Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде киіктердің Орал популяциясы жылдан жылға көбейіп келеді. 2024 жылы көктемде төлдеуге дейін өткізілген санақ кезінде олардың саны 1 620 000 бас болған.
– Тамыз айында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев облысымызға іс-сапармен келген еді. Министр сол жолы жергілікті фермерлермен кездесті, Жәнібек ауданында Ресей Федерациясынан келген делегациямен кеңес өткізді. Жиында шекара бойында қажетті жерлерге киік үшін эко-дәліздер жасақтау жөнінде келісілді. Бұл жоба іске асқан жағдайда киіктің бір бөлігі көрші елге асып, біздің жерімізге жүктеме азаятын болады, – дейді Нұрлан Сағынтайұлы.
Инспекция басшысының «жүктеме» деп отырғаны – киіктен келген зардап. Батысқазақстандық шаруалар ақбөкеннің мөлшерден тыс көбеюі салдарынан жер азып, мал азығы қат болғанын айтып, дабыл қаққалы бірнеше жыл болды. Оңтүстік аудандарда фермерлер пішен жинай алмайды. Екпе шөп, егін шаруашылығымен айналысатындар алқабын киіктен қорып, күні-түні күзетіп, миллиондаған шығынға батып, сыммен қоршауға мәжбүр. Мемлекет «киіктен ауыл шаруашылығына келетін зардапты есептеудің алгоритмі жоқ» дегенмен, былтыр БҚО аумағында киіктер 1 289,7 мың га алқапты таптап, 1 207 шаруашылықтың егістігі, шабындығы мен жайылымына залал келтірілгені жөнінде хаттама жасалған. Алайда шаруалардың шырылы ескерусіз қалды. Өтемақы төленбеді.
Елімізде ақбөкенді қорғау бағытындағы жұмыстар өте сәтті жүріп, жойылып кетуге сәл қалған жануардың саны өскені, енді оның санын жасанды жолмен реттеу қажеттігі былтыр-ақ белгілі болған. Осы мәселені түбегейлі зерттеген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары киік санын реттеудің ғылыми негіздемесін жасады. Сөйтіп ғалым-сарапшылардың рұқсатымен киік популяциясының 20 пайызын жоюға рұқсат берілді. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында 226 мың бас киікті жою көзделді. Бірақ 2023 жылы бүкіл елімізде небәрі 42 мың киік ауланған. Жоспар неге орындалмады?
Мұның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, киікті аулауға рұқсат кеш, қазан айында ғана берілді. Мылтықпен ату, торға қамап ұстау әдістерінің өз қиындығы болды. Бірақ ең басты кемшілік – ауланған киік етін өңдеу, халыққа қолжетімді ету мәселесі жеткілікті ұйымдастырылмады. Жергілікті халық табиғи арзан еттің қызығын көрмеді деуге болады. Ауланған жануардың бас-сирағы, терісі, ішек-қарыны, өкпе-бауыры түгел ысырап болды. Тіпті көлік тола еттің бұзылып кетіп, далаға төгілгені жөнінде бейнежазбалар тарап кетті. Осының бәрі халықтың бір бөлігінде наразылығын тудырды. Ақбөкенді киелі санайтын халықтың ренішіне шетелдік, халықаралық ұйымдар тарапынан жасалған ескертулер қосылды. Ақыры мұның соңы Президенттің киік санын жасанды жолмен реттеуге тыйым салуымен аяқталды.
Дәл қазір мемлекеттің ұстанымы киікті де қорғаймыз, шаруаға да жәрдем береміз дегенге саяды. Бұрынғыша, ақбөкен мемлекеттің ерекше қорғауына алынған. «Охотзоопром» мекемесінің Батыс өңірлік филиалы инспекторлары қысы-жазы, күні-түні жезкиікті қаскөйлерден қорғап келеді. «Охотзоопром» филиалының 8 мобильдік тобында қазір 47 инспектор қызмет етеді. 20 авто-мотокөлігі, қаршанасы бар. Жыл басынан бері олар облыс аумағында «жануарлар дүниесін заңсыз алу және дериваттарын өткізу» оқиғасына қатысты 23 қылмыстық іс тіркеген.
