Әр қаламгердің оқырманға танытқан шоқтығы биік шығармасы болады. Мерейтой иесінің сондай дүниесі – «Ақмола үшін айқас» атты мақаласы. Автордың бұдан қаламгерлігін ғана емес, қайраткерлігін де көресіз. Отыз жылдан аса мұздай сірескен Целиноград атанған қаланың байырғы атауы – Ақмоланы қайтарып алуға Мұратбек Тоқтағазин, бейнелеп айтқанда, ештеңеден тайынбады. Ресейдің сонау Нижний Новгород (бұрынғы Горький) шаһарына арнайы барып, оның тарихи атауы қалай қалпына келтірілгенін зерттеді. Сол кездегі өзі меншікті тілші болып істейтін «Егемен Қазақстанға» дүркін-дүркін мақала жазды. Қала тұрғындарынан қол жинады. Зиялыларды сөйлетті. Одан қалды, журналист-депутат ретінде Целиноград қалалық кеңесінің сессиясында мәселе көтеріп, Ақмола атауын қайтаруды шаһар тұрғындарының ғана емес, бүкіл қазақтың тілегі екенін жеткізіп, мәлімдеме жасады. Міне, осындай табанды күрестің нәтижесінде 1992 жылы қаланың тарихи атауы қайтарылды.
Жиында өткір журналистің осы қайраткерлігі көбірек ауызға ілінді. Ғылыми конференция екі бөліктен тұрды. Алдымен мерейтой иесіне арнап жолдаған Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің төрағасы Е.Қошановтың, Мемлекеттік кеңесші Е.Қариннің, Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаеваның, Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің, Абай облысының әкімі Н.Ұранхаевтың және Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының құттықтауы оқылды.
Одан кейін кезек баяндамашыларға тиді. Қарымды қаламгер, академик Бауыржан Омарұлы Қазақ ұлттық университетінде бес жыл бірге оқып, бір бөлмеде тұрған әріптесінің өмірі мен шығармашылығының өзіндік эволюциясы бар екенін әзілмен әрлеп, әдемі жеткізді.
«Оны үш тарапқа бөлуге болар. Студент. Журналист. Зерттеуші. Ал сіз «Қайраткерлігі қалып қойды ғой», деп дау айтарсыз. Келісеміз. Бірақ оның қайраткерлігі мектепте жүргенде-ақ басталып кеткен сыңайлы. Сондықтан жаңағы біз айтқан үш арнаның үшеуі де қарымды қайраткерлігінің қалқасында тұрады. Біз оны білеміз. Білетін себебіміз, бірге оқыдық. Бір бөлмеде тұрдық. Бір аудиторияда білім алдық. О бастан қолды-аяққа тұрмайтын адам айтқысыз жыбырлақ бала болды өзі. Бір өзінде жиырма бес аттың күші бар шығар. Ол «Том мен Джерри» мультфильмінің кейіпкерлері секілді көз ілеспес жылдамдықпен әлдеқайда зулап бара жатады. Көк базардың жанындағы тоғыз қабатты үйге шетімізден сүйреп апарады. Танымайтын адамы жоқ. Тынымсыздың тынымсызы. Сол тоқтамайтын Тоқтағазиннің арқасында өзіміз де ақпарат әлеміндегі аға буынмен тығыз байланыс орнаттық», деді ол. Ал Парламент Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай өзі жетекшілік етіп отырған клубтың іргелі ортаға айналуына М.Балқыбекұлының үлесі мол екенін айтып, клуб мүшелері атынан оған алғысын айтты.
Жампоз журналист жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын бұрынғы Целиноград облысының қазіргі «Арқа ажары» газетінен бастаған. Мұнда зерделі жасты қазақ баспасөзінің тарландары Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіхалық екеуі қолынан жетелеп, «Өмірді көргің келсе, өңірді көр!» деп, ертіп келген. Сонау Көкшетаудан ат арытып жеткен жазушы Жабал Ерғалиев халқымыздың ардақты азаматы Сәкен Сейфуллин негізін қалаған басылымда қызмет істеген Мұратбектің қайраткерлігі мен шығармашылығы туралы парасатты ой қозғап, қазіргі отандық журналистиканың алдында тұрған міндеттеріне де тоқталды. «Журналистің санасы, қаламы ешқашан тоқырап көрген емес. Өйткені халық, мемлекет алдында біз айтатын, көтеретін мәселе өте көп. Ұлттың жаңа болмысын, санасын қалыптастыру, оны бүгінгі жаһандық жағдайға бейімделу мәселесінде де алдымызда үлкен міндет тұр. Тәуелсіздікке, мемлекетке адал қызмет етіп келе жатқан екі мамандық иесі болса, соның бірі – журналист», дей келіп, мерейгерге Ақмола облысының әкімі М.Ахметжановтың құттықтауын табыстады. Сондай-ақ халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың жылы лебізін жеткізген академик Кәрімбек Құрманалиев оны аталған ұйымның Ахмет Байтұрсынұлы атындағы алтын медалімен марапаттады.
Мұратбек ағамыз «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болған жылдары, басылым бетінде жасындай жарқылдады. Ұлттық мәселемен бірге астықты өлкенің сан алуан проблемасын көтерді. Есімі елге танылды. «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов журналистің қайраткерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің ең бір жарқырап көрінген сәті, ел газетімен тығыз байланысты екенін айта келіп: «Дәлірек айтқанда, бас басылым Алматыдан Арқаға қоныс аударғанда ұжымды қарсы алып, орналастыру жұмыстарына атсалыстыңыз. Осында келген журналистердің пәтер алуына көмектестіңіз. Осы еңбегіңізді әріптестеріңіз ерекше құрметпен айтады», деп оған бас директор Д.Қамзабекұлының құттықтауын тапсырды.
Шын мәнінде, «тоқтамайтын» Тоқтағазиннің бойында сан түрлі қасиет тоғысқан. Ол жүйрік журналист қана емес, ізденімпаз ғалым. Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың туындылары негізінде кандидаттық диссертация қорғап, ғылымда айшықты қолтаңбасын даралады. Бүгінге дейін оның журналистиканың өзекті мәселелерін кешенді зерттеген 2 монографиясы мен 2 оқу құралы жарық көрген. Сонымен бірге 80-нен астам ғылыми зерттеу мақалалары халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған.
Бір сөзбен айтқанда, конференция барысында қанаттас, қаламдас достары абыройлы азаматтың шығармашылығы мен елгезек болмысы туралы салмақты сөз сөйледі. Ғалымдар ғылыми еңбектері жайында байыпты баяндама жасады. Сондай-ақ мерейтой иесіне Еуразия ұлттық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен «Күлтегін» медалі берілді. Ал жерлестерінің сәлемін алып келген Абай облысы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Молдабаев «Аягөз ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін табыс етті.