Күрес • 13 Қараша, 2024

Қазақ күресінен ел чемпионаты мәресіне жетті

55 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ күресінен ел біріншілігі Тараз қаласында ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақ күресінен ел чемпионаты мәресіне жетті

Фотолар: drive.google.com

«Тараз-Арена» спорт кешенінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары және 17 облыстан келген 450-ден астам балуан белдесті.

Ашылу рәсімінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов соңғы жылдары төл күресіміздің серпінді дамып келе жатқанын атап айтты.

«Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Соның ішінде ұлттық брендіміз – қазақ күресінің орны бөлек. 40-тан астам елде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Бүгінде қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты өтті. Ал 2023 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары бағдарламасына төл күресіміз тұңғыш рет енді. Балуандарымыз биыл Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік Көшпелілер ойындарында үздік нәтиже көрсетіп, 12 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль иеленді. Спортшыларымыздың халықаралық додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүргені біз үшін үлкен мақтаныш!», деген Ербол Қуантайұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Балуандар бәсекесі – КСРО-ның және ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жақыт Марат Нұрмұхамбетұлының 80 жылдығына орайластырылды. Мерейтой иесіне министр Құттықтау хатын табыстады.

фото

Айта кетсек, Марат Нұрмұхамбетұлы 20 жыл бойы Қазақстанның, 10 жыл бойы КСРО-ның құрамасын басқарып қазақ спортына зор еңбек сіңірген тұлға. Ол 2 еңбек сіңірген спорт шеберін, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 130 спорт шеберін тәрбиелеген.

Ашылу рәсімінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, Марат Жақыттың иығына шапан жапты.

Ал, Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов облыста қазақ күресін дамытуға үлестерін қосып жүрген бір топ азаматты Алғыс хатпен марапаттады.

Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметінен мәлім болғандай, Қазақстан Республикасы чемпионаты 3 күнге созылып, балуандар 16 салмақ бойынша белдесті. Жеңіс тұғырының ең биігіне шыққан балуандар:

Ерлер арасында  Архат Баймурзинов (55 кг., Қостанай облысы), Нұртілек Қаракесеков (60 кг., Ұлытау облысы), Нұрғали Тұрсынғазиев (66 кг., СҚО), Тілек Тоқтасынұлы (74 кг., Жетісу облысы.), Асылжан Кәрім (82 кг., Түркістан обл.), Айдар Бескемпір (90 кг., Жамбыл облысы), Ерсұлтан Мұзаппаров (100 кг., Шымкент қаласы), Қайсар Шамшидинов (+100 кг., Түркістан облысы),  Мұхтар Дәлелханулы (Түйе балуан, Павлодар облысы).

Әйелдер арасында Іңкәр Құралбай (48 кг., Жамбыл облысы), Сағат Байғараева (52 кг., Жамбыл облысы), Ақнұр Асылбекова (56 кг., Жетісу облысы.), Бакыт Құсакбаева (60 кг., Ақтөбе обл.), Ұлдана Таңжарықова (65 кг., Жамбыл облысы.), Ақбота Қыдырәлі (70 кг., Түркістан облысы), Аружан Жандарбай (77 кг., Атырау облысы), Арайлым Шегенова (+77 кг., Жамбыл облысы).

Ал жалпыкомандалық орындар бойынша қоржындарына 5 алтын, 3 күміс, 9 қола медаль салған Жамбыл облысы топ жарды. 3 алтын, 1 қола жүлде алған  Түркістан облысы екінші орынды иеленді. Ал 2 алтын, 1 күміс, 2 қолаға қол жеткізген Жетісу облысы үздік үштікті түйіндеді.