31 Қаңтар, 2015

Дамыған бизнес – тұрақтылық тұғыры

635 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
фото Султанова-2Қаржы министрі Бақыт СҰЛТАНОВПЕН әңгіме – Бақыт Тұрлыханұлы, «Нұрлы Жол – болашақ­қа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясаты шеңберінде Қазақстан Үкіметі елде шағын және орта бизнестің дамуын қолдауға ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Шағын және орта бизнес­ке неліктен соншалықты көңіл бөлініп отыр? – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтыл­ған «Нұрлы Жол» Жаңа Эко­­­номикалық Саясаты ел эко­номикасының өсуін ынталандыруды ғана емес, құрылымдық реформаларды жалғастыруды да мақсат етеді. Өздеріңіз білесіздер, Ел­басы Қазақстанда шағын және орта бизнестің даму маңыз­дылығына тұрақты көңіл бөліп отырады. Соңғы жылдары біз­дің елімізде осы саланың дамуына жәрдемдесу тұр­ғысында үлкен жұмыстар жасалды. Бизнесті ашу және жүргізу үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, стартаптарға  және тұтастай алғанда, шағын және орта бизнеске несие берудің жеңілдікті жағдайлары жа­сал­ды. Атал­ған саясат «Нұрлы Жол» шеңберінде жал­ғасын таба­ды. Осы орайда ол Ұлт­тық қордан ай­тар­лықтай қар­жы ресурстарының бөлінуі, сондай-ақ «Даму» кәсіп­кер­лік­ті дамыту қорының жеке қара­жаты арқылы да күшей­тілетін болады. Сонымен қатар, 2015-2019 жылдары халықаралық қар­жы ұйымдарымен бір­лесіп шағын және орта бизнес саласындағы жобаларды іске асыру басталады. «Нұрлы Жол» басым деп анықтаған жеті саладағы жобаларды іске асыруды қолға алған отандық кәсіпкерлер 13 миллиард доллардан асатын мөлшерде қаржыландырудан үміткер бола алады. Әңгіме тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолдардың құрылысы, электр энергетикасын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту сияқты салалар жөнінде болып отыр. Дәл осы жоғарыда атап көрсетілген екі факторды басшылыққа ала отырып,  «Нұрлы Жол» шағын және орта бизнесті дамытуды барынша ынталандыратын болады. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды. Кез келген елдің экономикасында шағын және орта бизнес елеулі рөл атқарады. Кәсіпкерлік белсен­ділік жоғарылаған сайын, жалпы өнім деңгейі де жоғары. Кәсіпорын құра отырып жекеменшік бизнес белгілі бір идеямен нарыққа шығады, оны іске асыру өңірдің, демек, елдің де жалпы өнімінің өсі­мін қамтамасыз етеді. Бизнес идеясы табысты бол­ған сайын, оның өнімділігі мен табыстылығы да жоғары. Тиісінше, өңірлік экономиканың өсуіне кәсіпорынның қосар үлесі де көп. Екінші маңызды жағдай – бюджетке түсетін салық түсімдерінің өсуі. Әдетте ірі компанияларға қарағанда шағын ұйымдар өз есеп шоттары бойынша уақтылы төлем жасап отырады. Қазақстанда қазір бюджеттің кіріс бөлігінде шағын және орта бизнес үлесі 18-20 пайыздан аспайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді. – Демек, дағдарыс кезінде ірі бизнеске қарағанда шағын және орта бизнеске екпін түсіру тиімдірек болғаны ғой? – Шағын және орта бизнеске басымдық беру қай кезде болса да пайдалы. Өйткені, бұл сала – берік орта таптың іргетасы болып табылады. «Орта тап» дегеніміздің өзі жекеменшік арқылы өзін іс жүзінде көрсету мүм­кін­дігін алған адамдар санының өсу шамасына қарай қалыптасады. Бұл ұғымның өзі ұсақ және орташа меншік иелері мен кәсіпкерлерді белгілеу үшін XVII ғасырда пайда болған. Бүгінде орта тапқа табыс деңгейіне қарап қана жатқызу дәстүр­ге айналған. Бірақ өздеріңіз