Мәдениет • 19 Қараша, 2024

Алматы әкімі Франкфурт кітап жәрмеңкесінің өкілдерін қабылдады

79 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Қазақстанға іс-сапармен келген Франкфурт кітап жәрмеңкесінің атқарушы директоры және президенті Юрген Боосты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы әкімі Франкфурт кітап жәрмеңкесінің өкілдерін қабылдады

Frankfurter Buchmesse әлемдегі ең ірі кітап көрмесі саналады. Оған қатысушы елдердің қатары жыл сайын артып келеді. Осыған орай Frankfurter Buchmesse атқарушы директоры және президенті Юрген Боос кітап ісі саласынағы ынтымақтастықты дамыта отырып, Алматы қаласындағы кітапханалар, баспалар, кітап шығару ісіне қызығушылық білдірді.

Кездесуде шаһар басшысы Ерболат Досаев Франкфурттен келген қонақтарға оңтүстік мегаполис туралы ақпарат беріп, қаланың мәдени өмірімен таныстырды. Қазіргі кезде қала әкімшілігі тарапынан кітапханаларды жетілдіру мен жаңарту барысына көңіл бөлініп, инновациялық, креативті шешімдер енгізілуде. Мұнымен қоса қала басшысы құрметті меймандарға қала инфрақұрылымы, әсіресе, заманауи қоғамдық көліктерді дамытуға қатысты аз-кем ақпарат беріп өтті.

Ерболат Досаев атап өткендей, қала жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Осы ретте мегаполистің мәдени өміріне де баса назар аудару маңызды. Қазіргі кезде кітапханаларға келушілердің санына қарап, қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын жоғары екенін көруге болады.

«Соңғы жылдарда электронды кітаптарға деген сұраныстың артқанына қарамастан, қағазға басылған кітаптың өміршең екендігі күмән туғызбайды. Қазіргі кезде қаладағы кітапханалардың 95 пайызы жаңартылды. Қаланың барлық аудандарында жаңа, замануи кітапханалар ашып, сауда ойын-сауық, комьюнити орталықтарында автономды кітапханалар орнатылып жатыр.  Сонымен қатар жазушылар мен қазіргі заман авторлары әкімдік тарапынан үлкен қолдауға ие» деп атап өтті қала басшысы.

Өз кезегінде Юрген Босс Франкфурт делегациясының Алматыға арнайы келгенін әрі жазушылар мен жергілікті авторлар үшін семинарлар өткізіп, ауқымды кітап жәрмеңкелерін өткізуге байланысты кеңес беруге дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Frankfurter Buchmesse жәрмеңкелер өткізумен ғана емес, баспа ісімен де айналысады. Баспа саласы ұзақ уақытты алатын үрдіс болғандықтан, оның барысында тәжірибе алмасу маңызды. Бұған дейін Мексика, Оңтүстік Африка елдері, Біріккен Араб Әмірліктерінде болып кітап жәрмеңкесін ұйымдастырушылармен кездесіп, семинарлар өткізгенін атап өткен мәртебелі мейман Қазақстан тарапын келер жылы Франкфурт көрмесіне құрметті қонақ болуға шақырды. Бүгінде әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің жарнамасын жер-жаһанға жария етіп отырған Франкфурт кітап көрмесіне Қазақстан авторларының, қазақ қаламгерлерінің қатысуы әлемдік кеңістікке жол ашып қана қоймай, әдеби-мәдени ықпалдастықтың қарқын алуына ықпал етеді.

Тараптар кездесу соңында келер жылға қарай бірлескен жобаларды іске асыруға, іскерлік байланысты нығайтуға уәделесті.