Таным • Бүгін, 08:20

Ғалам ғажаптары: Миллионерлер ауылы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемде бүкіл тұрғыны миллионер ауыл бар. Онда әрбір отбасы аумағы 500 шаршы метрден кем емес виллада тұрады. Әрқайсысының гаражында қымбат көлік бар.

Ғалам ғажаптары: Миллионерлер ауылы

Бұл – Қытайдағы Цзянсу провин­ция­сындағы Хуаси ауылы. Хуаси – Қытайда ал­ғашқылардың бірі болып қор биржасына акция шығарған ауыл. Сондай-ақ ауылдың жекеменшік ұшақтары мен тікұшақтары бар. Бұл ауылдағы ең ерекше ғимарат – 74 қабаттан тұратын, биіктігі 328 метр Лун Си халықаралық қонақүйі. Оны Хуаси тұрғындары өз қаржысына салған. Қонақүй Қытайдағы ең биік ғимараттар арасында сегізінші орынға ие.

 

Махаббат құдіреті

ап

Үндістан фермері Дашратх Манжхи өз қолымен тауды тесіп, 22 жыл бойы тоннель қазған. Оның бұл қа­дамға баруына сүйікті жарының қайғылы өлімі себеп болған.

Дашратх Манжхи әйелімен бірге Үндістанның Гай қаласының маңындағы шағын ауылда өмір сүрген. Қарапайым шаруалар секілді олардың да тұрмысы нашар болады. Бір күні әйелі ауыр сыр­қатқа шалдығады. Жедел жәрдем шақырғанымен, ол 70 шақырымдық тау жолын айналып өтетіндіктен, дәрігерлер уақытында жете алмайды. Сөйтіп әйелі қайтыс болады. Сүйікті жарының өлімі фермердің өмірін түбегейлі өзгертеді. Әйелін құтқара алмағанына қатты қиналған Дашратх таудан тоннель қазуға бел буады. Оның мақсаты – қалаға тез жеткізетін тура жол салу. Ол 1960 жылдан бастап 22 жыл бойы адам айтқысыз еңбек пен табандылықтың арқасында үкіметтің қолынан келмеген істі жүзеге асырды.

 

Ұшатын автобус

ап

Қытайдың ұшатын автобус жобасы – футуристік көлік жүйесінің жаңа бір кезеңі. Ол қала ішінде көлік қозғалысын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

Қытайдың «Xpeng», «EHang» компания­лары ұшатын автобус жобасын жасап жатыр. Жобаның басты мақсаты – қаладағы көлік кептелісін азайту. Ұшатын автобус көліктерінің әуеге көтерілуі үшін арнайы электрлі жүйелер мен жоғары технологиялы қозғалтқыштар қолданылады. Бұл ұшатын автобустар толық электрмен жұмыс істейтін көлік түрі болмақ. Сонымен қатар автобустардың жылдамдығы дәс­түрлі көліктерге қарағанда, бірнеше есе жоғары. Егер бұл жоба сәтті іске асса, ол болашақтағы көлік индустриясының негізгі даму бағытына айналуы бек мүмкін.