Жаңа кешеннің құрылысы 2023 жылы басталған еді. Құрылысты «AN Groups» ЖШС мердігерлік компаниясы мерзімінен бір ай бұрын аяқтап, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынып отыр.
Жаңа кешен ауыл азаматтарының бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған орын болары анық. Тиімді өткізіп қана қоймай, саламатты өмір салтын ұстануға серпін береді. Мұнда әр жастағы азаматтар бадминтон, баскетбол, волейбол, теннис, армрестлинг, бокс, қазақ күресі секілді спорт түрлерімен айналыса алады. Кешеннің барлық спорт залдары заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Мұндай спорт кешені бізге өте қажет еді. Бұдан былай әркім өзі қалаған спорт түрлерімен еркін айналыса алады. Бокспен шұғылданып жүргеніме алты жыл болды. Бұған дейін жаттығулар Ақжар ауылында өтіп тұратын. Ендігі жерде осынау кешеннен кіл мықты спортшылар шығарына сенім білдіреміз, – дейді жас боксшы Ерсұлтан Ермекұлы.
Кейінгі бес-алты жылдың көлемінде Шығыс Қазақстан облысында спортты дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Былтырдың өзінде облыста 15 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бір сөзбен, халықтың бұқаралық спортпен айналысуына айтарлықтай жағдай жасалып жатыр.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов арнайы келіп, тұрғындарды құттықтап, жаңа кешенді тиімді пайдалану керектігін атап өтті.
– Әр ауылдарда бұқаралық спортты дамыту арқылы халық денсаулығын жақсарту, жастарды саламатты өмір салтына баулу қажет. Сол мақсатта мемлекет осындай спорт кешендерін көптеп салып жатыр. Тұғылдың спортшылары тұғырдан көріне берсін! – деді Н.Сақтағанов.
Сондай-ақ Тұғыл ауылдық округіне қарасты Байтоғас ауылында медициналық пункт бой көтерді. Бүгін-ертең оның да лентасы қиылып, халықты қуантады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Тұғыл ауылы