Суицид • 16 Қараша, 2024

Жаныңның ұқпай жарасын...

210 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын шамамен 720 мың­нан аса адам суицидтен көз жұматынын көрсеткен. Бұл шамамен әлем­де әр­бір 40 секунд сайын бір адамның өмірден өз еркімен кететінін біл­­­­діреді. Ал бізде орта­ша есеппен жылына 3 мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұм­­сайды екен. Оның ішінде басынан сөз асырғысы келмеген бала­­лар, жүйкесі тозған жас­тар, жақынның жылуын сезіне алмаған қарт­тар да бар.

Жаныңның ұқпай жарасын...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Суицидтің негізгі себептері мен фак­торларына талдау жасаған мамандар өзіне өзі қол салуға бейім жандардың ауруы бір, жарасы ортақ екенін айтады. Мәселен, әлемдегі жағдайға зерттеу жүргізген тәжірибелі психологтер суицидке итермелейтін бір­неше факторды алға тартады. Бірін­шісі – психикалық денсаулық мәселесі. Яғни депрессия, биполярлы бұзылыс, шизофрения және басқа да психикалық ауытқу адамның эмо­ция­лық жағдайын нашарлатып, өмір­ден түңілуіне әкелуі мүмкін. Екін­ші­ден, жеке өмірдегі қиындықтар. Мұндай жағдайға жақын адамынан айырылу, отбасылық кикілжің, неке мәселесі мен балалармен байланысты проб­лема адамдарды мұңға батырып, суи­цидтік ойлардың пайда болуына әсер етуі ықтимал. Үшіншіден, жұмыссыздық, қаржылық қиындық, кедейлік және әлеуметтік оқшаулану секілді эко­но­микалық, әлеуметтік факторлар – өз-өзіне қол салуға жиі итермелейтін себептің бірі. Өйткені мамандар қаржылық тұрақсыздық пен жұмыс табудағы қиындық адамның үмі­тін сөндіріп, шарасыздыққа кері әке­летінін айтады. Бұған қоса созылмалы аурулар, физикалық ауыр­сынулар мен мүгедектік жағдайы да психологиялық ауыртпалықты арттырып, адамды суицид жасауға мәжбүрлейді. Ал әлеуметтік қысым мен стигматизация да – өмірден баз кешуге басты себеп. Көптеген елде әлеуметтік стигманың салдарынан адамдар қоғамнан тез оқшауланып қалады. Бұл да өз кезегінде суицидтік ой­лардың пайда болуына себеп болатын көрінеді.

Балалар мен жастар арасындағы суицидтік ойлардың артуына интер­неттегі қысым, кибербуллинг, әлеу­мет­тік желілердегі өз-өзіне күмән келтіру факторлары үнемі әсер етеді екен.

Біздегі жағдайда да суицидке бар­­ғандардың себебін психологтер күй­зеліс, биполярлы бұзылыс секілді бірнеше психикалық ауытқудан іздейді. Ал психикалық денсаулыққа қатысты тақырыптар стигматизацияға ұшырағандықтан, көп адам көмек сұрауға ұялады немесе оны қажет деп санамайды. «Ұят боладымен» өмір сүрудің соңы терең күйзеліске түсіріп, суицидке итермелейді деген сөз. Сұмдығы сол, қазір еліміздегі жасөспірімдер арасындағы суицид деңгейі әлемдік орташа деңгейден жоғары болып кеткен. Бұған буллинг, кибербуллинг, өз-өзіне деген күмән, әлеуметтік желілердегі қысым және жасөспірімдердің эмоционалдық тұрақсыздығы ықпал етіп жатыр. Оның сыртында отбасылық әрі  әлеу­мет­тік қиындықтардың да салдары барын жиі айтатын мамандар тұрмыстық жанжалдар, ажырасу, ата-аналар арасындағы қарым-қатынас мәселесі, қаржылық қиындық пен жұмыс­сыздық сияқты жағдай­лар адам­дардың эмоционал­дық жағ­дайы­на теріс әсер етуімен түсіндіреді.

Отандық психологтердің пайымынша, елдегі экономикалық тұрақ­сыз­дық және қаржылық қиын­дық адамдардың психоло­гиялық жағдайын ауырлатып, үмітсіздікке жиі бой алдырады. Білім беру орындары мен отбасындағы қысым да ересектермен қатар жасөспірімдердің жандүниесіне кері әсер етіп жатыр. Айталық, білім алудағы жетістіктерге деген үлкен талап, мектептегі психологиялық қысым мен тестілеудегі ересектер күткен нәтижеге баса назар аудару кейде балаларға ауыр тиеді екен. Ал осындай психологиялық соққы мен жақын адамдардан қолдау күтпей күйзеліс алған адамдарға мамандардың алдына бару мүмкіндігі жоқ. Әсіресе ауылдық және шалғай аудандарда медициналық қызмет қолжетімділігі төмен. Кейбір өңірлерде психоло­гия­лық әрі психиатриялық көмекке қол жеткізу қиын. Бұл суицидтік ойларды болдырмауға, қажетті көмекті уақтылы алуға кері әсерін тигізіп келе­ді.

Психолог Анна Құдиярова суицид бұл қатты психологиялық ауыр­сынуға жедел жауап екенін айтады. Оның айтуынша, бұл емделусіз ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалған ұзақ эмоционалдық ауырсыну­дың күшеюінен туындайды. Демек суицид­тік қимыл жасайтын адамдарда өлу ниеті болмайды, бірақ олар бас­қа­ларға маңызды психологиялық қа­жет­тілік туралы хабарлау ниеті­мен өзіне-өзі зиян келтіруі мүмкін.

