Шаруашылық • 19 Қараша, 2024

Қазақстанда жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институты құрылды

105 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15 қарашада Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы аясында Мемлекет басшысы Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құрылды. Мекеме «Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы» құрамында, деп хабарлайды Egemen.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру  институты құрылды

Фото: АШМ

Айта кетейік, жаңа құрылған институттың жұмысы – асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартуға, жылқы шаруашылығын белсенді дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыру көзделіп отыр.

Ведомствоның мәліметінше, жергілікті қостанай, адай және соғымға арналған мұғалжар, жәбе, күшім генотиптерін көбейту үшін селлекциялық және асылдандыру бағытында жұмыстар белсенді жүргізілмек. Ол үшін жылқылардың әртүрлі генетикалық топтары туралы ақпаратты сақтайтын деректер қорын және ұрықтар мен эмбриондар банкі құрылмақ. Сондай-ақ, биелерді қолдан ұрықтандыру зертханалық пунктін салып, арнайы жылқы өсіруші мамандарын дайындау жоспарланып отыр. Арнайы жылқы ветеринарлық клиникасын ашу арқылы ветеринариялық қызмет көрсету деңгейінің сапасы жақсарады.

«2035 жылға дейін жылқы шаруашылығында ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының бірі отандық популяциядағы жылқылардың генетикалық әлеуетін селекциялық, технологиялық әдістермен арттырып, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің тауар шаруашылықтарына кеңінен енгізу. Мұның бәрі өсірілетін тұқымдардың өнімділігінің 20-25%-ға өсуін қамтамасыз етеді.Белгіленген жоспарларды іске асырудың негізгі шарттарының бірі шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен, университеттермен және халықаралық стандартқа сай зертханаларымен бірлесе жұмыс істеу. Бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру және шетелдік әріптестермен ақпарат алмасу арқылы еліміздің жылқы шаруашылығына озық тәжірибелерді енгізуге және оны халықаралық аренада бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік бар», делінген хабарламада.