Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізді. Республикалық мониторингтің қорытындылары туралы Ғани Бейсембаев баяндады.
Оқу-ағарту министрі республикалық мониторинг қорытындысында мектептегі тамақтандырудың ұйымдастырылу сапасына қатысты сұрақтардың туындауы атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылаудың жеткіліксіздігін көрсеткенін, сондай-ақ мұны заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де анық аңғаруға болатынын атап өтті. Мониторинг тобы заң талаптарын бұзылуы бойынша 771 фактіні анықтаған.
Сондай-ақ Министрлік мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша кешенді бағалау жүргізді. Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Оның нәтижесінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды.
«Қазіргі таңда Министрлік мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда», деп қорытындылады Ғани Бейсембаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министрлік талаптарды күшейтіп, білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты 7 нормативті-құқықтық актіні қайта қараған болатын.