– Бүгінгі таңда сотта 8 қылмыстық іс қаралып, 10 адам 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кейбір істер әлі тергеуде. Осы кезге дейін құқық бұзушылардан 4939 дана киік мүйізі тәркіленді. Осы қылмыстық істер бойынша мемлекет пайдасына 955 млн 305 мың теңге теңге залалды өндіру талабы қанағаттандырылды, – дейді Н.Рақымжанов.
Көріп отырғанымыздай, киікті қорғау өз күшінде. Ал осы киіктің кесірінен зардап шектік деген шаруаларға қолдау бар ма? Жалпы, соңғы жылдары киік саны күрт өсіп, шаруа қожалықтарының шабындықтарына, жайылымдарына, егістік алқаптарына үлкен залал келтіргенін Нұрлан Сағынтайұлының өзі де мойындап отыр.
– Осы орайда шаруа қожалықтарының егістік алқабын киіктен қорғау мақсатында облыста оперативтік штаб құрылып, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен бірнеше кеңес өткізілді. Ақпаратты жедел алмасу мақсатында WhatsApp әлеуметтік желісінде «БҚО аумағындағы киіктер мәселесі» атты топ ашылды. Сонымен қатар аталған жұмысты тиімді атқару мақсатында іс-қимыл алгоритмі жасақталды. «Охотзоопром» мекемесі мен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары шаруа қожалықтарының егістігін қорғау жұмысына үнемі сергек қарайды. Бұл жұмыстарға, облыста инспекторлар саны жетіспегендіктен, басқа өңірлерден де қосымша топтар тартылып келді. Қазірде «Охотзоопром» мекемесінің штат санын 112 адамға дейін ұлғайту, материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз ету жөнінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі тиісті шешім қабылдап жатыр, – дейді Нұрлан Сағынтайұлы.
Дегенмен киіктің жаппай көбеюі елге де, жерге де қиын болып тұр дейді Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында тұратын шаруалар. Оның себебі – миллиондаған жануардың тұяғына тапталған Еділ-Жайық арасы қазір әбден тозған. Мамандар әуелден-ақ бұл аумақта ақбөкен саны 500 мыңнан аспауы керек деп тұжырым жасаған. Өйткені тағы жануардың мөлшері одан артса, өңірдегі жемшөп пен су ресурсы тапшылық қылады. Осы өңірді жайлаған халықтың да негізгі күн көрісі төрт түлік мал екені белгілі. Ендеше киік санын реттеу керек деп шырылдаған жергілікті халықтың жанайқайы да негізсіз емес.
Міне, қараңыз, биыл күзде Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Бөкейордасы аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Облыс басшылығы мал азығын таппай қалған жергілікті тұрғындарды қолдау мақсатында осындай шешім шығарды. Облыс бюджетінен Бөкейордасы ауданына 798 млн теңге, Жәнібек ауданына 831 млн 522 мың теңге қаражат бөлініп, қос ауданның жеке шаруашылықтарына мал азығын тасымалдау шығыны өтелді. Биылғы қуаңшылыққа байланысты мал азығын жинай алмай, алаңдап отырған қарапайым халық арзан бағамен шөп алып, қыстың уайымынан құтылды.
Соңғы жылдары үнемі мал азығы тапшылығына ұшыраған фермерлердің біразы қазір екпе шөп егіп, «өз қотырын өзі қасуға» көше бастаған. Бірақ жоғарыда айтылғандай, ол алқапты киіктен қорғау қиын болып тұр. Желмен жарысқан жезкиік электр-бақташы секілді қоршау-кедергіге тоқтамайды, жайпап өтеді. Сондықтан шаруалар егіс алқабын кәдімгі сым тормен қоршауға көшкен. Бірақ оның да мехнаты көп, бағасы қымбат, екінің бірі жасай алмайды. «Ең болмаса мемлекет осы шығындарымыздың орнын толтыруға көмек етсе» дейді шаруалар. Бұл ұсыныс тиісті сала министрлерінің де құлағына жеткен.