«Суицид қаупі сезімдерді, психо­ло­гиялық қажеттіліктерді жеткізу тә­сілі ретінде өзін-өзі өлтіруге тырысу немесе жасау туралы қорқыту, ескертулермен байланысты. Клиникалық тұрғыдан суицидтік қимыл мен қауіп әдетте үмітсіздікті, ашуды, бақы­лау­ды, қорғауды, жақындық пен қам­қор­лықты ұсынуды білдіреді», дейді пси­хоаналитик.

Ал осы ұсынысқа айналадағы жан­дардың дер кезінде көңіл бөлмеуі эмоцио­налды жарақаты бар адамда психикалық бұзылу басталады. Осы бұзылыс шарықтау шегіне жеткенде, адам санасында бірден өз-өзіне қол жұмсау ниеті оянады.

Суицидолог Татьяна Браун да ешбір адам өз өмірін оңай қия салғысы жоқтығын айтады. Кез келген қайғылы оқиғаның артында шектен тыс эмоционалды, импульсивті, түймедейді түйедей етіп қабылдайтын өкпешіл, эмоциясын сыртқа шығара алмайтын, басындағы қайғысын айналасындағы адамдармен бөлісе алмайтын адам болғанын білуге болады.

«Кейде өзін-өзі шектен тыс жақсы көретін немесе сыр сақтағыш, ымырасыз адамдар да өз-өзіне қол салуға бейім келеді. Өзімен-өзі жүретін томаға-тұйық адамдар қоғамдағы әр­­түрлі нәрселерді көңіліне ала бас­тайды. Тұрмыстық қиыншылық пен жал­ғыздық қатар келгенде күйзеліске түседі. Бірақ өмірдің қиындығы адамды өлімге итере салмайды. Алды­мен сөзі мен іс-әрекетімен хабар береді. Кейбір адамдар «сендер мені әбден шаршаттыңдар» деп айта алады, ал кейбіреулер жеке қалғысы келеді. Көңілсіз музыка тыңдап, қайғылы кино көре бастайды. Алайда жақындары бұл адамның көмекке шақырып жатқанын түсінбейді. Өзге түгілі өз жақыны жанын түсінбеген­­діктен, әділдікті орнату мақсатында суицидтік қадамға барады», дейді маман.

Сондай-ақ суицидолог жас­өс­пі­рім­­дер суицидін жұқпалы ауру деп санайды. Өмірдің оңы мен солын танып үлгермеген балалар өмір­дің алғашқы сынағынан сынып қа­лып жатыр. Бұл жерде де өткінші қиын­дық­тан өткізіп жіберетін жақын жандар міндетін мүлтіксіз атқара алмай отыр.

«Балалардың суицидтік мінез-құл­қының пайда болуына ата-анасымен, ортасымен қарым-қатынас жасай алмауы – себеп. Ата-анасының ұрыс-керісі, орынсыз махаббат, қызғаныш, менмендігі де күйзеліске түсіреді. Адам неғұрлым жас болса, соғұрлым оның өмірден кету ниетінің ақиқатын анықтау қиын. Себебі олардың іс-әрекетіндегі албырттық ырыққа көн­бейді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жұқпалы ауру секілді. Бірақ оның алдын алу үшін отбасындағы тәрбиені тізгіндеу керек. Алдымен үйдегі ере­сектер жүріс-тұрысына, сөзіне абай болғаны дұрыс. Ал баласының бойын­дағы өзгерісті байқаған болса, суицид туралы баламен ашық сөйлесу мен талқылау – балаңызға жасай алатын ең пайдалы нәрселердің бірі. Тіпті, балаңыз немесе жақыныңыз суицид туралы әзілдеп немесе сөз арасында байқамай айтып бастаса, бұл оның алдағы күндері өзін-өзі өлтіруі мүмкін жоспарының пісіп-жетіліп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан жаны жаралы адамға жәр­дем керек. Себебі әртүрлі мате­риал­­дық және моралдық қолдау адам­ның бо­йын­дағы қауіп-қатерді азайтып, райынан қай­таруға септігін тигізе алады», дейді Т.Браун.

Америкалық психолог Джамейка Фалконер «Адамдардың болашаққа деген үмітсіздігін сезсеңіз, онда бұл үрей тудыруы керек. Сүйікті ісіне қызы­ғушылығы азайса, мұндай адамдарды да жоғары тәуекел тобына жат­қызуға болады. Көңіл күйіңіз ор­нында болмаса, ұзақ бөгелмей бірден жақындардан көмек сұрап, психологтерден кеңес алған жөн. Ең маңыздысы, қоғамдағы келеңсіздікке немесе әлеуметтік желідегі байлардың ертегіге бергісіз өмірін көріп, өзіңмен салыстыру дұрыс емес. Мұндайды жүрекке жақын қабылдау күйзеліске түсіреді», деп санайды. Ал италиялық психиатр Нарко Саркопян оқушының сабақ үлгерімі күрт төмендеп, себеп­сізден себепсіз екі күн сабаққа келмесе, бұл баламен жұмыс істеу қажет екенін жеткізген. Себебі адам «мен өмірден шаршадым» деп айтқан күннен бастап бұл адам қауіпті аймақта деп есеп­телетін көрінеді.

Бір сөзбен айтқанда, денсаулығында психологиялық және физикалық кеміс­тігі бар адамдар да, тіпті он екі мүше­сі сау, ой-өрісі кең жандардың өзіне жан жылуы сезілмесе, өмірге деген өкпесі өзін-өзі өлтірумен аяқта­лады екен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, күйбең тірлікте жаны жал­ғыз­сыраған жақындарға жылу сыйлай алсақ, суицид жасағандардың статис­тикасын азайтуға үлес қосар ма едік, кім білсін?