Қоғам • 13 Қараша, 2024

Кәсіпкер қолдаудан шет қалмайды

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев кәсіпкерлермен кездесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған бағдарламалар төңірегінде пікірлесті.

Кәсіпкер қолдаудан шет қалмайды

Ашық диалог форматында өткен кездесуде кәсіпкерлер әкімге сұрақ­та­рын қойып, пікір алмасты. «Дана» жеке білім беру мектебі» ЖШС құрыл­тай­шысы Күләнда Батырбекова био­метриялық жүйені енгізу мәселесін көтеріп, ақпараттық семинарлар өткізу және жаңа балабақшалар салуға жер телімдерін беруге қолдау көр­сетуді сұрады. «Зияткер» ЖШС жанұялық орталығының директоры Әсел Жілкібаева жастар спортын дамытуға бағытталған «Artsport» жобасын қолдауға қатысты сауа­лын қой­ды. Ол қосымша қаржыландыру, құрал-жабдықтарды жаңарту және рес­пуб­­ликалық олимпиадаларға қаты­­су рәсім­дерін жеңілдету қажеттігін атап өтті.

Талғар ауданындағы «ТехСтрой» компаниясының директоры Әсет Талғатбек сауда алаңдарын жаңғырту кезінде санитарлық нормаларды сақтау қажеттігін алға тартты. Жиын­да отандық тауар өндірушілердің «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасына қатысу мәселесі де көтерілді. Кәсіпкер Лян Леонидович отандық тауар өндірушілердің тендерге қатысу мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Әкім кәсіпкерлікте әділ бәсекелестік орта қалыптастыруға қажетті шараларды қабылдауға уәде берді.

«Шағын кәсіпкерлікті қолдауға 4 млрд теңге, пайыздық мөлшер­ле­ме­лер­ді субсидиялауға 2,5 млрд теңге бөлінді. 1,1 млрд теңге – несие мен лизингке кепілдік беру, 220 млн теңге – жас және әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік гранттар. «Даму» қоры 617 жобаға 83,6 млрд теңге субсидия беріп, 10,2 млрд теңгенің 322 жобасына кепілдік ұсынды. Қарашада 40 кәсіпкер мемлекеттік грант алады (әр жобаға 5 млн теңгеге дейін). Алматы облысы кәсіпкерлер палатасында өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауға көмектесетін 8 салалық кеңес жұмыс істейді. Олардың қызметі көлік және логистика, денсаулық сақтау, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану, адам капиталын дамыту, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына бағытталған. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», деді облыс басшысы.

 

Алматы облысы