Қазір Батыс Қазақстан облысының «қырында киік жайлаған» өңірлерінен алаңдаушылыққа толы ақпарат жиі келіп жатыр. Ол – ен далада өлген киіктің сүйегі шашылып жатқандығы. Түрлі ауруға ұшыраған, азып-тозған ақбөкеннің бейнежазбалары да әлеуметтік желілерді шарлап жүр.
«Шағын аумақта қандай да бір жануар мөлшерден тыс көбейіп кеткен жағдайда патология көбейіп, эпидемия тарап, жаппай қырылып қалу қаупі күшейе түседі. Біз қазірдің өзінде түрлі фото-бейне материалдарды көріп, сараптап отырмыз. Мұның зардабы үй жануарларына, тіпті адамдарға да тиюі мүмкін», дейді Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті жанындағы ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров.
«Киік санын азайту, реттеу оны қорғау мақсатынан туып отыр. Егер мұны ғылыми негіздеме арқылы біз жасамасақ, табиғат өзін-өзі реттейді. Бірақ ол кезде кеш болады», деген еді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, академик Асқар Нәметов.
Дәл осы Жәңгір хан университетінің ғалымдары ақбөкенге қатысты бірнеше ғылыми жоба жасап, жүзеге асырып жатқанын бұдан бұрын да хабарлаған едік. Ветеринария ғылымдарының докторы А.Әбдібекова, магистр А.Ищанова сынды мамандар ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ақбөкендер арасындағы гельминтоз, пастереллез секілді аурулардың таралуын зерттеп жүр. Сондай-ақ «Толық геномдық SNP-генотиптеу негізінде Saiga tatarica tatarica қазақстандық популяцияларының гендік қорын молекулалық-генетикалық талдау» атты үшжылдық жобаны жүзеге асырып жатқан ғалымдар тобының жұмысы да өзекті. 2025 жылы аяқталатын бұл жобаның нәтижесінде Saiga tatarica tatarica қазақстандық популяциясының генетикалық әртүрлілігі мен генетикалық саралау дәрежесіне бағалау жүргізіліп, киік генофондын сақтауға бағытталған ұсынымдар әзірленетін болады.
Бір қуанышты жаңалық – «Жабайы жануарлар (ақбөкендер) популяцияларының ауыл шаруашылығына әсерін экономикалық бағалау және одан келген зиянды азайту жолдары» жобасын орындаушы оралдық бір топ ғалым жақында ғана Қытай Халық Республикасындағы Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келген екен. Доцент, экономика ғылымдарының кандидаты Г.Әйешева мен аға оқытушы, экономика ғылымдарының магистрі К.Нұрсапина тарихы бай, ғылыми білім беру қызметінде ерекше жетістіктері бар ірі жоғары оқу орнында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарып, экологиялық мониторингке, табиғи ресурстарды басқаруға, тұрақты ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға заманауи тәсілдер пайдалану жөніндегі семинар жұмысына қатысқан. Жоба жетекшісі, доцент, экономика ғылымдарының кандидаты А.Қазамбаеваның айтуынша, осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Болашақта Қытай ғалымдары осы салада халықаралық білім, тәжірибе алмасуға Оралға келмекші. Ақбөкен дериваттарын өңдеп, әлемдік нарыққа сай өнім шығарып отырған қытайдың тәжірибесі бізге керек-ақ. Әйтпесе мемлекетттің қыруар қаржысын жұмсап, мыңғыртып өсірген ақбөкеннің пайдасын өзіміз көрмей, көрші мемлекетке өткізіп жіберу ақылға сыймайтын іс секілді...
Батыс Қазақстан облысы