Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Португалияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі (қоса атқарушы) Педру Нуно Бартоломен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаев П.Бартолоны ресми қызметке кірісуі мен Сенім грамотасын тапсыруына байланысты құттықтап, оның Португалияның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы ретіндегі қызметі екі елдің саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Сенат басшысы, сонымен қатар, Астана Лиссабонмен барлық салалар мен деңгейлердегі үнқатысуды ілгерілетуге мүдделі екендігін айтты.
“Біздің іскерлік әріптестігіміздің тиімді бағыттары отын-энергетикалық, аграрлық, азық-түлік, фармацевтика, құрылыс секторлары мен жеңіл өнеркәсіп саласы болып табылады”, – деді Қ.Тоқаев.
Жоғарғы палата басшысы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайту мәселелеріне тоқталып, Португалия Ассамблеясы Төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Қазақстан Сенатының басшысы П.Бартолоны Қазақстанның ЕҚЫҰ Төрағасы ретіндегі қызметі, сондай-ақ, өткізілген Трансазиялық парламенттік форум жұмысы мен Қырғызстандағы ахуалды экономикалық және саяси тұрақтандыру шаралары туралы хабардар етті.
П.Бартоло өз кезегінде Қазақстанның экономикалық және сыртқы саясаттағы жетістіктерін жоғары бағалады. Ол Португалия ЕҚЫҰ саммитін шақыру жөніндегі, Қырғызстанды экономикалық өрлету бағдарламасын жасақтауға қатысты қазақстандық бастамаларды толық қолдайтынын мәлімдеп, еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығын жоғары деңгейде атқаратынына сенім білдірді.