17 Маусым, 2015

Ардагер мұрасының тұсаукесері

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
iЖақында Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрын­да Қорғалжын өңірінің ардақты азаматы, кеңес-партия қызметінің ардагері, артында шығармашылық мол мұра қалдырған Ермек Біжкеновті еске алу және оның «Арман асуында», «Жан тынысы» атты кітаптарының тұсаукесері болып өтті. Кешті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Диқан Қам­забекұлы модератор ретінде жүр­гізіп отырды. «Қазақ даласы сөз қадірін білетін азаматтардан кенде болған емес. Тіпті, таңдаған мамандығы тіл-әдебиеттен бөлек азаматтар да көркемсөз өнеріне хал-қадерінше атсалысты. Кеңес-партия қызметінде болған талай қайраткерлердің халқымыздың рухани мұрасын толықтырғаны да оқырман қауымға белгілі. Осы орайда, Ақмола және Қорғалжын өңіріне белгілі азамат, осы аймақ­тағы талай шаруашылықты ұйым­дастырып, білім және ағарту саласын дамытқан қайраткер, хал-қадерінше әдебиет пен өнерге атсалысқан қаламгер һәм аудармашы Ермек Балтабайұлы Біжкеновтің туғанына 80 жыл толған және оның қаламынан шыққан туындыларының оқырман қауымға жол тартқан тұсаукесер кешіне жиналып отырмыз», деді ол өзінің кіріспе сөзінде. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қара ша­ңырағында білім нәрімен су­сындаған Ермек Балтабайұлы қалада қалып, қаламгерлердің дүбірлі тобының бел ортасында жүрмесе де ел арасында тұ­рып шығармашылықпен айналысты. Артында қалған «Күйеу балаға құрылған тор», «Өмір өткелінде», «Арман асуында» атты туындыларымен В.Дроздан ауда­рған «Сластионның бас киімі» повесі кәсіби жазушы емес, әде­биеттің киесін түсінген азамат­тың қаламынан туған құнды дү­ниелер», деді тұсаукесер кешінде Ермек Біжкеновтің өмірі мен шы­ғармашылық еңбегі хақында баяндама жасаған Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов. Иә, білікті де білімді Ермек Біжкенов өзінің бүкіл саналы ғұмырын Қорғалжын өңірінің экономикалық-әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға, оқу-ағарту саласын дамытуға арнады. Ол 1956 жылы ҚазМУ-ды үздік бітіріп, арнайы жолдамамен Қорғалжын аудандық оқу бөлімінде мектеп инс­пекторы болып еңбек жолын бастайды. Міне, осыдан бастап өмірінің соңына дейін осы өңірде тапжылмай еңбек етіп, Қорғалжын аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы лауазымына дейінгі өсу жолынан өтеді. Өкінішке қарай, Ермек Балтабайұлының өмірі аққан жұлдыздай қысқа болды. Алайда, ол осы жарты ғасыр қысқа ғұмырында адал еңбегімен туған елінің үлкен құрметіне бөленіп, артында өшпес із қалдырды. Тұсаукесер рәсімінде Ермек Біж­кеновтің университетте бір курс­та оқыған досы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, ақын Нұрғожа Ораз, Қорғалжын өңірінің ардагерлері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, зейнеткер Бостан Шахманов, техника ғылымдарының кандидаты,  зейнеткер Жаңбыршы Нүркенов, Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Сағдат Аққожина, Қорғалжын ауданы №1 мектеп-лицейінің директоры Нұрлан Тәжин және осы жолдардың авторы сөз сөйлеп, Ермек Бал­табайұлының өмірі мен еңбек жолына қатысты естеліктерін ортаға салды. Кешті Қ.Қуанышбаев атын­дағы Қазақ драма театрының әртістері қаламгер туындылары негізінде жасалған сахналық қойы­лымдармен өрнектеп отырды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».