Кұдайбергеннің ғылымға қызығушылығы мектеп кезінде басталған. Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде ол Айзек Әзімовтің роботтар туралы әңгімелеріне әуестеніп, болашағын роботтехникамен байланыстырады. Осыдан кейін инновациялық жобалар жасауды армандайды. Инженердің арманы Назарбаев университетінде оқып жүргенде орындалады. Ол өзі секілді студент жастармен бірігіп алғашқы жобасын жүзеге асырады.
«Алғашқы стартап студенттік кезімде пайда болды. 2018 жылы курстастарыммен бірге рентген суреттері арқылы 14 түрлі ауруды анықтайтын радиологиялық жасанды интеллект жобасын жасап шығардық. «IEEE EMBC» атты биомедициналық конференцияда жобаны таныстырып, оны коммерцияландыруды жоспарладық. Бірақ стартапты уақытша тоқтатуға тура келді, себебі медициналық технологиялар саласын дамытуға көбірек тәжірибе қажет болды, ал елімізде бұл сала жеткілікті деңгейде дамымаған. Сондықтан шетелдегі «MedTech» саласындағы бизнестің қалай жүргізілетінін көргім келді», дейді ол.
Шетелге барып, білімін жетілдіруге шешім қабылдаған Құдайберген «Erasmus Mundus Joint Master’s Degree» бағдарламасына қатысуға өтініш беріп, Франция, Италия, Испания елдерінде оқиды. Бұл ізденіс оған медициналық суреттерді өңдеу саласында терең білім алуға мүмкіндік берген. Оның айтуынша, бағдарламаның артықшылығы да көп.
«Осындай оқу бағдарламалары тәжірибе жинауға көп көмектеседі. Сондықтан ізденіс жолында жүрген жандарға мүмкіндікті пайдалануға кеңес беремін. Жасанды интеллектіден бастап деректі фильм түсіруге дейін әртүрлі мамандықты игеруге болады. Ең бастысы, бұл білім тегін, университет ұшу шығындарын да өтеп береді, стипендиясы да жоғары. Қойылатын негізгі талаптар – бакалавр дәрежесінің болуы мен ағылшын тілін жақсы меңгеру» дейді инженер.
Оқуды тәмамдағаннан кейін Құдайберген Еуропадағы ірі компанияларда жұмыс істейді. Магистратурада оқып жүрген кезінде Кұдайберген тәжірибеден өту үшін Мюнхендегі «iThera Medical» компаниясына қабылданады. Мұнда ол ультрадыбыстық суреттерді қажетсіз шудан тазарту алгоритмін жасаумен айналысқан. Кейін «Лейпцигтегі Raylytic» компаниясынан шақырту алып, рентген суреттерінен омыртқаның спиндік параметрлерін есептейтін алгоритм жасап, осы тақырыпта ғылыми мақала жариялайды.
«Оқу соңында университет тәжірибе өтетін компаниялар тізімін ұсынды. Бірақ мен жобамды жетілдіруге қатысты тәжірибе жинағым келді. Лайық орынды әбден іздеп, «Мюнхендегі iThera Medical» компаниясына қабылдандым. Онда УДЗ суреттерінен қажетсіз шуды тазартатын жасанды интеллект алгоритмін жазумен айналыстым. Кейін компания «software engineer» ретінде қалуды ұсынды. Алайда жасанды интеллект саласында жұмысымды жалғастыруды таңдадым. Сондықтан басқа жұмыс іздедім. 70-ке жуық компанияға өтініш беріп, бір ай бойы сұхбаттарға қатыстым. Нәтижесінде, Германияның Лейпциг қаласындағы «Raylytic» компаниясынан ұсыныс алдым. Мұнда рентген суреттеріндегі омыртқа параметрлерін есептейтін алгоритм жасаумен айналыстым», дейді Құдайберген Орынбаев.
Тәжірибе жинағаннан кейін Құдайберген жеке стартапын құруға бел буған. Ол Парижде «Entrepreneur First» бағдарламасына қатысып, серіктесімен бірге медициналық технологиялар саласында өнім әзірлеуге талпынып та көрген. Алайда еуропалық «MedTech» нарығының күрделі әрі ұзақмерзімді үдерістерінің көп болуынан жоба тоқтап қалған. Бұл сәтсіздікке қарамастан, Құдайбергеннің стартапқа деген қызығушылығы арта түседі. Табанды еңбегі мен талпынысының арқасында қазір ол Парижде орналасқан жаңа стартаптың тең құрылтайшысы. Компания спорттық іс-шараларды түсіруге арналған автономды роботтандырылған камера әзірлеумен айналысады. Бұл камера жасанды интеллектінің көмегімен футбол матчтарын автоматты түрде түсіреді.
«Бір жыл жұмыс істеген соң өз жобамды жасауға дайын екенімді түсіндім. Париждегі «Entrepreneur First» бағдарламасына қатысып, серіктес тауып, ойларымды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Француз серіктесіммен бірге эндометриозды анықтайтын өнім жасадық. Бірақ «MedTech» нарығына шығу өте қиын үдеріс болды. Нәтижесінде, жобаны тоқтатуға тура келді. Қазір париждік стартап аясында екінші және үшінші лигадағы футбол матчтарын түсіруге арналған автономды камера жасап жатырмыз. Қазіргі уақытта 80 мың еуро инвестиция тарттық. Осы жылдың қазан айында Марракеште алғашқы ресми матчты түсірдік», дейді өнертапқыш.
Құдайберген болашақта жинаған білімін отандастырымызбен бөлісіп, жастарға жаңа мүмкіндіктер жасауға ниетті. Қазірдің өзін де инженер «Aqtobe Hub» алаңында дәріс оқып, жерлестеріне өз тәжірибесін бөлісіп отырады екен.
«Жақында «Aqtobe Hub»-та Еуропадағы медтех кәсіпкерлік туралы дәріс оқыдым. Болашақта да өз білімімді бөлісіп, отандастырымызға Еуропада білім алу немесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болуына көмектескім келеді. Париж – жасанды интеллект саласындағы маңызды орталықтардың бірі. Отандық стартаптар Еуропа нарығына шығуды қаласа, нетворкинкке ерекше көңіл бөлуі керек», дейді Қ.Орынбаев.
Жас инженердің тәжірибесі еліміздегі ғылым мен технология саласының шетелдік экожүйемен байланысын нығайтудың маңызды екенін айқындайды. Ол еліміздегі мамандарға бәсекеге қабілетті білім мен тәжірибе жинақтау қажеттілігін көрсетіп, халықаралық деңгейге шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге үлес қосып отыр.