Қаржы • 13 Қараша, 2024

Бюджет дағдарысынан шығар жол қайсы?

182 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өтіп бара жатқан 2024 жыл ұмытыла бастаған «бюджет дағдарысы» деген тіркесті қайта есімізге салды. Осы жылдың маусым айында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов елімізде бюджет дағдарысы жоқ деп мәлімдеді. Алайда тәуелсіз сарапшылар Ұлттық қордан миллиардтарға бағаланған интервенция бюджеттің жанына жалау бола алмайтынын ашық айтып жүр.

Бюджет дағдарысынан шығар жол қайсы?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Тапшылықтың тамыры тереңде

2025–2027 жылдарға арналған ел бюджетінің жобасына сәйкес, 2025 жыл Ұлттық қор үшін ең шиеленісті жыл болмақ. Қордан 5,3 трлн теңге, соның ішінде кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңге және мақсатты транс­ферт 3,3 трлн теңге осы жылдың еншісіне бұйырайын деп тұр. 2026–2027 жылдардан бастап кепілдендірілген транс­фертті 2 трлн теңгеге дейін шек­теуге Үкімет уәде беріп отыр. Жыл аяғына дейін жоспарланған 1,6 трлн теңгенің 999 млрд теңгесін тамыз айының басында жұмсап қойдық.

Ұлттық қорға деген тәуелділіктің сын көтермейтін деңгейге жеткенін халықаралық сарапшылар да байқап қалды. Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланше қазан айында журналистермен кездескен кезде мұның кері зардабы экономика­ның кейбір сегментіне тигізеті­нін айтыпты. Оның айтуынша, кейбір операция туралы ақпарат ашық түрде ашылмайды. «Ұлттық қор бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін емес, болашақ өсімді қолдау үшін керек», дейді ол.

Қаржы министрлігінің ресми дерегі бойынша, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында кірістер 5,6 трлн теңгені құрады, бұл жоспардан 20%-ға аз, ал шығыстар 10,7 трлн теңгеге дейін өсті, бұл жоспардан 95%-ға жоғары. Қазір бюджет тапшылығы шамамен 50%-ға жетті. Бұған салықтардың аз жиналуы себеп болып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бірінші жарты жылдықта ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 3,3%-ға өсті.

«Бұл тіпті кейбір дамыған елдерге қарағанда көп, бірақ өсім халықтың табысына әсер ете алмай отыр. Ірі инфрақұрылымдық жобаларға және экономиканың жаңа бағыттарын дамы­туға ақша қажет. Салық аз жиналған соң Үкімет бюджетті толықтыратын жаңа көздер іздеуге мәжбүр болады. Сосын ең қолжетімді қаржы көзі – Ұлттық қорға назар аударылады. Біз Ұлттық қор мен бюджет арасындағы жоспарды асыра орындап қойдық. Қоғам мен экономис­тер Үкіметті Ұлттық қор қаражатын басқару мәселелерінде ұстамды болуға шақырады», дейді сарапшы.

 

Бизнеске еркіндік берілсе...

Алғашқы алты айда мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 23%-ына жеткен. Сарапшылардың бағалауынша, 2024-2027 жылдары мемлекеттік борыш ел ІЖӨ-нің 28,5%-ына дейін жетуі мүмкін. Соңғы айда Үкімет халықаралық инвес­торлардан 1,5 млрд доллар қарыз алды. «Қазақстанның Даму банкі» 500 млн доллар, электровоз сатып алу мақсатында 600 млн еуродан астам қарыз алды. Бұл тек соңғы айдағы және шетел валютасындағы көрсеткіш. Нәтижесінде, валюталық қарыз жүктемесі артып, шикізат экспортын ұлғайту қажеттігі өседі. Сөйтіп, экономикаға шетел инвестициясын тарту өзекті бола түседі. Теңгемен номинацияланған ішкі мемлекеттік борыш та бар. Ол да өсіп келеді. Биыл 9 айда мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге арналған бюджет шығысы 4,12 трлн теңгеден асқан (өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп). Бұл – барлық бюджет шығысының 25%-ға жуығы. Ұлғайып кеткен бюджет тапшылығын, әлсіреп кеткен төлем балансын Үкімет салықты өсіріп, мемлекеттік активтерді сатып, борыштық қарызды көбейте отырып жабады.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішовтың айтуынша, бюджет дағдарысы билікті де, қоғамды да жағдайға байыппен қарауға мәжбүрлеуі тиіс.

