Отбасы • 14 Қараша, 2024

Отбасындағы ұрпақ сабақтастығы

127 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұрпақ арасындағы қарым-қатынас – әлеуметтік дамудың маңызды шарты. Бұл құндылықтар сабақтастығы мен жас буынның табысты әлеуметтенуін қамтамасыз етеді. Жаһан­да­ну­дың әсері, мәдени контекстің, еліміздегі, әлемдегі әлеу­мет­тік-экономикалық, саяси жағдайлардың тез әрі елеулі өзгеруі ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасты түрлі дең­гей­­де дамытады.

Отбасындағы ұрпақ сабақтастығы

Сурет: ru.freepik.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында ұрпақтар арасындағы қарым-қатынастың үйлесімділігі мен маңыздылығына баса назар аударды. Президент «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет», деп атап өтті.

Статистикалық деректер ке­йін­гі 5 жылда 60 жастан асқан аза­маттар санының өскенін көрсетеді. Оның ішінде қарттар саны ең көп өңір Алматы қаласы (302 631 адам), ең азы Ұлытау облысы (31 677 адам) болып отыр.

Бұл үрдіс назар аударуды қажет етеді, өйткені егде жастағы адамдар жастарға өз тәжірибесін, білімі мен ресурсын ұсына алғанымен, олар ұзақ уақыт бойы жастардың қолдауына мұқтаж болады.

Халықаралық зерттеулер ұр­пақтар арасындағы жағымды қарым-қатынас аға және кіші буын өкілдерінің денсаулығы мен әлеу­меттік саласына пайдалы екенін көрсетеді. Мысалы, АҚШ ғалымдары балалармен үнемі волонтерлікпен айналысатын егде жастағы адамдар таяқсыз өздері жүріп, құрдастарына қара­ғанда есте сақтау тестілерінде жақсы жауап бергенін анықтады. Бұдан да кең ауқымды әлеуметтік артықшылықтар бар: ұрпақтар арасын­дағы ынтымақтастық қа­лып­тасып, сақталады, сондай-ақ өмірлік дағдылар, мәдениет, тарихтың трансляциясы жал­ға­сады. Алайда жағымды қа­рым-қатынасқа кері үрдістің бар екенін айта кету керек. Мәселен, аға буын өкілдерінің көбіне дәстүрлі нормалар мен негіздерді ұстанып, жастардың либералды көзқарастарына қай­шы келуі ұрпақтар арасын­дағы көзқарастардағы түсініс­­пеу­ші­ліктерге алып келуі мүмкін.

«Қазақстан қоғамдық даму инсти­туты» КеАҚ биыл «Қазақ­стан отбасыларының ұрпақтар ара­сындағы өзара қарым-қатынас ерекшеліктері» тақырыбында жүргізген зерттеуі аясында 30 кеңейтілген отбасы мүшелерімен терең сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, елімізде бірге тұрудың себептерін үшке бөліп қарастыруға болады. Бірін­шісі – салт-дәстүр, яғни ата-бабадан трансляцияланып келе жатқан қағида бойынша ұл үйдің кенжесі. Бір өзі ғана болған жағдайда ата-анасымен бірге тұру­ды олардың алдындағы борыш санап, күтім жасауды жөн көреді.

Екінші фактор – жеке үй алудың мүмкін болмауы, мұнда сұхбат берушілер еңсере алмай жүрген қаржылық қиындықтарға байланысты ата-аналарымен бірге тұратынын көрсетті. Де­генмен зерттеу барысында ке­ңей­тілген отбасы мүшелері тұрғын-үй жағдайына қатысты, атап айтқанда, жеке физикалық кеңістіктің жетіспеушілігіне шағым білдірмеді.

Үшінші себеп – балаларды, немерелерді тәрбиелеуге көмектесу. Сұхбатқа қатысушы аға буын өкілдері балаларымен бірге тұрып, немерелеріне күтім жасап, тәрбиелеу арқылы ұрпақаралық өзара байланыс­ты сақтау үшін өзін жауапты сезінгеннен бірге тұруды борыш санаса, кіші буын жұмысбастылық себебінен балаларының тәрбиесін ата-аналарына жүктеген және ол шешімдерін ең оңтайлы деп есептейді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, үшінші себеп бо­йынша бірге тұратын кеңейтілген отбасыларда татулықтың жоғары деңгейі мен өзара түсіністік орнаған.

