Бір күні Томас Эдисон мектептен үйіне қайтып келіп, мұғалімнің хатын анасына береді. Анасы хатты оқып, көзіне жас алып, ұлына: «Сіздің ұлыңыз – данышпан. Бұл мектеп тым кішкентай. Мұнда балаңызды оқыта алатын мұғалімдер жоқ. Оны өзіңіз оқытуыңызды өтінеміз», деп жазылғанын жеткізеді. Көп жыл өтіп, анасы қайтыс болғаннан кейін Эдисон әлемге әйгілі өнертапқышқа айналған кезінде, отбасылық архивті ақтарып отырып, сол хатты тауып алады. Хатты ашып оқығанда, онда былай деп жазылғанын көреді: «Сіздің ұлыңыздың ақыл-ойы кем. Біз оны басқа оқушылармен бірге оқыта алмаймыз. Сондықтан оны үйде өзіңіз оқытқаныңыз жөн». Эдисон бірнеше сағат бойы жылап, кейін күнделігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-ойы кем бала болған. Бірақ өзінің батыр анасының арқасында ол заманының ең ұлы данышпанына айналды», деп жазады.
Ең көп шайпұл
Бағың жанса, миллионер болу бір-ақ сәт. Мәселен, Филлис Пензо сияқты даяшы болып жүріп байып кетуің әбден мүмкін.
Роберт Каннингем көп жыл бойы «Sal’s Pizzeria» пиццериясының тұрақты тұтынушысы болады. Мейрамханаға келген сайын оған Филлис Пензо атты даяшы қызмет көрсетіп келген. Бірде Роберт Филлиске шайпұл берудің орнына, лотерея билетіндегі сандарды бірге таңдауға ұсыныс тастаған. Егер ұтса, тең жартысын шайпұл ретінде беруге уәде береді. Бірнеше күннен кейін Роберт 6 миллион доллар ұтқанын біліп, Филлиске қоңырау шалып, оған 3 миллион доллар беретінін айтқан. Осы оқиғаны естіген ұтыс компаниясы оларға 21 жыл бойы жыл сайын 285 715 доллар төлеп отырған екен. Тіпті 1984 жылы шынайы оқиғаға негізделген фильм де түсірілген.
Суперкомпьютер
АҚШ-тың Лоуренс ұлттық зертханасы El Capitan суперкомпьютерін таныстырды. Бұл құрылғы бір секундта 1,7 квинтиллион операция орындап, Frontier мен Aurora суперкомпьютерлерін артта қалдырды.
«Hewlett Packard Enterprise» пен «AMD» компаниялары бірлесіп жасаған El Capitan – әлемдегі үшінші суперкомпьютер. Ол экзафлопс деңгейінде есептеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни бір секундта квинтиллионнан артық операция орындайды. Оның өнімділігі алдыңғы суперкомпьютердің мүмкіндігінен 20 есе артық. Бұл дегеніміз – бірнеше айға созылған есептеулерді енді бірнеше сағатта орындауға болады деген сөз. Суперкомпьютер 11 000 есептеу түйінімен жабдықталған, жады 5,4 петабайтты құрайды.