Аймақтар • 15 Қараша, 2024

Абай ауданында жаңа киберорталық ашылды

68 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Киберорталық интернет-алаяқтық пен хакерлік шабуылдармен күресуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Абай ауданында жаңа киберорталық ашылды

Фото: Polisia.kz

Абай ауданының Затон полиция бөлімінде жаңа киберорталықтың салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара қонақтары заманауи жабдықтарды және орталықтың жұмысын ұйымдастырудағы бірегей әдісті бағалады.

Бұл орталық интернет алаяқтық, хакерлік шабуылдар, жеке мәліметтердің ұрлануы және зиянды бағдарламалық қамтамасыз етудің таралуы сияқты қауіптермен күресуге бағытталған. 2024 жылы облыста интернет алаяқтықтың 597 жағдайы тіркеліп, оның 78 ісі сотқа жіберілген.

Айта кетейік, жоба Alikhan Bokeikhan University-дің құқық факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының қолдауымен жүзеге асырылған. Ол 25 кәсіби полиция қызметкері мен студенттердің күш-жігерін біріктіріп, олардың білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік береді.

«Киберорталықтың құрылуы – киберқауіптер өсіп жатқан заманда қажет қадам. Біз енді цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерге жедел әрекет етіп, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз», деді ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.

Жиында Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан мен Alikhan Bokeikhan University президенті Шырын Құрманбаева ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті нығайтып, білікті мамандарды даярлау үшін жағдай жасайды.

«Киберорталық біздің студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұндай жағдайда тәжірибелік жұмыс жүргізу цифрлық әлемге қажетті нағыз мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», деді Шырын Құрманбаева.