Басқосуда А.Сарбасов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі саналатынын айтты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама шеңберінде министрлік жыл сайын құрылымдық бөлімшелердің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді. Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргіздік. Мемлекеттік еңбек инспекция комитетінің аумақтық департаменттерінің барлық қызметкері мемлекеттік қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулері туралы нақты білуге тиіс», деді А.Сарбасов.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мұрат Мұратбеков инспекцияның негізгі міндеттері туралы әңгімелеп берді. Оның ішінде Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмысшылардың құқығы мен бостандығын қорғау, жұмысшы мен жұмыс берушінің өтінішін, арыз-шағымдарын қарау міндеті жөнінде кеңінен баяндады.
«Биыл жыл басынан қарашаға дейін еңбек ұжымдарында 4552 тексеру жүргізіліп, 7146 бұзушылық анықталды. Жұмыс берушілерге 338,9 млн теңгеден астам сомаға 3207 әкімшілік айыппұл салынды. Биыл сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін департамент басшылары мен олардың тікелей бағынысты қызметкерлерін жауапқа тарту фактілері тіркелген жоқ. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің жемқорлықты жою жөніндегі негізгі міндеттерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жетілдіру. 15 облыста Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметіне қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша жемқорлыққа баруға ықпал ететін себептер анықталды. Әр оны болдырмау жөнінде жұмыстар жүргізілді», деді М.Мұратбеков.
Кездесу соңында А.Сарбасов Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен оның аумақтық бөлімшелерінің басшылығына 2025 жылға арналған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды.