Атырау облысында биыл маусым айынан бері «Өзгеріс көшбасшылары» жас саясаткерлер мектебі жұмыс істейді. Іріктеу барысында әр саладан 30 адам таңдалды. Жобаның мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсенді жастарды тарту. Мектеп қатысушылары мемлекет және қоғам, азаматтық құқық, бюджет, әлеуметтану және азаматтық технологияларды пайдалану секілді бес бағыт бойынша оқудан өтеді.
Астанаға сапарлаған олар әуелі Мәдениет және ақпарат министрлігінде Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжановпен кездесті. Жиында жастар саясатының негізгі аспектілері қозғалды. Қонақтарға қысқаша экскурсия да ұйымдастырылды.
Көшбасшылар Жастар ғылыми-зерттеу орталығы ұжымымен де жүздесті. Кездесу барысында қатысушылар орталық жұмысымен, оның ғылыми жобалары және жастарды қолдау мен дамытуға арналған маңызды іс-шаралармен танысты.
Бұл кездесу жас көшбасшыларға жастардың өзекті мәселелері мен қажеттіліктерін қамтитын зерттеулер жүргізу бағытындағы негізгі қызметі туралы тереңірек түсінік алуға мүмкіндік берді. Жастар саясатын дамытуда ғылыми көзқарастың маңызы ерекше аталып өтті. Талқылауда орталықтың зерттеу нәтижелерін күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді ескеретін өңірлік даму стратегиялары мен бағдарламаларына енгізу қажеттігі сөз болды.
Қатысушылар «Өзгеріс көшбасшылары» сияқты жобалар тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ғылыми қауымдастық пен жастар арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл өз кезегінде жастарды өңірді дамыту үдерісіне белсенді тартуға мүмкіндік береді.