Турнирге еліміздің, Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшылары тізгіндеген, Қостанай, Адай тұқымдарынан іріктелген 16 жылқы қатысты. Шабандоздар бір күнде 100 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, төзімділікті, шеберлікті, ақыл-ой күшін көрсетті.
Халықаралық Ат спорты федерациясы жылқының төзімділігі жөніндегі техникалық комитетінің басшысы Мұхаммед Әли Амер Омар Әл-Хадрамидің айтуынша, жарыстың бұл түрі қазақтың дәстүрлі ат жарысына өте ұқсас. Қазақ жылқыларының дайындығы өте жақсы, мұнда ғасырлар бойы жылқы шаруашылығы дамыған. «Қазақстанның ат спортынан халықаралық жарыстарды өткізу әлеуеті жоғары, өйткені географиялық тұрғыда Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тағы басқа елдер арасында өте тиімді орналасқан. Болашақта осы өңір ат спортының даму орталығына айналуы мүмкін», деді Әл-Хадрами.
Іс-шараның басты мақсаты – елімізде ат спортын насихаттау, дамыту, қазақы жылқы тұқымдарының, яғни Қостанай, Адай жылқыларының әлеуетін арттыру. Сондай-ақ еліміздің төрешілер алқасының төрешілік сапасын, кәсіби дағдыларын жетілдіру, талантты шабандоздар мен жылқыларды анықтау, оларды халықаралық турнирлерге қатыстыру жұмыстарын жандандыру.
«Бүгінде Адай, Қостанай тұқымдарының жылқылары жойылып кету алдында. Сонымен қатар еліміз ат спортынан халықаралық турнирлерге ұсыныла бермейді. Осы тұрғыда ұйымдастырушылардың негізгі көздегені болашақта отандық жылқыларға әлемдік додаларға жол ашу үшін Халықаралық Ат спорты федерациясы мен төрешілер комиссияларының төрешілеріне жергілікті жылқы тұқымдарын таныстыру болды. Бүгінгі 100 шақырымдық жарыста аттар 20, 30 шақырым сайын демалып, олардың жүрек қағысын, жалпы жағдайын ветеринар мамандар толық тексерістен өткізіп отырды. Турнирдің басты шарты – жарысқа қатысатын жылқының жасы алты жылдан жоғары болуы керек. Сондай-ақ шабандоздың салмағы 70 кг-нан төмен болмауы маңызды. Жарысқа қатысушылар арасында Мажарстан мен БАӘ-ден келген шабандоз қыздар бар. Ат жарысы Халықаралық Ат спорты федерациясының ережелеріне сай өткізілді. Ереже бойынша 30 шақырым шауып келген жылқының жүрек қағысы 60-тан көп болмауы керек. 15 минуттық үзілісте жүрек қағысы осыдан артық болса, ол жылқы жарыс-тан шығарылады. Өйткені аттың денсаулығына зақым келеді. Аттар сағатына орташа есеппен 16–17 шақырымды жүріп өтеді. Сондықтан бұл спорт түрінде аламан бәйгедегідей аттар құлап немесе жарақат алып қалмайды. Соған қарап, жылқыға мейірімді спорт түрі деуге болады», дейді ипполог Ахат Разақ.
«Біз әлемге Адай, Қостанай жылқы тұқымын танытып, олардың әлемдік турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасағымыз келеді. Алдағы 2025 жылы да елімізде жарыстың осы түрін өткізуді жоспарлап отырмыз. Отандық спортшыларды 2026 жылы Қостанай, Адай тұқымдарының жылқыларымен Сауд Арабиясын-да өтетін әлем чемпионатына қатыстыру – басты мақсатымыз», дейді жарысты ұйымдастырушы әрі бас демеуші, «Қобыланды» жылқы зауытының директоры Шыңғыс Досмұхамбетов.
Жарысты ұйымдастырушылар – Ат спорты федерациясы, «Байсерке Агро» агрохолдингі, «Қобыланды» жылқы зауыты. Іс-шара БАӘ вице-президенті шейх Мансур Аль Нахаян мен оның «Emirates International Endura» командасының қолдауымен өтті. Шетелден келген мамандар жарысқа төрешілік етіп, еліміздің ветеринарлары мен төрешілерін үйретті.
«Байсерке Агро» ЖШС «Ат спорты федерациясы» РҚБ-мен бірлесіп, жылқының денсаулығына, қауіпсіздігіне толық қамқорлық жасайтын жылқының әл-ауқат кодексін бекітті.
Сонымен 100 шақырымдық жарыста турнир жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Маңғыстау облысынан қатысқан Көкжебе атты тұлпар, шабандозы Омар Нұрсұлтан иеленіп, Ravon автокөлігін тақымдады. 2-орынды Жетісу облысының жүйрігі Бақторы, шабандоз Дәргербек Хабай иеленсе, 3-орынға маңғыстаулық Тобылғы торы, шабандоз Нұрсұлтан Құмаров жайғасты. Абай облысының тұлпары Гүлсары, шабандоз Виктор Жаналиев 4-орынға тұрақтаса, 5-орын Жетісу облысының Қаһарман аты, шабандоз Дәулет Бейісбаевқа бұйырды.
Мажарстаннан келген Нобель аты, шабандоз Мехок Орхидея алтыншы, Алматы облысының жүйрігі Неаполь, шабандоз Наталья Долгих жетінші болып мәре сызығын қиды. Барлық жүлдегер бас демеуші «Байсерке Агро» холдингінің ақшалай сыйлығына ие болды. Жалпы жүлде қоры 4 млн теңгені құрады.
Мамандардың айтуынша, бұл спорт түрін жетілдіруге көптеген ізденіс керек. Бүгінгі жарысқа қатысқан аттарға халықаралық куәлік беріліп, екпе салынған. Сол тұрғыда жарыс жолына шыққан аттар үнемі бабында болуы үшін ат спорты базасы ұйымдастырылуы керектігі де өзекті мәселе.
Алматы облысы