Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Мұндай үрдіс соңғы жылдары дәстүрге айналды. Халқымыздың танымал тұлғалары құжаттары мен жеке қорында сақталған құнды жәдігерлерін архивке әкеліп тапсырады. Бұл, бір жағынан, мекеме қорын толықтырса, екіншіден – болашақ ұрпақтың ғылыми-қоғамдық зерттеуіне қажет болары анық», дейді мекеме басшысы Сағила Есімсейітқызы.
Ендігі кезекте бұл қатарға қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың мұрасы қосылды.
Әрбіріне жеке-жеке тоқталар болсақ, кезінде «Жалын», «Жазушы» баспасымен жасаған келісімшарттары, өз қолымен жазған өмірбаяны, қызметтік хаттары, отбасы шежіресі, оқырмандары мен достарынан келген хаттар, әр жылдары түскен фото-суреттері, өз қаламынан туған «Бақыт пен Мұң» драмасы, «Кәмшат» деректі хикаяты, «Жер астындағы теңіз», «Әке үміті», «Қыз ғұмыры», т.б. туындыларының қолжазба нұсқалары бар екен.
Сонымен қатар аудармалары, ақын апамыздың шығармашылығы хақында пікір білдірген: Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, К.Ахметова қатарлы қаламгерлер қолтаңбасы, т.б. мұралар сөреден орын алды.
«Алдағы уақытта ақын апамыздың тізімге алынған мұраларының уақыты анықталады һәм құжаттар сипатына (түпнұсқа ма, әлде көшірме ме) ғылыми-сараптама жасалады» дейді архив мамандары.