Еске салсақ, былтыр «Абай» баспасынан шыққан 35 кітаптың тұсаукесері өткен кезде баспа ұжымы «Алдағы жылы қазақтың көркем әдебиет туындыларын 100 томдыққа жеткіземіз» деген уәде берген еді. Биыл баспа сол уәдесін артығымен орындап, жүз елуден астам кітап жарық көріп, оқырманға жол тартты.
Көркем әдебиеттен бөлек, баспаның қоржыны биыл құнды діни-рухани бағыттағы, тарих саласы бойынша қызықты кітаптар мен ауыз әдебиетінің жауһарларымен де толықты. Атап айтсақ, «Ұлы тарих және ұлы әулиелер», «Ұлы дала ақиқаты», «Тараз – өркениеттер өрімдерінің куәгері», «Қарахан баба мен Айша бибі», Алтыбармақ бабамыздың «Мұхаммедтің пайғамбарлық дәлелдері», «Тұрмыс-салт жырлары», «Батырлық жыр-дастандар», «Лиро-эпостық жырлар», «Тұрмыс-салт ертегілері», «Аңыз-әңгімелер», «Қиял-ғажайып ертегілер», «Ауыз әдебиетінің шағын түрлері», «Хайуанаттар туралы ертегілер», тағы басқалар.
«Абай» баспасынан жарық көрген көркем әдебиет кітаптарының көшін Дулат Бабатайұлы, Хакім Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бастап, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлерінің шығармалары мен кеңес одағы заманының әйгілі қаламгерлері жалғастырады. Сонымен қатар аталған баспа оқырманның сөресін тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен белгілі жас авторлардың шығармаларымен толықтырып отыр.
Жаңа кітаптар әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде, бояуы бай, бірегей дизайнда жасақталып, өзіне тән тартымдылығымен ерекшеленеді. Бұдан бөлек биылғы тұсаукесерде «Абай» баспасы қазақ авторлары мен отандық баспалар үшін тағы бір тосын сый жасады. Ол – электрондық және аудиокітаптар жарияланатын бірегей интернет платформа. «Bookstagram» деп аталатын мобильдік қосымша арқылы баспа енді қалың оқырманға қазақ кітаптарын қолжетімді етіп бергісі келеді. Бұл мобильдік қосымшаны дамытып, елдің сүйікті онлайн кітапханасына айналдыру арқылы қазіргі таңда авторлық құқықтарды өрескел бұзып, қазақ кітаптарын түрлі әлеуметтік желі арқылы жөнсіз таратып жатқан пираттық қосымшаларға тосқауыл қоймақ.
Баспа ұжымы электронды кітаптар платформасын азиялық «Amazon» деңгейіне көтереміз деп мақсат қойып отыр. Яғни ең алдымен платформада қазақ кітаптарын жариялап, тестілеуден өткізіп, алдағы жылдары «Түркістан аймағы» деп аталатын халықаралық өңірдің нарығына шығуды көздейді. Аталған платформа арқылы күллі түркітілдес авторлардың басын біріктіріп, болашақта интернет кеңістікте түркітілдес әдеби, ғылыми кітаптардың ортақ әлемін қалыптастырмақ.
«Сүмбіле жұлдызы туғанда» деген кітабым шықты. Мұнда бұрынғы өлеңдеріммен қатар жаңа жазылған «Жасыл түн» деген поэмам кіріп отыр. Әрине, сөзсіз қуаныштымын. Мұндай игі бастама мен үшін ғана емес, барша қаламгер үшін үлкен бір жақсылық деп ойлаймын», дейді ақын Мұрат Шаймаран.
«Ұлы ағартушылардан бастап бүкіл қазақтың ауыз әдебиеті, фольклоры бар – соның бәрін қосқан кезде қырық пайызын құрайды. Ал қалған қырық пайызы – кеңес өкіметі мен тәуелсіз замандағы өмір сүрген біздің классик ақын-жазушыларымыз. Қалған бөлігі жас авторлармен толықтырылып отыр», дейді «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек.
Айта кетейік, «Абай» баспасы барлық кітапты өз қаржысына шығарып, сатып, авторларға қомақты қаламақы төлейтін жағдайға да жетті. Биылдың өзінде 50-ден астам автор мен қайтыс болған авторлардың мұрагерлері «Абай» баспасынан түрлі сомадағы қаламақы алды. Ал алдағы жылы кітап ассортиментін көбейтіп, қоғамды кітап оқуға шақыратын бірқатар қызықты жоба ұсынбақ.