Қоғам • 19 Қараша, 2024

Бейғамдық қатерге ұрындырады

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылыту маусымы бас­талғаннан «Газдан уланып, иіс тиіп қайтыс бо­лып­ты», «Бүтін бір отбасы газдан уланыпты» деген сипатта ақ­па­­рат­тар бірінен соң бірі лезде тарап жататыны рас. Тіпті кейде апта ішінде 2-3 суыт хабар жетеді. Қаралы оқиға бала тәр­­биелеп отырған әр­бір отба­сы­ның қа­быр­­ғасына батады. Ма­ман­дар мұндай жай­­­сыз жағдайдың алдын алу үшін жылыту мау­­сымына ерте бастан қам­­­данып, қауіп­сіздік шара­­­­­ларын қатаң сақ­тау­­ға кеңес бе­ре­ді.

Бейғамдық қатерге ұрындырады

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Күн райына байланыс­ты биыл жылыту маусымы кейбір өңір­лерде мезгілінен ерте басталды. Тұрғындар жылдағыдай газды еш қиын­­дықсыз қосты. Үйдің жы­луын емін-еркін бақылап отыр. Та­биғи көгілдір отын тұтынушыға тиімді, жайлы болғанымен, кейде қара­пайым қауіпсіздік шараларын ескермейтіндер та­бы­лады. Табиғи газ – метан. Иіссіз әрі түссіз. Қаупі де сонда. Сондықтан үйіне көгілдір отын кіргізген әр отбасы газ мамандарының кеңесін мұқият орындағаны абзал. Қалай дегенде де, әркім өзінің үйіне, отбасы­ның амандығына өзі жа­уапты.

Елдің барлық аймағында тұтыну­шыға газ жеткізетін «QazaqGaz Aimaq» ак­цио­нерлік қоғамының мамандары тұрғындар арасында тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндірме жұмысын жиі жүргізеді. Статис­ти­калық деректерге зер салсақ, сол түсіндірме жұ­мысы аздық етіп жатыр ма деген ойға қаласың. Мы­салы, 2022 жылдан бері ел көлемінде 65 рет газ жарылу дерегі тіркеліпті. Газдан улану оқиғасы осы мерзімде 232-ге жеткен. Ал зардап шеккендердің саны 634 болса, 233 адам қаза тапқан.

Арыға бармай-ақ қоя­лық, жуықта болған бір­неше жайтты мысал ете­йік. Қызылорда қала­сын­­да зақым­данған мұржа салдары­нан үш адам газдан уланып қайтыс болған. Арал қаласында газ жарылып, екі адам зардап шек­кен. Сондағысы үй иесі газ қосатын орынды рұқсат қағазы былай тұрсын, біліктілігі жоқ маман­ға жаса­тыпты, яғни монтаж жұмыс­та­ры кезін­де қауіпсіздік шараларын сақтамаудың соңы жарылыспен аяқталып отыр. Тағы бір төтенше жағдай Маңғыстау облы­сы­ның Мұнайлы ауданында тіркелген. Онда қазандықтың мұржасы сыр беріп, жеті адам газдан улан­ған. Абырой болғанда тұрғындар ажалдан аман қалыпты.

Өкінішке қарай, сақтық шараларына селқос қарау­дың салдарынан туған осындай оқыс оқиғалар көп. Мұндай жайттар газ жаб­дығын тұрақты тексеріп отыру­дың маңызын ұқ­ты­рады. Орны толмас өкінішке апаратын оқиға­лар­дың алдын алу үшін қыста мұр­жаны білікті маманға бір тексертіп алу артық етпейді. Техникалық қызмет көрсету мен қауіп­сіз­дік ережелерін әр тұтынушы қатаң сақтаса, қаперден шығармаса, оқыс оқиғалар да тыйылады.

Газға жауапты мамандар тұрғын­дарды мұржаларды үнемі тазалап, тексеруге, қауіпсіздікке салғырт қара­мауға шақырады. Мұр­жаның бүтіндігін, бітел­меуін қадағалап, түтін тар­татын құрылғыны үне­­мі тексеріп отыруды ес­кер­теді. Әсіресе қыс мез­­гілінде мұржаға мұз қатуы мүмкін. Сондықтан газ жабдығын пайдаланар кезде газды автоматты түрде өшіретін дабыл орнату еш артық етпейді. Сосын тұтынушылар газды қосарда, жалғайтын кезде немесе орнын ауыстырарда білікті маманның көмегіне жүгінгені абзал. Өйткені күмәнді немесе қолдан жасалған газ қон­дырғыларының бағасы тиімді болғанымен, сапасына ешкім кепілдік бере алмайды.