Президент • Бүгін, 16:10

Диқандар 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады

26 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Диқандар 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады

фото: gov.kz

«Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру ақсап тұрған саланың бірі еді. Биыл мемлекет бұл мәселені шешіп, бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды. Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі», деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары.

«Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Бидай сапасы мен балауызының деңгейі (32 пайыз) жоғары. Бұған заманауи агротехнологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауылшаруашылық техникаларын жаңарту арқылы қол жеткіздік», дейді ел басшысы. 

Сондай-ақ Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырды. Президенттің айтуынша, бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек.

«Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды», дейді Қ.Тоқаев. 

Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді.

Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады.