестер өткізілді.

Білім және медицина саласы қызметкерлерімен кездесті

Вице-премьердің назарына «Шаңырақ» бөбекжайында ата-аналарға балаларын дамыту және тәрбиелеуге көмектесетін «SabiDamu» платформасы ұсы­нылды. Оның негізгі міндеттері – ерте даму скринингі және өзін-өзі диагностикалау.

«Біз жаңа платформа құрып жатыр­мыз. Бұл жоба балалары қан­­дай да бір себептермен бала­­бақ­­­шаларға бармайтын ата-ана­лар­­ға ар­нал­ған. Оларға баланы үй­де қалай дамыту керектігі айты­ла­ды. Ата-аналар кез келген проб­­ле­ма­ны анықтау үшін тест тапсы­ра­ды. Оларды түзетуге логопед­тер, де­­фек­­тологтер, психологтер кө­мек­те­седі», деді «Өрлеу» ком­па­­ния­­сы­ның басшысы Фарида Ақшолақова.

Платформада қазақ және орыс тілдерінде баланы дамытуға арнал­ған мультфильмдер, түрлі тапсырма бар. Мектепке дайындық үдерісі онлайн форматта автоматтандырылады.

Жекеменшік және мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің басшыларымен өткен кеңесте ваучерлік қаржыландыруды енгізу бойынша қанатқақты жоба таныс­тырылды. Оның басты қағидасы – ақша баламен қоса еріп жүреді. Бұл инновациялық жүйе қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиім­ділігін арттыруға, сондай-ақ ба­ла­бақшалар арасындағы бәсеке­лес­тікті ынталандыруға бағыттал­ған. Жобаға қатысушы – Тараз қала­­­­сындағы №9 балабақша мең­геру­­­шісі Жанар Оспанова жүйені ен­­гізу тәжірибесі туралы баяндады.

«Ваучерлік әдісті енгізу мектепке дейінгі ұйымның қаржылық жағдайына әсер еткен жоқ. Керісінше, балабақшаға тағы 100-ден астам бала келді. Бұл әдіс бойынша ата-аналар балабақшаны өздері таңдайды. Осылайша, мекемелер арасындағы бәсекелес­тік пен жағдайды жақсартуға деген ынта арта түседі», деп атап өтті Ж.Оспанова.

Кеңесте Тамара Дүйсенова білім беру жүйесіндегі сабақтастық мәселесін көтеріп, балалар мектепке өткенде стреске ұшырамай, оқу үдерісіне тез бейімделуі үшін мектепке дейінгі мекемелер мен бас­тауыш сыныптардың білім беру бағдарламаларын біріздендіру қажеттігін атап өтті. Маңызды рөл атқаратын дүние — баланың жеке даму картасы, оны ерте жастан бастап жүргізіп, кейін бастауыш мектепке тапсыру қажет.

Мектеп директорларымен өткен жиында білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. «Қазақ­стан халқына» қоры мен білім беруді тұрақты дамыту қоры бірлесіп жүзеге асырып жат­қан тірек мектептер жобасы өз тиім­ділігін көрсетіп отыр. Қарағанды облысында 10 мектеп қамтылып, тағы бір білім мекемесін қосу жос­парлануда. Жобаның мақсаты – ауыл балаларына қаладағыдай білім алуға мүмкіндік жасау.

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде «Бесаспап» бизнес-инкубаторы қанатқақты жобасы таныстырылды. Студенттер өндірістік оқыту шеберлерімен бірге халық­қа қызметтің 4 түрін – сантех­ника, ағаш ұстасы, жиһаз жасау және электр қызметтерін көрсетеді. Ілкімді бастама «Жас маман» жобасын коммерцияландыруға ықпал етеді.

Колледжде инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше мән беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін қолөнер орталығы құрылып, олар мұнда шеберліктерін шыңдай алады. Вице-премьер бұл бағыттағы жұ­мысты оң бағалады. Колледж дирек­тор­ларының қатысуымен өткен кеңесте еңбек нарығында сұраныс­қа ие жұмысшы кадрларды даярлау мақсатында техника­лық және кәсіптік білім беруді түрлендіру қажеттігі талқыланды.

Т.Дүйсенова облыс­та дәрі-дәрмектерді таңбалау жү­йесінің қалай жүзеге асыры­лып жатқанын да тексерді. Аталған жүйе дәрінің өндірушіден тұтыну­шыға дейін­гі жолын бақы­­лау­ға мүмкін­дік береді, бұл кон­трафактілі өнім­дер мен жет­кізу тізбегіндегі құқық бұзушылық­тардың алдын алуға көмектеседі.

Вице-премьер Қарағанды фар­мацевтикалық кешенін аралап көрді. Бүгінгі күні мұнда 16 атау­лы дәрілік зат өндіріледі. Кәсіп­­орын республикадағы қанат­қақты жобаға қатысқан. Дәрі­лердің таңбалануы мұнда 2 жыл бойы тәжірибеден өтті. Заңды өндірушілер үшін бұл үлкен артықшылық дейді «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон.

Т.Дүйсенова сондай-ақ ірі дәріхана қоймаларын аралап, осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрді.

«Мемлекет басшысы білім беру мен медициналық көмек сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Қарағанды облысын­да аталған бағытта атқары­лып жатқан жұмыстардың нәти­жесі жемісті. Біз тағы қай бағыттар­да жұмыс істеу керектігін талқыла­дық. Денсаулық сақтау саласында телемедицинаны дамыту — маңызды бағыттардың бірі. Бұл тек Қарағанды облысында емес, бүкіл ел бойынша дамиды», деп атап өтті Т.Дүйсенова.