білетіндей, менеджер­лер, басқарушылар, оның ішінде жеке бизне­сін басқаратындар жалдамалы қызметкерлерге қараған­да анағұрлым тиімді қаржылық жағдайда болады. Біздің өз бизнесін ашатын адамдар неғұрлым көп болса және ол неғұрлым табысты жұмыс істейтін болса, орта таптың әлеуметтік тобы да солғұрлым кеңейе түседі деуіміз де сондықтан. Бірақ сонымен қатар, шағын және орта бизнес саласы ірі бизнеске қарағанда өнім бірлігіне шаққанда жұмыс орындарын көп құратындықтан халықтың да жалпы әл-ауқаты жақсара түсетін болады. Әңгіме білікті кадрлар үшін ғана емес, сонымен бірге студенттер, зейнеткерлер, орта білімі және біліктілігі бар адамдар үшін де жұмыс орындарын құру жөнінде болып отыр. Яғни, табыс табудың қосымша көздері пайда болады. Оның сыртында, шағын және орта бизнес әлемде инновациялық технологиялардың негізгі генераторы болып есептеледі. АҚШ-та мысалға, шағын және орта бизнес саласында ашылған әрбір сегізінші компания жаңа өнім мен технологияларды әзірлеуге, өндіруге және коммерцияландыруға мамандандырылған. – Онда мемлекет олардың қызметін қандай да бір жолмен қоса қаржыландырып отырады ғой? – Қазақстандағы сияқты оларда да мемлекет ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) қолдау көрсетіп отырады. Мәселе бизнестің жеке мүдделілігінде: бір жағынан өзіне қажетті талдауларды сатып алу немесе ШОБ-қа тапсырыс беру үшін ірі бизнестің, екінші жағынан инновациялық идеяларды іс жүзінде жүзеге асыруға дейін жеткізу үшін шағын және орта бизнестің мүдделілігінде. Мемлекет басшысы ғылымның нақты іс игілігіне жұмыс істеуінің маңыздылығын жайдан-жай айтқан жоқ. Инновациялар өндірістің пайдалы әскер коэффициентін (ПӘК) арттыруға, түптеп келгенде, табыс табуға бағытталуы тиіс. Бұл барша үшін де тиімді. Сөз ретінде айта кетсек, ШОБ инновация­лар­ды құруға ғана атсалыспайды, сонымен бірге, ірі бизнеске қарағанда инно­ва­циялық өнімді өз қыз­метіне де белсендірек ен­гізе­ді. Ірі фирмалар, үлкен тәуе­кел мен жоғары шығын­дар­ды ескере отырып, жаңа өнім­дер дайындауға асқан сақтықпен көшеді. Ірі фирмалар өнімдерінің жаңаруларына жасалған талдау оның түр­лерінің 70 пайызының модификациялар, 20 пайызының шағын инновациялар және тек 10 пайызының ғана бұған дейін ешкім шығармаған жаңа өнімдер екенін көрсетіп отыр. ШОБ бұл тұрғыда шап­шаң­дау қимылдайды. Ол тұты­ну­­шылар мүдделеріне жақы­нырақ және өз қызметін өз тұ­ты­нушыларының мұқ­таж­дары­на қарай шапшаң бейім­дей алад­ы. Шағын бизнес үшін ол ры­нокта бәсекелестікке төтеп беріп, тұтынушы үшін кү­рес­те жеңіп шығу үшін қажет. – Сонда ШОБ экономиканы жаңғыртудағы маңызды буынға айналатын болып отыр ғой? – Сонымен бірге, эконо­мика­ның дамуы мен қоғамдық прогресті қамтамасыз ететін бәсеке­лес­тіктің күшеюі үшін де ынталандырушы болып табылады. – Елде жекешелендіру үдерісі іске қосылғаннан бері мұндай жаңашылдықтың рөлі туралы жиі айтылуда. Сіз ШОБ бүгінде мемлекет сатуға шығарған кәсіпорындар үшін өсу катализаторы бола алады деп ойлайсыз ба? – Өткен жылы біздің же­ке­­шелендірудің екінші бұқаралық толқынын іске қос­қан­ымызды білесіздер. Алғашқысы 90-шы жылдар­дың үлесіне тиесілі. Осы науқан шеңберінде біз мемлекеттік активтерді сатып қана қоймаймыз, сонымен бірге, бизнестің күшін қолдану үшін рыноктағы тауашаларды да босатамыз. – Сіздердің бизнес үшін қажетті тауашаларды босатып жатқандарыңызды қалай түсінуге болады? – Біз жеке сектор жұмыс істей алатын жерде