Осы тұста айта кетерлік жайт, ҚҚДИ 1 200 респонденттің қаты­суы­мен 2022 жылы жүргізген әлеу­меттанулық зерттеу нәтиже­леріне сәйкес азаматтардың басым бөлігі ата-әжелер бала тәрбиесіне жағымды ықпал етеді деген пікірде. Сондай-ақ сұхбатқа қатысушылардың барлығы дерлік отбасындағы аға буын балалар мен олардың отбасыларына мо­ральдық және психологиялық қолдау көрсетуі керек деген пі­кірде. Терең сұхбат барысында елі­міздегі кеңейтілген отбасында аға буын көбіне жас отбасын қолдаушы, балаларға ортақ тәрбие беруде көмекші және отбасындағы ұрыс-керіс жағдайында медиа­тор рөлінде екені анықталды. Бұл – отбасындағы ұрпақтар арасындағы өзара қарым-қаты­настың айтар­лық­тай жағымды сипатта екенінің дәлелі.

Жалпы, Қазақстан отбасы­ла­рының ұрпақтар арасын­дағы өзара қарым-қатынасы көпқырлы болып келеді. Мұның негізінде кішілердің үлкендерге деген құрметі жатыр. Оның бас­ты мақсаты – ұрпақтар сабақ­тастығы. Ұрпақтар бір шаңырақ астында өмір сүре отырып, бір-біріне күнделікті өмірде, бала тәрбиесінде, материалдық жа­ғы­нан көмектеседі. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері көр­сеткендей, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің, құнды­лық­тардың берілуі мен жаңғыруы жүреді. Бірге тамақтану және мерекелерді бірге өткізу сияқты отбасылық дәстүрлер олардың біркелкі таралуына қарамастан, отбасылық байланыстарды нығай­туда маңызды рөл атқарады.

Шетелдік зерттеулер отбасын­дағы адамдардың, туысқандардың кездесуіне себеп күнделікті болатын жиындар отбасындағы қарым-қатынасты жылдар бойы нығайтып, жақсартуға септігін тигізетінін көрсетті. Мәселен, Америка психологиялық ассоциа­циясының «Отбасы пси­хо­логиясы» журналында отбасындағы күнде қай­та­ланатын істер және дәстүр­лер мен діни рәсімдер некеге қана­ғаттанушылықтың жоғары деңгейіне, жасөспірімдердің өзін жеке тұлға ретінде сезінуіне, балалардың денсаулығына, оқу үлгерімінің жақсы болуына және отбасы қарым-қатынасының беріктігіне жағымды ықпал етеді деп түйін жасаған. Сондай-ақ зерттеуде заманауи отбасылар қарбалас өмір сүргенімен, бірге тамақтануға 20 минут жұм­сай­тынын көрсетті. Егер отбасы аптасына үш-төрт рет бірге бір сағат тамақтануға жиналып, отба­сымен бірге жиі әңгімелесіп оты­ратын болса, барлық отбасы мүшесі үшін пайдалы болар еді деген тұжы­рымдама жасалды.

Дегенмен зерттеуде бірге тұру барысында ұрпақтар арасындағы бірқатар түсініспеушілік орын алатыны анықталды. Мұның себебі – консервативті және либералды көзқарастарды ұстану дәрежесінің әртүрлі болуы. Жылдан-жылға жетіліп келе жатқан технология­лар да өз ықпалын тигізеді. Терең сұхбатқа қатысушылардың жар­тысынан көбі көзқарастағы айыр­машылықтар ұрпақтар ара­сын­дағы өзара қарым-қаты­настағы мәселелердің негізгі себебі екенін атап өтті. Маңыздысы, екі буын да әңгімелесу мәселені шешудің негізгі әдісі екенін түсінуі қажет және отбасы мүшелері туындаған қиындықтарды талқылауы керек деп санайды.

 

Ақнұр ИМАНҚҰЛ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы