Үкіметтегі селекторлық кеңесте осы мәселе тағы бір пысықталды
Премьер-Миинстр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкіметтің селекторлық кеңесінде үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында іске қосылатын индустриялық жобалардың орындалу барысы қаралды.
Селекторлық кеңесті ашқан Үкімет басшысы алдымыздағы дүйсенбіде Елбасы тапсырмасымен әзірленген индустриялық жобалар бағдарламасын ашу рәсімі болатындығын атап көрсете келе осыған байланысты мәселені тағы да бір пысықтаудың қажет болғандығын айтты.
Аталған мәселе бойынша хабарлама жасаған Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Альберт Рау Қазақстанның индустрияландыру картасына сәйкес үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін елімізде 342 миллиард теңгенің 72 инвестициялық жобасы іске қосылатындығын айтты. Осы арқылы 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
Қазіргі күнге дейін аталған қаржының 97 пайызы игеріліпті. Альберт Рау осы жерде 72 жобаның 68-і жаңа өндіріс орны болып табылатындығын атап көрсете кетті. 22 маусымдағы мәлімет бойынша 72 жобаның 30-дан астамы іске қосылып үлгерілген. Солардың ішінде алюминий зауытының екінші кезегі, металпрокат зауыты секілді ірі жобалар бар.
Маусым айының соңына дейін қалған жобалардың да іске қосу актісі дайын болуға тиіс.
Сонымен қазіргі күні елімізде әр күн сайын жобаларды іске қосу жөніндегі маңызды жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр деп айтуға болады. Мәселен, селекторлық кеңес өткен дәл осы күннің өзінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы, Шығыс Қазақстан облысындағы күштік және бақылау кабельдерінің өндірісін іске қосу актісі әзір болуға тиіс. Осы соңғы екі жобаның құнының өзі тиісінше 6 миллиард 30 миллион теңгені және 753 миллион теңгені құрайтындығын атап көрсете кетсек артық болмас.
Мұнан кейін сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Экономикалық даму және сауда министрі Әсет Исекешов индустриялық жобаларды іске қосу жөніндегі жұмыстар әр күн сайын жүріп жатқандығын, әр күн сайын әрбір жоба бойынша нақты талқылаулар ұйымдастырылатындығын жеткізді.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев индустриялық жобаларды іске қосуға және Астанадағы жаңа университеттің ашылуына байланысты өтетін телекөпірге әзірлік жұмыстары жайында жеке баяндады. Министрдің айтуы бойынша, бұл жөніндегі жұмыстар оның қатысушыларымен арада қызу жүргізілуде. Телекөпірді өткізудің сценарийі әзір болған. Мұнан кейін Асқар Жұмағалиев әзірлік жұмыстарының әрбір сатысына жеке тоқталды.
Селекторлық кеңеске онлайн режімдегі интерактивтік байланыс арқылы әрбір өңір басшылары қатысып отырды. Олардың барлығы индустриялық жобаларды іске қосуға тап-тұйнақтай әзірліктер жүргізіліп жатқандығын, жұмыстың кесте бойынша жүргізілуі қатаң бақылауда екендігін айтып берді.
Селекторлық кеңесті Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.