Астанаға арнайы көрме үшін Лондоннан екі тонна экспонат жеткізілген. Оның ішінде металл инсталляциялар мен мүсіндер, кенеп суреттер, бейнепаннолар бар.
«Менің шығармашылығым – әлемнің шексіз трансформациясының көрінісі. Көрермен ескі формалардың жойылғанын, жаңа формалардың пайда болып, тіпті ерекше дүниеге ұласып жатқанын көрсе екен» дейді көрме авторы.
Юнус Сафардияр – Корольдік көркемсурет академиясының мүшесі. Оның көрмелері мен туындыларының аукциондары 1986 жылдан бері өткізіліп келеді. Мүсіншінің шығармалары Нью-Йорк, Лондон, Флорида, Санкт-Петербург, басқа да қалалардағы музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы тұр. Бірнеше жұмысы ең көне аукциондардың бірі Sotheby’s-те сатылып, ал «Ояну» мүсіні Лондондағы әйгілі Regent’s Park-ке көрік беріп тұр.
Бүгінге дейін Ұлттық музейдегі көрмені 3,5 мыңнан астам адам тамашалады. Экспозиция музейдің 5-қабатындағы көрме залында ұсынылған.