мемле­кеттік кәсіпорындар секторының қызметі шек­теулі болатын Yellow Pages Rule қағидатын қолда­намыз. Мемлекеттік кәсіпорындар тек ұлттық қауіп­сіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қоғам мүддесін қорғауды, мемлекет меншігіндегі стратегиялық нысандарды ұстауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндіктері жоқ жерлерде ғана жұмыс істей алады. Егер қарапайым тілмен айтар болсақ, жеке бизнес бар жерде іс жүзінде мемлекеттік кәсіпорындар болмауы тиіс. Өйткені, мемлекет өзінің қатысуымен рынокта бәсекелестікті тұншықтыратын болады. Яғни, нарықтық қатынастардың негізін жоқ­қа шығарады. Ал бәсекелестік жоқ жерде ұйық­тау­ға жақсы болғанымен, өмір сүрудің нашар болатын­дығы белгілі. Егер сіз жекешелендірілетін компаниялар тізіміне қа­рар болсаңыз, көптеген білім беру орталықтарын, мем­­лекеттік тілді оқыту орталықтарын көресіз. Бұл са­ла­­да бүгінде мемлекеттік орталықтар да бар, сонымен бір­ге, жеке сектор қызметі де белсенді дамуда. Егер жекеменшік бар болса, мемлекеттің не қажеті бар? Жаңа кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сек­тор­дың еншілес компанияларын құру барысында да осы қағидаттар қолданылатын болады. Мемлекет, тіпті квази-түрде болса да, жеке бизнестің несібесін алып қоймауы тиіс. Өзіміз айтып өткендей, жеке бизнес табыс табуда анағұрлым өнікті жұмыс істейді. Өйткені, кез келген инвестордың басты міндеті – банкрот болмау. – Күзде қазақстандық жекешелендіру аук­цион­дары үшін таңғаларлық Шығыс Қазақстан­да­ғы бір ЖШС-нің сатылу бағасы туралы айтыл­ды – ол бастапқы бағадан 25 есе артық болды. – Әңгіме «Ритуал-Сервис» ЖШС-нің 51 пайыз­дық акциялар пакетін сату жөнінде болды. Онда сату бағасы шынымен де бастапқы бағадан 25,5 есе­д­ен асып түсті. Әзірге бұл ЖШС оған бизнестің қызы­ғу­шылығы жағынан көшбасшы болып тұр. Ең қызығы, сатып алушылар ауционның басынан-ақ жоғары ставкалар жасай бастаған. «МАК-Екібастұз» ЖШС-ні («Қазақстан темір жолы» ҰК активіне қарасты) сату кезінде де біз биз­нестің жоғары қызығушылығына куә болдық. Онда сатып алушылар бірқалыпты, бірақ табанды саудалас­ты, барлығы 55 «сауда қадамы» жасалды. Айтқандай, бұл саудаға 5 сатып алушы қатысты. Демек, сақ жүргеніне қарамастан, тартыс жеңіл бола қойған жоқ. – Сатылғандардың ішінде ең қымбаты қандай нысан болды? – Егер түпкілікті баға бойынша айтар болсақ, онда «Халықтық ІРО» бағдарламасы арқылы 13,1 млрд. теңгеге жекешелендірілген KEGOC компаниясы. Аукцион арқылы ең қымбатқа сатылған нысандардың бірі «МАК Екібастұз» болды, ол миллиард теңгеден астамға сатылды. Ал «Алматы вагон жөндеу зауыты» АҚ-тың 100 пайыз акциясының құны ең жоғары бағаға ие болып, 6,6 миллиард теңгені құрады. Мен бүтіндей алғанда, жекешелендіру үдерісі жақсы алға басуда, ең бастысы, ол бизнеске қажет болып отыр деп есептеймін. Мемлекет бизнестің күшін қолдану үшін бәсекелестік тауашаларды барынша көбірек босату мақсатын қойып отыр. Бұл түптеп келгенде, елдегі кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасайды, ал ол біздің мемлекетіміздің экономикалық тұрақтылығына оң әсерін тигізбек. Өйткені, егемен мемлекет дегеніміз – ол өзін қамтамасыз етуге қабілетті мемлекет. Мұның өзі салықтар түрінде бизнестің шырынын сығып алмай, сонымен бірге, кәсіпкерлікті, ақырында, бүтіндей алғанда, салық салу базасын кеңейту үшін жағдайлар жасай отырып, жүзеге асуы тиіс. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».