«Нақты экономикалық проблема шенеуніктерді күмәнді шектеулерге деген құштарлықтан, әлеуметтік-экономикалық үдерістерді қолмен реттеуге тырысудан арылтады. Дағдарыс экономика үшін тамырларды кеңейтетін және тромболитикалық құралға айналуы тиіс. Сондай-ақ Қылмыстық кодекске қайшы келмейтін және мемлекеттік бюджетті толтыруға көмектесетін тетік­тердің бәрі шешілуі тиіс. Алдағы уа­қытта мұнай ақшасынан үміттене бе­руді доғарып, бизнестің еркін тыныс алуына басымдық берілуі керек. Бюджет дағдарысының түйінін бизнес қана тарқата алады. Бизнеске жағдай жасау ұлттық инвесторлар платформасын қалыптастырады», дейді Ғ.Әбішов.

Сарапшы, кәсіпкер Олжас Мамадәлі бюджет дағдарысына қатысты шараларды бір мезгілде жүргізуге болмайтынын айтады.

«Дәл қазір экономика бюджеттік дағдарысты аса қатты сезініп жатқан жоқ. Себебі мұнай бағасы мен шикізат ресурстарының бағасы тұрақты. Бірақ бұл уақытша фактор. Бюджеттің бас­ты инвес­торы – Ұлттық қор мен мұнай. Қосымша құн салығы өсуінің кері әсерін ішкі нарық келер жылдың екінші тоқсанынан бастап сезе бастайды. Бизнестің жағдайы нашарлап, табыс пен шығыс арасындағы алшақтық бір-бірінен алыстап кетсе, теңге екі есе құнсызданады. Үкімет Ұлттық қорға емес, бизнестің мүмкіндігіне көбірек назар аударса дұрыс болар еді. Мен жеке кәсіпкерлік субьектісі ретінде кемі 15 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Экономика бизнесті төмен пайыз, ұзын несиемен қамтамасыз етсе, әрбір субьект 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады. Үкі­меттің бірнеше млрд теңге жұмсап, нәтиже көрсете алмаған шешімін бизнес 200-300 млн теңгемен шешіп отыр», дейді О. Мамадәлі.

 

Келеңсіздік келесі жылы да қайталана ма?

Ұлттық қор қаражаты есебінен мем­лекеттік компаниялар акциясын сатып алу, экспорттаушыларға ҚҚС қай­таруды тоқтата тұру арқылы Үкімет бюджет теңсіздігін білдіртпеуге тырысып баққан еді.

«Бұл шешімнің бюджет дағдарысы­ның кей тұстарын ушықтырып жіберетіні биыл қаттырақ байқалды. Мысалы, 2024 жылдың алғашқы алты айында рес­публикалық меншіктен дивиденд біршама өсті. Бірақ бұл көрсеткіш осы дивидендтерді төлеген компаниялардың дамуына қаншалықты әсер ететіні әлі зерттеле қойған жоқ. Қазақстан қор биржасында жыл аяғына дейін тұрақты өсім береді деген кейбір компаниялардың акциясы бастапқы бағасын ұстап тұра алмады», дейді О.Мамадәлі.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, кірістер мен шығыстардың теңгерімсіздігі туралы болжам шындыққа айналды.

«6,9 трлн теңгенің орнына 5,6 трлн теңге жиналды. Бұл – жоспардың 81%-ы. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жарты млн теңгеге аз. Жетпей қалған 20% Үкіметке үлкен сын болғалы тұр. Үкімет жетпей қалған қаржыны Ұлттық қордан бөлінетін трансферт арқылы толтыруға тырысып жатыр. «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын Ұлттық қорға сату тағы да жарты трлн берді. Қалған 1,8 трлн теңгені қарызға алуға тура келді. Бірақ сонда да қаржы жетпейді. Басты проблема салыққа байланысты. Қазір бизнестің қанша пайызының «көлеңкеге» кетіп қалғанын ешкім білмейді. Қаржы министрлігінің өзі қаржы жетпей отырғанын ашып айтып отыр. Мемлекет 572 млрд теңгенің бюджеттік міндеттемесін орындамаған. Салық жос­пары 1,6 трлн теңгеге орын­далмаған. Осы соманың 874,1 млрды ҚҚС төлемдеріне, тағы 613,9 млрд-ы кор­поративтік табыс салығына тие­сілі. Үкімет кейбір компаниялардан 2024 жылға табыс салығын алдын ала жинап қойды. Енді оның орнын қалай толтырмақ? Қысқасы, Үкімет қолданған салық эксперименттері тәсілінің өзекті­лігін келер жылы анық байқаймыз. Мұның бәрі ІЖӨ деңгейіне әсер етеді. 2025 жылы жаңа бағдарламалар қабылданады деп үміттенудің қажеті шамалы. Ұлттық қорды тағы да сілкілеп, бюджетті қайта қарау келер жылдың алғашқы жарты жылдығында да қайталанады. Мем­ле­кеттік шығыстардағы тежеу ғана инфляцияны бәсеңдетіп, 470-480 доллар бағамын ұстап тұруға көмектеседі. 2025 жыл экономика үшін күрделі болмақ», дейді Алмас Чукин.

 

АЛМАТЫ