Спорт • 13 Қараша, 2024

Спорт түрлерінің іріктеу жүйесі өзгереді

52 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрлігі спорт түрлерінің іріктеу жүйесін өзгерту туралы заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Спорт түрлерінің іріктеу жүйесі өзгереді

Туризм және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. ⠀

Құжатта еліміздің спорт саласында жаңа іріктеу жүйесін енгізу қарастырылған. Заң жобасына сәйкес, басым спорт түрлері олардың әлемдік рейтингтері негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарында ұлттық құрама командаларының көрсеткен нәтижелері бойынша іріктелетін болады. ⠀

Бұл өзгеріс Қазақстанның спорттық құрамаларын дайындаудағы басымдықтарды нақтылайды және халықаралық деңгейдегі нәтижелерге негізделген жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің спортшыларын халықаралық ареналарда бәсекеге қабілетті ету үшін нақты және нәтижеге бағытталған саясат жүзеге асырылмақ. ⠀

«Бұл заң жобасы спорт саласындағы жаңашылдықтарды енгізуді, тиімділікті арттыруды және Қазақстанның спорттық құрамасының халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуін қамтамасыз етуге бағытталған. Біз Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарындағы нәтижелерді басты бағдар ретінде алып, еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз», деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, аталып отырған заң жобасының қабылдануы спортты дамыту жүйесін жетілдіріп, Қазақстанның әлемдік спорт аренасында озық жетістіктерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.