Өндіріс • 14 Қараша, 2024

Сынақтан сүрінбей өткен кәсіпорын

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде жылына 400 мың тонна арнайы кокс шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын құрамында төрт кокс пеші, көмір беретін және кокс түсіретін конвейерлер, газ тазартатын жабдықтар, гудрон бөлу және сақтау алаңы, өнімді жөнелтуге арналған теміржол төсеніштері бар. Кокс металды балқытады. Жаңа зауытта өндірілген өнімді Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттары пайдаланып отыр.

Сынақтан сүрінбей өткен кәсіпорын

«Шұбаркөл көмір» АҚ іске қосқан жобаға бу қазандық­тары мен аммиак суын бей­та­рап­тандыруға арналған қондыр­ғылар да кіреді. Құрылысы 2021 жылы басталған зауыт 2023 жылы өнім шығара бастады. Қыс жақындаған сайын зауыт оның жабдықтарының қауіпсіздігіне, өнімділігіне және сенімділігіне әсер ететін бірқатар маңызды қиындыққа тап болатын.

Технологиялық газ құ­быр­лары мен шайырлы құбырлар қатып қалды. Бұл қалыпты жұмыс істеу үшін бу өндіру­ді арттыруды қажет етті. Кокс пештері жүйенің тұрақ­сыз қысымына байланыс­ты үзіліс­терге ұшырады. Ал кон­вейердің жиі тоқтап қалуы ылғалдылығы жоғары өнім­нің қатып қалуынан болатын. Сонымен қатар шайыр мен аммиак суын айдау кезінде де қиын­дықтар туындады. Шайыр құбыры қатып, бейтараптандыру қондырғылары аммиак суының ұлғаюына (ісінуіне) төтеп бере алмады.

ап

Қыста зауытты тоқтату өн­дірістегі ысырапқа және жаб­­дықтың бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда құ­рыл­­­ғылардың қалпына келуі ұзақ­қа созылады. Кемінде алты ай. Осы сын-қатерлерге жауап ретінде басшылық компания қа-тарында 2006 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауытты пайдалану тәжірибесіне сүйенді. Бірқатар шараны жедел әзірлеп, жүзеге асыруға шешім қабылдады.

Бірінші кезекте бу өндіруді ұлғайту қолға алынды. Жаңа қон­дыр­ғыны жұмыс істеп тұрған қондырғымен байланыстыратын құбыр орнатылды. Ол қосымша бу көлемін жаңа қондырғы­ның маңызды компоненттеріне ба­ғыт­тауға мүмкіндік берді. Қазан­дықты «тамақтандыруға» қосымша сорғы орнатылып, оның өнімділігі артты. Екіншіден, жүйе­дегі қысымды тұрақтандыру мүмкін­дігі ескерілді. Оған кокс пеш­теріне ауа беретін желдет­кіштерге басқару қақпалары орнатылды. Ол қысымды тұрақ­тандыруға және үдерісті біркелкі бас­қаруды қамтамасыз етуге мүм­кіндік берді. Үшіншіден, конвейер жұмысының сенім­ділігін арт­тыруға мән берілді. Конвейерлердің жұмысын жақ­сарту бойынша жұмыс жүр­гізілді. Төртіншіден, мұнайды және аммиак­ты суды айдау ойласты­рыл­ды. Мұнай құбырындағы мәсе­­лені шешу үшін шайырлы желі­ге секірткіш орнатылды. Ол осы құбыр арқылы мұнайды айдау­ға мүмкіндік берді. Жұмыс істеп тұрған зауытқа артық аммиак суын айдауға жаңа құбыр тартылды.

ап

Бұл ретте кедергілерді анық­тау және оларды жою шараларын әзірлеу үшін зауыттың бүкіл технологиялық тізбегінің жұмысына талдау жасалды.

«Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында 2024 жылдың маусым-шілде айлары аралығында зауыт жұмысы тоқтатылды. Бұл шараларды жүзеге асыру зауыт өнімділігін, сенім­ділігін және қауіпсіздігін айтар­лықтай арттырды. Сол мезетте қабылдау сынақтары жүргі­зіліп, зауыт жобалық өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізді», дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким.

Толық жобалық қуатында іске қосылған жаңа зауытта бүгінде 130-ға жуық жұмысшы еңбек етіп жүр.